Қала тіршілігі

БАЛАЛЫҚ БАҒБАНЫ

АСТАНА ТАҢДАУЫ – 2012

Жаңылай Айсаққызы – №54 «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі. Ол – көп жылдардан бері осы саламен біте қайнасып келе жатқан майталман ұстаз.

Өмір жолын 1982-1987 жылдар аралығында Белград педагогикалық институтына түсуінен бастаған. Сонда орыс филологиясы мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Жұбайы өзі оқыған Целиноград ауылшаруашылығы институтына оқытушылыққа қалдырылған соң, осы қалаға басы бүтін көшіп келеді. 1988 жылы Целиноградтан өзіне лайықты жұмыс қарастырады. Қолындағы сәбиін ведомстволық балабақшаға орналастыру үшін өзі де сонда жұмысқа тұрады. Сол алғашқы еңбек өтілін бастаған мекемеден түлеп ұшқан педагог-маман қарапайым тәрбиешіден балабақшаның меңгерушілігіне дейін өсіп, көп жылдар бойы осы салада жемісті еңбек етіп келеді. 1996 жылы алғашқы балабақшада оның еңбегін елеп, ескерген басшылық әдіскерлікке көтермелейді.

Қайсарлығымен, жұмысқа жанын сала кірісетін ынтызарлығымен, еш қиындыққа мойымайтын жігерімен жүрген ортасының гүлі болып жайнаған Жаңылай апай – аз уақытта өзінің біліктілігін іс жүзінде дәлелдей алған ұстаз. 2005 жылы Астанадағы №36 «Балапан» балабақшасының меңгерушілігіне ұсынылып, сонда өзінің жинақтаған мол тәжірибесімен бөлісуді бастайды. Өзіне артылған жауапкершілікті үлкен абыроймен атқарады.

Қазіргі таңда ол Есілдің сол жағалауындағы «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Өзі меңгеріп отырған бақшадағы әр бүлдіршіннің есімін жатқа біледі. Басшылықта жүргенмен, өзінің ісіне деген ақ-адал махаббатының бір парасы деп түйсінген абзал мұғалімнің ерекшелігі болса керек. Оның бар шаруасы тек таңертеңмен ерте жұмысқа келіп, топтарды аралап, асхананы тексеріп шығумен тәмамдалмайды. Ол үшін әр балаға өзінің шуағын төгіп, ыстық ықыласпен назар аудару – мұғалімдік жұмыстың ең басты қасиеті. Балабақшада болып жатқан барлық іс-шараларға, ашық сабақтарға қатысуды да ұмытпайды. Білім беру үдерісін үнемі қатаң қадағалап отырады.

Қазір «Астана таңдауы» байқауына ұсынылып, оның еңбегіне сырттай тәнті болып жүрген астаналық тұрғындар аз еместігі байқалды. Мұны сайтта Жаңылай апайымызды қолдаушылардың саны анықтап беріп отыр. Олардың саны соңғы деректер бойынша – 3554. Астана күні бұл байқау мәресіне жетпек. Әзірге қатарластарының арасынан көш бастап келе жатқан тәжірибелі мұғалиманың еңбегі ел есінде, өзі өніп-өскен халықтың көзайымы болуына тілектестерінің ұсынуы ол үшін көңіл марқайтарлық зор қуаныш болыпты. «Мәселе тек жеңісте емес, мені ұсынып, еңбегімді елеп, өзіме аз да болса осындай құрмет көрсетіп жатқан ата-аналарға, барлық дауыс беріп жатқан астаналықтарға алғысым шексіз» деп ағынан жарылды әңгімелесе барған бізге Жаңылай Айсаққызы.

Ал, сайтта оны ұсынған ата-ананың: «Мен Жаңылай Айсаққызының балалардың есімін жатқа білетіні қуантады. Ол балалардың денсаулығы туралы мағлұмат алып, шаруашылық мәселелерді реттеп жүреді. Осындай құрметке лайық азаматты, білікті ұстазды барша халық таныса екен деймін!» осындай лебізіне ортақтасқан азаматтардың қатары байқау мәре сызығына жеткенше молая түсері де мүмкін. Ендеше, ел мақтаған ұстазды ел болып қолдау көрсетсе, несі айып. Жеңіс тек лайықтылар тұғырына айналсын!

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button