Баланы бастан бұзбайық…

Әрбір ата-ана баласын балабақшаға білім алсын, тәрбие көрсін, ортаға бейімделсін, қатарластарымен дұрыс қарым-қатынас жасасын деген ниетпен береді. Бірақ Қазақстандағы балабақшаларда балаларды тәртіпке, еңбекқорлыққа және ізгілікке тәрбиелеуден гөрі мерекелерді тойлауға, балалардың сыйлық жасап үйренуіне көбірек мән берілетін сияқты.
Балабақшалардың көбі мереке атаулыны құр жібермей атап өтетіндіктен, ата-аналар да балабақшадағы ақша жинау мәселесінен әлі құтыла алмай отыр.
Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселе бойынша бірнеше мәрте ескерту жасап, заң бұзушылықтар болса, тиісті шаралар қолданылатынын хабарлаған. Бірақ тәрбиешілердің өздері ешқандай қаражат талап етпесе де, ата-аналардың бастамасымен ұйымдастырылатын «ерікті» ақша жинау тыйылар емес. «Мерекеге безендіруге», «киім алуға», «балалардың сыйлығына», «тәрбиешілерге алғыс білдіруге» деген сылтаумен 1000-2000 теңгеден жиналатын қаражат ата-ана үшін қосымша шығынға айналған. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, мұндай дәстүр көпбалалы ата-аналардың қалтасына едәуір салмақ екенін былай қойғанда, бұл әдеттің соңы баланы жастайынан пара беруге, сыйлық арқылы көңіл аулауға дағдыландыратынын ескермей жүрміз. Өйткені бұл үрдіс балаларға «жақсы қарым-қатынас орнату үшін сыйлық беру керек» деген ойды сіңіріп, жемқорлықтың алғашқы сатысын қалыптастырады. Мұндай әрекеттер балалардың адалдық, әділеттілік сияқты құндылықтарды дұрыс түсінуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Дамыған елдерде балабақшаларда ата-аналардан ақша жинау мүлдем жол берілмейтін әрекет саналады. Мысалы, Финляндияда білім беру толықтай мемлекет қаржыландыратын сала болғандықтан, ата-аналардан ешқандай қосымша төлем талап етілмейді. Германияда балабақшаға арнайы төлем жүйесі бар, бірақ ата-аналардың қосымша шығын шығаруы қатаң бақыланады. Жапонияда мерекелер мен сыйлықтарға арнайы бюджет бөлінеді, ата-аналардан ақша жинау дәстүрі жоқ.
Қысқасы, орынсыз тойлау мен түрлі сылтаумен ата-аналар арқылы ақша жинауды тоқтатпай, балаларды дұрыс тәрбиеге баулу қиын. Ең бастысы, тәрбие мен білімнің сапасына назар аудару керек. Балабақша балаларды мереке тойлауға емес, өмірге бейімдейтін орта болуы тиіс. Біріншіден, кішкентай балаларға мереке-мейрамның мағынасын толық түсіндірмей, оларға осындай дәстүрлерді үйрету қаншалықты орынды? Екіншіден, мұндай тәжірибе балалардың қарым-қатынасына, тәрбиесіне қалай әсер етеді?
Кішкентай балалар үшін шынайы қарым-қатынас пен достық сезімін қалыптастыру айрықша маңызды. Егер оларды ерте бастан «міндетті түрде гүл сыйлау керек», «сыйлық беру керек» деп үйретсек, бұл олардың табиғи қарым-қатынас жасау дағдысын өзгертуі мүмкін. Кейін олар әрбір мерекені материалдық сыйлықсыз өткізуге болмайды деген түсінік қалыптастырып алуы ықтимал. Сондықтан балалардың санасында мереке біткеннің бәрін тойлайтын, ойнайтын күн деген ұғым сіңірмес үшін олардың жас ерекшелігін ескере отырып, мерекені тәрбиелік мәні бар іс-шаралармен алмастырған жөн.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ