Басты ақпарат

Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаларын мектепке сақадай сай етіп даярлау – ата-ана үшін жауапты іс. Бірі қалтасына қарай көсілсе, енді бірі өз қалауына қарай дайындалады. Сатып алушылар баға қалтаны қағатынын айтады. Әсіресе мектепке бірнеше баласы баратындарға қиын. Кеңсе тауарлары да қымбаттаған. Сөмкелерге де баға әртүрлі. Ата-ана мүмкіндігіне қарай алып жатыр. Сатушылардың айтуынша, бір баланы мектепке дайындау үшін биыл орташа есеппен кем дегенде 50-60 мың теңге (былтыр 30-40 мың теңге) керек екенін айтады.

[smartslider3 slider=3697]

Ата-ананың жанайқайы

«Біз осы жылы 3 баланы мектепке жібереміз. Осы үш балаға бір қабат қана киім алуға жаз бойы тірнектеп жинаған ақшамыз жетпей қалды» деп жазады астаналық Бердібек Хабай өзінің Facebook парақшасында. «Мысалы, сөмкенің ең арзаны – 8000 теңге×3, аяқ киімнің ең арзаны – 9000 теңге×3, ұлға костюмның ең арзаны – 22000 теңге шамасында. Дәптер, қалам, қарындаш, сызғыш, өшіргіш, бояу, т. б. ұсақ-түйекке бақандай 32000 теңге кетті. 9-сынып пен 2-сыныпқа баратын қыздарыма ең қажет киіміне, дене шынықтыруға киетін киімі мен аяқ киіміне 58000 теңге кетті. Сонымен қойшы, 200000 теңге ақшамыз барлығына жетпей, томсырайып үйге келдік. Балаларға тіпті балмұздақ та алып бере алмай қалдық қой. Рас айтамын. Енді отырмын, күз келеді, тағы аяқ киім, жылы күздік киім керек. Сосын қылышын сүйретіп қыс келеді, онда не боламыз деп… Жаратқан сабыр берсін дейміз, не дейміз?!» дейді ол.

Базардағы баға қандай?

Мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасын білмекке «Астаналық базар» сауда үйі жанындағы ашық алаңдағы мектеп жәрмеңкесіне барған болатынбыз. Киімнің сапасына қарай бағасы белгіленген. Мәселен, қыз балаға форма 5500 теңгеден жоғары, фартуктің бағасы – 2000-2500 теңге аралығында (былтыр 1500 теңге). Ұл балалар костюмінің бағасы – 20000 теңге (былтыр 8000-10000 теңге). Жейделердің бағасы – 4500 аралығында (былтыр 2000-3500 теңге). Ал галстуктер 1000 теңгеден (былтыр 400-600 теңге) басталады. Спорт костюм­дерін 4 мыңнан 9 мың теңгеге дейін алуға болады. Кеңсе тауарлары біраз қымбаттаған: күнделіктің бағасы былтыр 350 теңге болса, биыл 700 теңге. 1 дәптер 40 теңгеден (бұрын 10 теңге), бір жерден барлық кеңсе тауарларын, оқу құралдарын алатын болса, жеңілдік жасап, дәптерді 30 теңгеден алуға болады. Сөмкелер былтыр 3500-ден басталатын, биыл 5000-нан бастап алуға болады. Ресейдің рюкзактары – 9-10 мың теңге аралығында. Бір оқушыға оқу құралдарын алу кемінде 30 мыңға түседі. Қыз бала 15 мың теңгеге киінсе, ұл бала 30 мыңға мектепке баруға дайын болады. Мұның бәрі – Бішкектен, Қытайдан келген тауарлар. Ал ресейлік, түркиялық киім бағасы бұдан әлдеқайда жоғары.

Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгеріс енгізді. Осының нәтижесінде әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам баланы мектепке да­йындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді

Оқу құралдары неге қымбаттады?

Отандық дүкендер сөрелерінде ұсынылған кеңсе тауарлары импортталады. Қазақстанға барлығы дерлік Ресейден, Қытайдан және Германиядан әкелінеді. Сонымен, баға валюта бағамының өзгеруіне байланысты.

«Қазақстанда біз күнделік пен дәптерді тек Шымкент пен Алматыда ғана шығара аламыз. Қалған кеңсе тауарын біз шығармаймыз. Бізде қалам мен қарындаш 50 пайыз­ға қымбаттады. Жалпы бізде тауардың көпшілігі 50 пайызға қымбаттады» дейді кеңсе тауарлары дүкенінің сатушы-кассирі Арай Жамалова.

1-сынып оқушысында күнделіктен, дәптерден, қалам мен қарындаштан басқа сурет салу альбомы, акварельді бояулар, түрлі түсті қағаз, картон, қайшы, желім, сызғыш және дәптер мен кітапқа арналған мұқаба болуы тиіс – рюкзакты есептемегенде, барлығы орта есеппен 12 мың теңге тұрады.

Мектепке дайындық қызу жүріп жатыр. Өңірлерде біз бірнеше онлайн және офлайн дүкендердің терезелерін, сондай-ақ базарларды зерттеп, мектеп рюкзагы мен оның мазмұны қанша тұратынын білдік.

– Менің ойымша, соңғы жылдары баға үш есе өсті. 1-сыныпта 20 теңгеге сатып алған дәптерден байқауға болады, қазір олардың саны 45-ке жетті, – дейді мектеп оқушысының анасы Жанар Қалжанова.

Үкіметтен жеткен жаңалық

400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл туралы жуырда Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлімдеді.

Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материал­дық көмек ережелеріне өзгеріс енгізді. Осының нәтижесінде әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.

«Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгеріс енгізілді. Енді ең төменгі көмек 37389 теңге болады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгеріс енгізілді. Енді ақша ата-ананың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдік сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты мәселе туындайтын» деді Дулат Жекебаев.

Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі.

«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен бірлесе мәселелерді талқылады. Нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын балаларға көмек көрсету ережелерін өзгерту үшін бастама көтерді. Негізгі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алатын барлық балаға 37389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бүгінгі таңда бұл сомадан да артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар бар. Біз мұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға оң әсер етеді» деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Дулат Жекебаев жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап болған оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button