Балаларға мектеп құралдары табысталды
«AMANAT» партиясының Астана қалалық филалының ұйымдастырумен «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Акция аясында елордалық 60-қа жуық отбасыға мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары үлестірілді.
Игілігі мол іс-шараға «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, елордалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова, саяси партияның аудан хатшылары, астаналық ата-аналар мен оқушылар қатысты.
«2014 жылдан бері дәстүрлі түрде партияның «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асып келеді. Аталмыш жоба негізінде «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы қатар өткізілуде. Сұранысы көп жобаға қатысу үшін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалына 1250 өтініш келіп түссе, бүгінде 750 отбасыға қолдау көрсетіледі. Еліміздің барлық өңірін қамтыған жобаның маңызы мен мәні зор. Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балалардың оқуға бастар қадамы қуанышқа толы болуы үшін оларды мектепке даярлап, жан-жақты көмек көрсету ісінде әркім азаматтық белсенділік танытатынына сенімдімін. Салауатты, сәтті әрі бақытты өмір негізі балалық шақта қаланды. Балалардың дамуына қолдау көрсету – қоғамның басты мақсаты» деді өз сөзінде «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
«Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы аясында басымдық әлеуметтік осал топтан шыққан бастауыш сынып оқушыларына берілді. Осылайша демеушілер мен қайырымды жандардың қолдауы арқасында оқушылардың жаңа оқу жылына дайындығына көмек көрсетілді.
Акцияның игілін көрген жандардың бірі, елордалық тұрғын әрі көпбалалы ана – Гүлнәр Ақтаева.
«Менің төрт балам бар. Оның екеуі – мектеп жасында. Балаларыма екінші жыл қатарынан екі мектеп сөмкесі мен керек-жарағын алып келемін. Акцияға қатысу үшін арнайы өтініш жазып, қабылдандым. Қазірде екі баланың мектеп сөмкесі мен кеңсе тауарын сатып алудың өзінде кемі 80 мың теңге қаржы жұмсалады. Сондықтан «AMANAT» партиясы ұйымдастырған акцияның қолдауы көп. Білім күні қарсаңында жаңа құрал-жабдықтарды алғанына балаларым мәз, мектепке қуана баратын болды. Ұйымдастырушыларға алғысымды білідіре, жоба жалғасын таба берсін деймін» деді Г.Ақтаева.
Индира Бержанова