Басты ақпаратБілім

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАҚЫТТЫ КАКОФОНИЯСЫ

Интерактивный парк

Какофония. «Какофония? Ол не?» деп ойлап үлгердіңіз ғой? Әдетте қолданыла бермейтін бұл сөзді ә дегеннен-ақ түсіне қойғандардың құлағына түрлі дыбыстар келіп жатқан болар. Анықтамасын жазбаймын, қазір-ақ белгілі болады. 

Оқушылар сарайына жолым түсіп, ішіне кіре қалсам, әрдайым осы бір какофонияны естимін. Бір қызығы, бір мезеттегі ол дыбыстардың қосындысы құлаққа жағымды әсер етіп, жаныңды баурап алады. Мұқият тыңдай қалсаң, қосылғыштың әрқайсы анықтала бастайды. Балдырғандардың бақытты күлкісі, тәтті сөздері, кішкентайлардың ата-анасына бұлданып, еркелей жылағаны, топырлаған жүрістің дүбірі – бәрі-бәрі бар ғой, шіркін! Иә, дүниедегі ең әдемі какофония Оқушылар сарайында деген ой келеді. Қазіргінің балаларына жасалған мүмкіндіктерге қызыққан біз Оқушылар сарайын аралау барысында балалардың сол мүмкіндікті қалай пайдаланып жатқанын білуді жөн көрдік.

         Аз-маз ресми деректерге сүйенсек, Оқушылар сарайында заман талабына сай  баланың шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған бас-аяғы 116 үйірме жұмыс істейді. Қосымша білім беру жүйесінің әртүрлі бағыттары топтастырылған бір шаңырақ астында бүгінде 9304 оқушы тәлім алады екен. Оның 5545-і бюджеттік негізде үйірмелерге тегін қатысады. Яғни, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ақысыз оқытылады.

         хоккей

Мектептен тыс бос уақытын тиімді ұйымдастырамын деген баланың алдында таңдау мүмкіндігі зор. Технопарк, ғылым қалашығы, чемпиондар лигасы, болашақ, шеберлер қаласы, дипломатиялық корпус сияқты үлкен бөлімдердің ішінде неше түрлі үйірмелер бар. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қымбат Іргебаеваның айтуынша, балалардың арасында спорттық секцияларға деген сұраныс ерекше жоғары екен. «Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, мәнерлеп сырғанау, хоккей, жүзу, дзюдо, карате, көркем гимнастика, шахмат және т.б. ұлттық және классикалық спорт түрлеріне арналған үйірмелер еліміздің болашақ спорт чемпиондарын қалыптастыратыны сөзсіз» деген сенімін білдірді Қымбат Іргебаева.

Білім мен ғылым жетекші саналатын ХХІ ғасырдың оқушыларға қояр басты талабы – зерттеу дағдысын жетілдіру, ғылыми жобалар мен зертханалық жұмыстармен айналысу болғандықтан, ең алдымен біз «ғылым қалашығын» аралап шықтық.

Ғылыми-зерттеу және сараптау қызметі, ғылымға баулу және ғылым мен техникаға икемі бар дарынды балаларды анықтау осы «Ғылым қалашығы» мен «Технопарк» бағыттарының жұмыстарынан айқын көрінеді. Мысалы, «Ғылым қалашығы» бағыты физика, астрономия, химия, математика, информатика, экология, анатомия, биология, география сынды барлық академиялық пәндерді қамтиды. Бұл пәндер мектепте де оқытылады, бірақ осы жерге келген баланың озық технологиялармен жабдықталған лабораторияларда практикалық жұмыстарды тереңірек зерттеуге мүмкіндігі бар. Әсіресе, «Биохимиялық зертханада» тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуге жауапты ДНҚ-ны алу, оны көбейту, молекулаларын тыңғылықты зерттеу үйретіледі.

«NextBio» үйірмесінде еліміздің өсімдік селекциясы жөніндегі жетістіктері баяндалып қана қоймай, оқушылардың өздері де өсімдіктің өсуін, дамуын, көбеюін, тыныс алуын, қоректенуін, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайына бейімделуін, яғни физиологиясын зерттейді.

_DCS2691Ал, «Технопарк» мынадай үйірмелерді қамтиды: интернет жобалау, электроника, робот техникасы, жас ғарышкер мектебі, компьютерлік графика, WEB  дизайн, автомодельдеу, бағдарламалау тілі, жас өнертапқыш және кеме құрастыру. Аталған алаңдардың негізгі принципі –ғылымға қызуғышылық танытқан оқушылар қолжетімді форматта жаңа технологияларды қолдану арқылы визуальді әлемге ене отырып, барлығын өз көзімен көріп, сезіне алады.

Сондай-ақ, Оқушылар сарайындағы жеткіншектерге жас полиглот болып, интерактивті формада әлемге белгілі тілдерді үйреніп, әр елдің ұлттық құндылықтарымен танысуға жағдай жасайтын «дипкорпус» жұмыс істейді. Соның аясындағы қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік, қытай тілдері үйірмелері арқасында лингва кеңістікке ену үшін билингвалды дамыту ортасы құрылды.

Сонымен, біз флористикаға қатысты «Жас натуралистер» үйірмесіне кіргенде, 5-6 жасар балалар сурет салып, біреуі қураған гүлдерден композияция жасап жатты. «Апай, апай, менің өрмекшіме қараңызшы. Дұрыс жасадым ба?» деп ұл бала жетекшісінің қасына жүгіріп келді. Мен де қарадым. Ермексаздың қоңыр, қара және ақ түсін пайдаланып, өрмек тоқыған өрмекшіні бейнелепті. Артынан үйірме жетекшісі айтқандай, біздің алдымызда ғана оқушылар жәндіктер мен өсімдіктердің қыс мезгіліне дайындалуы туралы сабақ өткен. Бұл үйірмеге қатысқан балалардың байқампаздығы қалыптасып, олар табиғаттың тілін түсіне бастайды екен. «Ботаникалық бақты аралатып, ондағы өсімдіктердің пайдасын, оған қандай күтім керек екенін әңгімелейміз. Сондай-ақ, адамға қандай әсері барын да үйретеміз. Мектеп бағдарламасын қайталамаймыз, керісінше ондағы білімді толықтыра түсеміз. Оқушыларым жыл басынан бері басталған дәптерге гүлдердің ғылыми аттарын, сипаттамасын жазып алып жүр. Мысалы, жұрт «әйел бақыты» дейтін  гүлдің «спатифиллум» аталатынын біледі» дейді Ирина Антанюк.

«Қыш және мүсін» үйірмесінің жұмыстарымен де танысып қайттық.

Осы өнерге баулитын мұғалім Еркінбек Сатыбалдыұлының айтуынша, балалар бұл жұмысты бар зейін ықыласымен жасайды. Әсіресе, құмыра құюға қызығады. «Өте пайдалы іс. Баланың моторикасы, ойлау қабілеті дамиды. Екі қолды бірдей іске қосу  арқылы мидың екі жақ бөлігінің жұмысы жақсара түседі» деді ол. «Осында қатысқаныма 1 айдың жүзі болды. Басым тынығып, керемет күйге бөленіп жүрмін. Болмашы нәрсеге ашуланатын едім, үйірменің арқасында сабырлы, тиянақты болып, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуге үйрендім» дейді 13 жастағы Жұлдыз Құсайын.

         «Сәндік қолданбалы өнер» үйірмесіне қатысатын қыздарға қарап көз тояды. Саусағынан бал тамған шебер қыздар өсіп келеді. Ине сабақтап, кесте тігіп, киізге ою-өрнек басып отыр. Жұмсақ ойыншық тігуді әлдеқашан меңгеріп алған. Қазан қаласында өтетін халықаралық көрмеге қоятын зергерлік бұйымдарды дайындап отыр екен. Қыздардың бірінен пікір алайын деген оймен «Газеттің сұрағына кім жауап береді?» дедім. Партада отырған оқушының сабақ айтарда қолын көтеретіні бар емес пе? Қаршадай қыз «мен айтайыншы» деп оң қолын көтерген қалпы алдыма жүгіріп келді. Балдай қылығы сүйсінтіп жіберді:

-Мен – Әминамын. Фамилиям – Бейсенбай,- «р»-ға тілі келмей, -елу төлтінші мектепте, бірінші сыныпта оқимын. Мен мұнда екінші жыл қатысып жүрмін. Гүл істеуді, канвада тігуді, ойыншықтар тігуді үйрендім. Сосын үйде ойыншықтарымды өзім киіндіремін. Ата-анама қолдан сыйлықтар жасаймын, – деді мақтанышпен.

Не бары 7 жастағы қыздың қолынан не келмейді десеңізші? Алғыр, өнерлі, жан-жақты балалар өсіп келеді.

Балалар «Шешендік өнер» үйірмесіне де үйір. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін меңгеріп, қандай да болсын ортада қысылмай, емін-еркін жүріп, тыңдаушысын баурап алып, кез келген адаммен тіл табыса кету өнеріне машықтану мақсатында келген балалар біздің көзімізше жетекшілері берген тақырыптағы этюдті мимикамен ашуға тырысты. «Дұрыс сөйлеуді дағдыға айналдыру үшін жақ пен ауыз қуысына, тыныс алу мүшелеріне арналған артикуляциялық жаттығулар жасатамын. Әңгіме жазу, отбасы мүшелерінің қимыл-қозғалыстарына пародия жасау, т.б үй тапсырмасы ретінде беріледі» деді аталмыш үйірменің мұғалімі.

ОранжереяАйтпақшы, оқушылар Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылған Ұлттық интерактивті паркті тиімді қолданып жүр. Дәліздің ішінен әрі-бері өткенде байқадық, балалар алдарындағы техниканың тілін меңгеріп алғаны сонша, кішігірім экранда шығатын түсіндірмелерді де оқуды қойған екен. Көп қондырғылардың сырын түсінген олар экспозициялардың танымдық қызметін білім игілігіне жұмсауды әдетке айналдырған сыңайлы.

Мінеки, жалт-жұлт еткен көк ғимараттың іші сыртқы көрінісінен де ғажап – тұтастай бір шығармашылық мүмкіндіктер әлемі. Қайнаған тіршілік – жас буынның ізденістері, арман-мақсаты, күш-жігері, болашаққа деген сенімі. Бірен-саран үйірменің қонағы болу арқылы қаншама позитивті энергия алғанымызды жасырмаймыз. Біздің кезімізде мұндай шаңырақ болмады. Сол жоқтың орнын толтыруға талпынғандай бүгінгінің балалары «Оқушылар сарайының» қадірін түсініп, бар жақсылығын көріп жүр. Жақсылықтың иісі сезілетін бұл киелі шаңырақтың какофониясы да ашық-жарқын шығатыны да сондықтан. Басым дауыстары қазақша естілді. Болашақтың үні ана тілінде сайрауда. Бұның бәрі – бал балалықтың бақытты какофониясы.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button