Басты ақпарат

Балалық бойтұмары

ERA_4568

Оқушылар сарайында қалалық Білім басқармасымен бірлесе отырып елорданың барлық бөбектеріне арналған «Балалық бойтұмары» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Ғимараттың алдыңғы алаңы мектеп оқушылары өнер көрсететін бес алаңқайға бөлінді. Бірінші алаңқайда бүлдіршіндер матаға сурет салса, екінші алаңқайға жас суретшілердің көрмесі қойылды. Үшінші алаң – хип-хоп би алаңы болып, төртіншісі – каратэ годзю-рю, тоғызқұмалақ, шахмат, таэквондо, арқан тарту, көңілді бастамалар сияқты спорт ойындарына арналды. Бесінші алаңқайда қызықты концерттік бағдарлама өткізілді. Мерекелік бағдарламаға Оқушылар сарайының барлық шығармашылық ұжымдары қатысып, әннен шашу шашып, биден өрнек тікті. Балақайлар асфальтқа Астанамыздың бас символы Бәйтеректі, көрікті ғимараттарды, қол ұстасқан бақытты отбасын бейнелеп жатты.
Оқушылар сарайындағы «изо» үйірмесіне қатысатын №53 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Мәдина Асылбекова салған суреттердің мәні ерекше. Жол жүру ережесін сақтау тақырыбында сурет салған ол: «Барлық балаларды жол ережесін сақтауға, жолда абайлап жүруге шақырамын» деді. Көрермен ретінде келген бүлдіршіндер арасында байқаулар жарияланып, балмұздақтар таратылды. Одан өзге көркем гимнастика және шин-киокушинкай каратэ бойынша қойылым көрсетілді. «Арт Фэшн Дизайн» студиясы жас сәнгерлерінің «Fashion.kz. Жаз-2013» жиынтығының жаңа көрсетілім дефилесі қонақтарға Оқушылар сарайының жас дизайнерлері мен сәнгерлерінің шеберліктерін тамашалауға мүмкіндік берді. Осылайша Оқушылар сарайының алаңында өткізілген думанды шара балалар мен ата-аналарды қуанышқа бөледі.

Шырақ БАЙКЕНОВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің ІІ курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button