Баламалы қуат көздері қалай дамиды?

Қазақстанның жастары «АЗАМАТ» интеллектуалды бағдарламасында баламалы энергияның даму мәселесін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстанда күн бар, жел бар. Бірақ жарық неге жоқ? Энергетикалық тәуелсіздік пен баламалы қуат көздерін дамыту мәселесі «Азамат» атты республикалық пікірсайыс алаңында өткір қойылды. «Хабар» телеарнасында көрсетілетін интеллектуалды жоба осы жолы баламалы энергияның тиімді жолдарын іздеген студенттер бәсекесіне айналды.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері арасында өткен пікірсайыста тек теория емес, нақты деректер мен терең сараптама алға тартылды.
Энергия тапшылығының артқанына қарамастан, елдегі баламалы қуат көздерінің үлесі небәрі 6,43% ғана. Ақтөбелік студенттер жел және күн қуаты негізіндегі станциялардың құрылғылары 100% шетелден тасымалданатынын, бір турбинаның бағасы 1,5 миллион еуроға дейін жететінін алға тартты. Бұл өз кезегінде тарифтердің өсуіне, ал мемлекет тарапынан субсидияның қажеттілігіне әкеліп соғады.
Шымкенттік студенттер болса, энергия тапшылығын азайтуда баламалы қуат көздерінің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, елдегі жалпы тұтыну 120 миллиард киловатт-сағатқа жетсе де, 2,4 миллиард кВт/сағ жетіспейтінін нақты дерекпен дәлелдеді.
Қазылар алқасының шешімімен жеңіс Ақтөбе университетінің командасына бұйырды. Олардың ұсынған отандық өндірісті дамытуды және импортқа тәуелділікті азайтуды көздейтін ұсыныстары сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Бағдарлама төрешілері қатарында ҚР Энергетика министрлігінің өкілі Рүстем Қыдырбеков, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының» басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов, сондай-ақ Qazaq Debate қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды.
«Азамат» жобасы – ұлттық пікірсайыс мәдениетін жаңаша форматта қалыптастырып жатқан платформа. Бағдарламаны жүзеге асыруға ҚР Парламенті Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми қолдау көрсетіп отыр.