Қала мен Сала

Балансқа қабылданбаған, бірақ пайдалануға берілген

Еліміздің астанасында көптеген жас отбасы тұрады. Олардың арасында көпбалалы отбасылар бар. Бұл, әрине, оқушы орындарының жетіспеушілігіне әкеледі. Аталған мәселені қолданыстағы мектептерге жапсаржай салу арқылы шешуге болады.

[smartslider3 slider=3561]

Жуырда қалалық мәслихатта 2019-2021 жылдар аралығында құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген білім нысандарының ғимаратында құрылыс барысында орын алған кемшіліктер қарастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәслихат отырысында мәлімдегеніндей, 2019-2021 жылдар аралығында 11 мектепке жапсаржай салынған болатын, 5612 орын қолданысқа берілді. Бұл құрылыстар қаламыздағы мектептерде бала санының артық болуына орай мәселені шешуге оң ықпалын тигізді. 2022 жылы 2400 орынға арналған 2 жапсаржай ашу жоспарланған.

Мектеп жапсаржайларындағы кемшіліктер

Бүгінге дейін қолданысқа берілген мектептердегі жапсаржайларда кездескен, әлі күнге дейін шешілмеген проблемалар жоқ емес. Атап айтсақ, Тайбурыл көшесінде орналасқан №23 мектептің физика кабинетінде парталарға электр тоғы жеткізілмеген, химия кабинетінде және зертханада ауа сору шкафы жасалмаған, қабыр­ғаларда жылыту, жарық радиаторы істемейді, киім ауыстыру бөлмесінде жоғарыдан судың ағуы, розеткалардың жұмыс істемеуі және т. б. мәселелер бар. Пригородный елді мекеніндегі №24 мектепте де негізгі мектептің жертөлесі жаңбыр жауған кездері жерасты суы толып, судың астында қалады, жарық, жылу, желдеткіш аппараттары, электр жабдықтары, т. б. істен шығу қаупі бар. Бүгінде Құрылыс басқармасына біткені туралы акт тапсырылған. Бірақ техникалық паспорттау, яғни энергиямен қамтамасыз ету мекемелерімен арада қиындық бар. Петров көшесіндегі №28 мектепте құрылысқа қажетті құқық берілмеуі себепті жарық, жылу мекемелерімен шарт жасасу мүмкін болмай отыр, желдету жүйесінің бір жағы жұмыс істемейді, автоматика бойынша құжат жоқ, ағымдағы жөндеу бойынша сызбалары берілмеген, спорт залында қыста салқын, жаңбыр жауса су ағады. Кенесары көшесіндегі №31 мектеп қабырғалары дымқыл және жерасты суларының көтерілуіне байланысты қауіп жо­йылғанмен, көктемгі жаңбыр кезінде жерасты суының көтерілу қаупі бар. Аманат көшесінде орналасқан №51 мектеп-гимназиясы корпустың кіреберісіндегі баспалдаққа плита дұрыс орналастырылмаған, сапалы жасалмаған, ескі жақтаулар арасында саңылау қалып, қабырғаларға дұрыс бекітілмеген, жаңбыр жауғанда терезеден су ағып, қабырға қопарылып, жарылып жатыр, терезелердің жақтауы дұрыс орналастырылмағандықтан, жел үрлейді. Шарбақты көшесінде орналасқан №57 орта мектебінде желдету жағы жұмыс істемейді, тақталардың астындағы радиаторлар жеткіліксіз. Қалған объектілерде құрылыс барысында проблемалар болған жоқ. Кемшіліктер, анықталған ақаулар уақытында, кепілдік мерзіміне сәйкес жойылып отырды. Олар – №40, 52, 60, 64, 68 мектептердің қосымша жапсаржай салу объектілерінде. Осыған орай, тапсырыс беруші Құрылыс басқармасы болғандықтан, осы сұрақтардың шешілуіне ықпал етуін сұрап, Білім басқармасы тарапынан бірнеше рет сұраныс жолданды.

Құрылыс басқармасы не дейді?

Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров жапсарлас құрылыстар салу барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін растады. Олардың тізбесі Құрылыс басқармасына жіберілген. Құрылыс салушыларға кепілді мерзімде жазғы каникул кезеңінде бар кемшіліктерді жою қажеттілігі туралы хабарлама жіберілді. Егер олар кемшіліктерді жоюға кіріспесе, басқарма сотқа жүгінуге мәжбүр болатыны туралы ескертілді.

А.Саттаров өте қысқа мерзімде салынған №23 мектепке жапсарлас құрылыста химия кабинетіне, зертханаларға электр энергиясын өткізу проблемасы бар екенін айтты. Бұл кемшіліктер қазір жойылып жатыр. №24 мектепке қатысты баяндамашы пайдалануға берілген сәттен бастап проблемалар бар екенін, бастапқыда мектепті жобалау кезінде қателіктер жіберілгенін, онда үнемі су басу проблемасы болғанын жеткізді. Піспектеу тәсілімен мәселені шешуге болады немесе су деңгейін төмендету үшін ұңғыманы бұрғылау керек, бірақ бұл – қымбатқа түсетін әдістер. Сөзінің соңында А.Саттаров ҚР БҒМ қолданыстағы бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Қазіргі уақытта барлық мектептерге қойылатын талаптар белгіленетін жайлы мектеп құру стандарттары әзірленуде. Бұл талаптарды орындай отырып, үздік нәтижеге қол жеткізуге болады.

Мәслихат депутаттары сын айтты

Депутат Владислав Сергеев мектептерге жапсарлас құрылыстардың сапасына сын айтты және оның пікірінше, құрылыстың өте қысқа мерзіміне сілтеуге болмайды. Депутат мерзімдерді көрсете отырып, мердігерлер, Білім басқармасы, мектеп директорларының қолдары қойылған кемшіліктерді жою бойынша егжей-тегжейлі жоспар дайындауды ұсынды. Мектеп жанындағы аумақтардың жайластырылымы да назар аударуды талап етеді. Оларда орналастырылған 90-жылдар стиліндегі самалжайлар көбінесе кешкі уақытта маргиналдардың жиналу орнына айналған.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов білім алу үшін жағдай жасауға жауапты Білім басқармасына ескерту жасады. Хатшы мектеп директоры құжаттарға қол қоймас бұрын құрылыс сапасы бойынша барлық ескертулерді хабарлап, олардың жойылуын талап етуін ұсынды. №28 мектеп директоры Татьяна Брусевич 2019 жылы тұрғызылған мектепке жапсарлас құрылысқа қатысты сөз қозғап, ешқандай құжатқа қол қоймағанын айтты. Комиссия құрылып, кемшілік жойылмағандықтан, құжаттарға қол қойылмаған.

Мәслихат хатшысы егер құқық белгілейтін құжаттар болмаса, қазіргі уақытта мектептің бұл жапсарлас құрылысты қалай пайдаланып жатқандығы туралы сұрады. Бұл – парадокс, ғимарат балансқа қабылданбаған, бірақ пайдаланылып жатыр. Үш жыл өтсе де, бәрі сол қалпында.

Е.Каналимов қазір объектілерді кімнен кім қабылдағаны маңызды емес екенін, басшының ауысқанына немесе басқа да сыртқы жағдайға қарамастан, бастысы барлығы бірыңғай тәртіпті, бірыңғай талаптарды сақтау маңызды екенін атап өтті. Қаланың бүкіл мектептері тексеріліп, барлық ақаулар анықталып, жойылған бір кезең болған. Ол Білім басқармасына депутаттардың қатысуымен жұмыс комиссиясын құруды, барлық мектептердің құқық белгілейтін құжаттарына тексеріс жүргізуді, олардың әділет органдарында тіркелуінің болуын анықтауды ұсынды. Жапсарлас құрылыстардың кемшіліктермен тапсырылатыны және ғимараттар ұзақ уақыт бойы құжатсыз пайдаланылатыны – жол беруге болмайтын жағдай. Мәселе мынада, егер форс-мажор туындаса, қандай да бір күтпеген жағдай орын алса, бұған кім жауапты болады?

Е.Каналимов мектептерге жапсарлас құрылыстарға қатысты бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Мәслихат хатшысының пікірінше, ғимараттарды қабылдау механизмін әзірлеу қажет. Бұл ретте қатысушылардың әрекеті келісілмеген болып отыр. Мемлекеттік қабылдау барысында жапсарлас құрылыс салу бойынша техникалық қадағалау, авторлық қадағалау тарапынан неге ескертулер болмады деген сұрақ туындайды, осы үш жылда ақауларды жою кестесін жасауға болатын еді. Жосықсыз құрылыс салушылардың қайсысы сот бойынша жауапқа тартылды?

Тұрақты комиссияның төрағасы Алтыншаш Табулдинаның пікірінше, түпкілікті нәтижеге ең алдымен мүдде­лі болуы тиіс мектеп директорларынан жауапкершілікті алып тастауға болмайды, тиісінше, олар жағдайды бақылап, соңында қынжыларлық нәтиже болмау үшін құрылыс­тың басынан бастап кемшілікті көрсетіп отыруы тиіс. Бүгінгі таңда жапсарлас құрылыстардың елеулі бұзушылықтармен тапсырылғандығы директордан да, Білім басқармасынан да жауапкершілікті жоймайды.

Нақты тапсырмалар: ұсыныстар мен талаптар

Е.Каналимов белгіленген мерзімде мәслихатқа Білім басқармасы, мектеп директоры, авторлық және техникалық қадағалау басшылығы және Құрылыс басқармасы қол қойған, кемшіліктерді жоюдың нақты мерзімі көрсетілген кестені ұсынуды сұрады. Бүгінде 11 жапсарлас құрылыстың 5-еуіне ескерту жоқ, 6 құрылыс бойынша елеулі кемшілік анықталған.

18 ескі мектеп бойынша мәселелер бар, оларды да шешу қажет. №2 мектеп пен украин мектебіне қатысты, бұл мектептерді бұзу және жаңа ғимараттар салу туралы ұсыныс болды. Жапсарлас құрылыс салу мүмкін емес ескі мектептер бар. Бес жылдық кезеңге жаңа мектептер салу жоспарланған, ал ескі мектептер туралы ұмытылып отыр, оларда да балалар оқиды.

Қ.Сенғазыев тозу пайызын сапалы анықтау үшін геология, жері, топырағы және т. б. ескере отырып, барлық ескі мектептерге кешенді зерттеу жүргізуді ұсынды. Барлық мектеп бойынша ақау актілері бар. Олар 2008 жылы №6 мектеп ғимараты құлаған жағдайдан кейін жасалып, қол қойылған.

Мәслихат хатшысы мектептер мен өзге де әлеуметтік инфрақұрылымдарды ескерусіз, ойластырылмай көппәтерлі тұрғын үй кешендері (КТК) салынбауы үшін компаниялардың өздері талаптарға сәйкес үйлердің жанына мектеп салуын көздейтін құрылыс регламентін қайта қарауды ұсынды. Сулы-жасыл бульварда «Атлант» КТК салынуда, онда 10 мыңға жуық тұрғын тұратын болады. Бұл КТК балалары қайда оқиды? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті КТК және оның жанынан бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу туралы ұсынысты қолдады, ағымдағы жылдың қыркүйек айында өзгерістер енгізіледі.

А.Табулдина мектептердің мұндай жай-күйде қабылдануы басқармалардың салғырттығынан болатынын атап өтті. Депутат осы мәселелерге қатысты жолданған құжаттарды, хаттарды, жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы мәліметті мәслихатқа ұсынуды сұрады.

Түйіндеп айтқанда, қала тұрғындары да мәслихат депутаттарымен бірге мегаполистегі нысандар құрылысының барысын бақылай алса, құрылыс процесіне жедел қоғамдық мониторинг жүргізіп, қандай да бір бұзушылық анықталған жағдайда «халық бақылаушылары» дереу тиісті орындарға хабарласа дейміз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button