Басты ақпаратБілім

Баланы бірінші сыныпқа қалай қабылдайды?

Елордада баланы бірінші сыныпқа беру бойынша өтініштерді қабылдау жалғасуда. Дегенмен кейбір ­ата-­ана бұл процесс үшін қандай құжаттар керек екенін, ал бастысы, оларды үйден шықпай-ақ қалай өткізуге болатынын білмейді.

Құжаттар электронды түрде де, қағаз түрінде де қабылданады деп ресми хабарланғанмен, мектепке тұрғылықты жеріне қарамай қабылданғысы келгендер үшін құжаттарды электронды түрде өткізуге кеңес беріледі. Бұл процесс school.nursultan.e-orda.kz сайтындағы «1-сыныпқа қабылдау» бөлімінде жүзеге асырылады.

Қандай құжаттар керек?

1-сыныпқа қалалық Білім бас­қармасының порталы арқылы қабылданғысы келетіндер төмендегі құжаттардың электронды көшірмелерін (фотосуреті немесе сканерленген көшірмесі) ұсынуға міндетті:
• Баланың туу туралы куәлігі;
• Денсаулық жағ­дайы туралы анықтаманың №026/у-3 нысаны;
• Денсаулық жағдайы туралы анық­таманың №063/у ны­саны.
• Баланың 3х4 форматтағы фотосуреті;
• Учаскелік пе­диатр беретін педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның шешімі (егер бар болған жағ­дайда).

Жоғарыда аталған құжаттардың түпнұсқалары бала мек­тепке қабылдан­ған­нан кейін сұратылады.
Егер ата-ана баланы мектепке беру туралы өтінішті портал арқылы емес, мектептердің өзіне өткізсе, онда жоғарыдағы құжаттардың түпнұсқалары керек.
Баланы 1-сыныпқа тіркемес бұрын өзіңіз таңдаған орта мектептермен жақсырақ танысып шыққаныңыз жөн. Егер ол мектеп сіз тұратын ауданға жатпайтын болса, онда орын мен квота санын анықтап алғаныңыз дұрыс.

Тіркеу қалай жүзеге асады?

Порталда өзіңіз және балаңыз туралы мәліметтерді енгізесіз. Баланы мектепке қабылдау туралы хабарламаның телефоныңызға келуін міндетті түрде көрсетіңіз.
Мәліметтерді енгізіп, тіркелгеніңізді растайтын кодты алған соң, сізге жолдама берілгені және керекті құжаттарды алып мектепке баруыңыз қажеттігі туралы хабарлама аласыз. Одан кейін сізге баланың мектепке қабылданғаны жайлы СМС келеді.

Өтініш қанша уақытта тіркеледі?

Сіз оқуға өтініш берген мектеп оны бір жұмыс күні ішінде қарайды.

Қандай жағдайда өтініш қабылданбауы мүмкін?
Керекті құжаттар толық болмаған немесе жалған болған жағдайда өтініш қабылданбайды.

Бала тұрғылықты жеріне сәйкес келмейтін мектепке қабылдана ала ма?
Бала квоталық орындары бар кез келген мектепке қабылдана алады. Квоталық орындар бойынша ақпаратты порталдағы «Мектептер тізімі» бөлімінде көруге болады.

Егер мектеп баланы қабылдаудан негізсіз түрде бас тартса, қайда хабарлауға болады?
Ондай жағдайда Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайында орналасқан қалалық Білім басқармасындағы 119-кеңсеге келіп хабарлауға болады. Байланыс телефондары: 55-68-73, 55-68-83.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button