Басты ақпаратҚоғам

Балаң жаман болса, абыройың кетер

Жасөспірім тәрбиесі – болашақтың уығы дейміз. Өйткені келешек ұрпаққа бүгіннен бастап дұрыс бағыт-бағдар беріп, тура жолға сала білсек, еліміздің ертеңі де жарқын болмақ. «Баланы жастан» деп ата-бабамыз бала тәрбиесіне кәмелет жасқа толғанға дейін немқұрайлы қарамаған. Үлкен мән берген.

Шынтуайтына келгенде, балиғат жасына жетпеген жастар тәрбиесі салғырттықты, енжарлықты көтермейтін аса бір күрделі де, маңызды да, түйткілді шаруа десе де болады. Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» демеп пе еді.
Жасыратыны жоқ, мына ер-тоқымы бауырына түскен нарық заманында балалар да бесіктен белі шықпай жатып бұзақылық жасауға үйір болып барады. Әсіресе, мектеп оқушылары арасындағы бопсалау және жасөспірімдерге қарсы зорлық, одан қалды ұрлық-қарлық сияқты қылмыс түрлері белең алды. Оның сан қилы себеп-салдары бар. Өйткені балалардың барлығы бірдей отбасында жақсы тәлім-тәрбие алып жатыр деп ауыз толтырып айтудың өзі қиынның қиыны. Сондай-ақ маскүнемдікке салынып, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен жұрдай әке-шеше қатары да азаймай отырғаны ащы да болса шындық. Баланың қылмысқа бой ұруына мұның да кері әсер ететіні сөзсіз.
Одан қалды әлеуметтік жағдайлары да әртүрлі. Біреуінің тұрмыс жағдайы өте жақсы болса, екіншісінің тұрмысы өлместің күні десе де болады. Бұдан барлық бұзақылықты әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар ғана жасайды деген ой туындамауы керек. Әрине, төрт құбыласы тең, ештеңеден мұқтаждық көрмеген бала ерке-тотайлыққа салынып ойына келгенін істесе, қалтасы тесік, ештеңесі жоқ бала шарасыздықтан от басып жатады.
Осынау өзекті өртейтін қоғам қасіретімен ата-аналармен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері де бірлесе күресіп келеді. Соның бірі – ювеналды полиция. Бұл құрылым Нұр-Сұлтан қаласындағы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа ықпал ететін жайттарды анықтап, зерттеп, зерделеумен айналысып, қылмысты бұғаттауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырады. Қазіргі таңда бас қаламыз бойынша кәмелетке толмағандар саны 350 мыңды құрайды. Олармен тәрбиелік түсіністік жұмыстарын жүргізетін 32 тірек пунктінде 150 мыңға жуық полиция инспекторлары қызмет етеді. Қолдағы ақпаратқа жүгінсек, бұзақылықпен көзге түскен 200-ден астам жасөспірім арнайы есепке алынса, өздерінің ата-аналық борышына немқұрайлы қарайтын баласын оқыту, тәрбиелеу сынды парыздарын жүйелі орындамайтын, тұрмысы төмен 150-ден астам отбасы тіркеуде тұр.
Ағымдағы жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер тарапынан болған 2 мыңнан астам әкімшілік тәртіп бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының қарауына 60-тан астам іс жолданып, тиісті шешімдер қабылданса, қалалық Білім бас­қармасының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қараусыз, баспанасыз дала кезіп қалған 400-ден астам жасөспірім орналастырылған.
Иә, ювеналды полиция қызметкерлері жауапкершілік жүгі ауыр сын екенін жақсы түсінеді. Маңыз­дылығын да сезеді. Сол себепті де жас бүлдіршіндер өмірдің сан қатпарлы соқпақтарында сүрініп кетіп сан соғып қалмауын жіті қадағалап, қырағы күзетте жүр. Мектеп инспекторларымен ­қоян-қолтық араласып, дәрістер беріп, түсінік жұмыстарын жүргізіп, жедел профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырып, әр жұма сайын жергілікті рейдтер жасаудың нәтижесінде 5000-нан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Атам қазақ «Жақсы бала – сү­йініш, жаман бала – күйініш» деп бекер айтпаған ғой. Жасыратыны жоқ, бала тәрбиесі жеңіл-желпі мәселе емес. Осы орайда француз ағартушысы Жан-Жау Руссо: «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқ­ты, қалай тәрбиелесең, ол да солай тәрбиеленеді» деуі сөзімізге дәлел. Демек, бала тәрбиесіне жеңіл-желпі шаруа деп қарауға болмас. Осыншама ауқымды істің ауыртпалығы жасөспірімдермен қылмысқа қарсы күрес полиция­сының иығына түсетіні сөзсіз.
Жалпы ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы екені рас. Алайда өзекті өртейтіні – қоғамымызда жас бүлдіршіндердің араласуымен табиғатымызға жат, өрескел жайттар орын алып, жантүршігерлік келеңсіздіктер бой көрсетіп жүр. Нұр-Сұлтан қаласы ювеналды полицияның тәжірибелі қызметкерлерінің пайымдауынша, басты себеп ата-анасы балаға жеткілікті көңіл бөлмегендіктен әке-шешенің махаббаты, мейірімі жетіспейді екен. Ата-ана мен бала арасындағы мұндай қарым-қатынас рухани жұтаңдыққа, психологиялық күйзеліске ұшырататын көрінеді. Көптеген ата-ана баласының тамағын тоқ, көйлегін көк қыламыз деп жүріп бала тәрбиесінің кетеуін кетіріп алады. Содан қадағалаудың жоқтығын сезінген жеткіншек түрлі оқиғаларға тап болып жатады.
Ал қарапайым отбасынан шық­қан жас буын аста-төк жағдайда өсіп жатқан қатарласының тұрмысына, күнкөрісіне қызығады. Көзқарасы, психикасы өзгереді. Қатарынан қалғысы келмегендіктен ұрлық-қарлыққа барып, опық жеп жатады. Сондықтан да мәселенің бір шеті қоғамдағы тепе-теңсіздікке де әкеліп соқтырады екен.
Қазір қоғамымызда адам де­несін түршіктіретін уытты жағ­дай – балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау деректерінің жиілеп кетуі. Мектеп оқушыларының кәмелет жасқа толмай жа­тып жүкті болып қалуы да тө­бе көрсетіп қалып жатыр. Бұл орайда ювеналды полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен, психолог мамандармен бірлесіп, білім ордаларында ер және қыз балалармен жеке-жеке әңгімелесу арқылы тәрбие жұмыстарын қолға алды. Гинеколог дәрігерлер де 8-10-сынып оқушыларымен осы тақырып төңірегінде ашық сабақтар өткізіп келеді.
Міне, жадыраған жаз келіп, шіліңгір шілде басталып оқушылар демалысының қызықты күндері жалғасуда. «Қамысты бос ұстасаң қол кесер» демекші, полиция қызметкерлері бірде-бір баланың бос жүрмеуін басты назарда ұстап отырғанын айта кеткеніміз жөн. Өйткені алаңсыз екі қолға ермек таба алмай жүрген бала «ішінде арыстаны ойнап» кездейсоқ оқиғаға, келеңсіз жағдайға тап болуы әбден мүмкін. Баланың бос уақытын қызықты, пайдалы әрі мазмұнды өткізу міндеті инспекторларды да толғандырғандықтан, мәселенің мәнісін түбегейлі шешу бағытында балаларды қосымша жұмыстарға тартуды жүзеге асыруда. Елордадағы Есіл аудандық ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Аида Кадролдинова бізбен әңгімесінде: «Үш ай демалыста жасөспірімдер еркіндікті сезініп, арқаларын кеңге салмау үшін бос уақыттарын тиімді пайдалануға жұмылдырудамыз. Ата-аналардың төрттен бірі баласын қаржының жетіспеу­шілігі қолбайлау болғандықтан ақылы үйірмелер мен секцияларға жіберуге шамасы келмейді. Сондықтан біз есепте тұрған балаларға жазғы лагерьлерге, тіл курстарына, спорт, би, қол­өнер, түрлі музыкалық аспаптарда ойнауға үйрететін үйірмелерге, аулалық клубтарға жолдама береміз. Одан қалды, жұмыс істеймін, табыс табамын дейтін еңбекке жарамды балаларды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырамыз. Жас жеткіншектер кәмелетке толмағандықтан Еңбек кодексінің баптарына сәйкес құрылыс, бетон құю, вагоннан жүк түсіру, тиеу сынды ауыр жұмыстарға рұқсат бермейміз» деп ойын ортаға салды. Қазір есепте тұрған 100 бала жазғы лагерьде дем алып жатса, 20 бала жұмысқа орналасқан. Бұл, әрине, теңізге құйған тамшыдай болып көрінуі мүмкін. Дегенмен де қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ.
Жасөспірімдер арасындағы қыл­мыс өткен жылмен салыстыр­ғанда елу пайызға азайыпты. Бұл да болса ювеналды полиция инспекторларының қажырлы еңбегінің арқасы дер едім. Өмірдің мәнін ұғындырып, дүниелік таным көкжиегін кеңейтіп, оңы мен солын танып, ақ пен қараны ажыратуға дұрыс жол сілтеп жүрген олардың еңбегі дәріптеуге тұрарлық.
Кім баласын жаман болсын дейді?! Әр ата-ана өз баласына тек қана бақыт тілейтіні әлімсақтан белгілі. Шаранасы бесікте іңгәлап жатқанда-ақ балам қандай болып өседі екен, кім болады деп армандайтыны анық. Атам қазақ «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиет­терді жас ұрпаққа ұғындырып, із­гілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Әу бастан санасына сары қарынның қамын емес, халықтың қамын ойлауды сіңіріп өсірген. Олай болса «Балаң жаман болса, арың кетер» деген. Сондықтан желкілдеп өсіп келе жатқан әр жеткіншекті сотқар, бұзақы, қылмыскер етіп емес, туған еліне, жеріне пайдасы тиетін ұлтжанды, елдің тұтқасын ұстар тұлғалы азамат болып жетілуіне үн қосу баршамыздың ізгі борышымыз болмақ.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button