Балалармен бірге ән салды
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістері «Бақытты шаңырақ» қорында қайырымдылық концертін берді.
Аталмыш қор мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қаржылық, моральдық, психологиялық және кәсіби көмек көрсетеді. Қор елордадағы 500-ге жуық отбасыны қамтиды. Оның жұмысының бір бағыты – балалар мен олардың отбасына қоғаммен еркін араласып, оның бір мүшесіне айналуға жәрдемдесу. Шығармашылық еңбектің, өнердің де рөлі өте зор. Шығармашылық арқылы балалар өзін қоғамның бір мүшесі екенін сезінеді.
«Сарыарқа» фольклорлық ансамблі мен филармония солистері Сәулежан Тағзия, Айбала Бейсенова, Парасат Отан репертуарындағы үздік шығармаларды орындаса, қордың балалары ән салып, би билеп, өлең оқыды.
Қоғамдық қор төрайымы Ботагөз Сұлтанова филармония ұжымына үнемі қолдау көрсететіні үшін алғыс хат тапсырды.
Баян Асылбекова