Баланы буллингтен қайтсек қорғаймыз?

Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың бастамасымен «Қазіргі қоғамдағы буллинг мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, Астана қаласы діни бірлестіктер өкілдері және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қаңтарда VII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингтің алдын алу мәселелерін шешу үшін шаралар қабылдау қажеттігі туралы айтқаны белгілі.
Діндерді зерттеу орталығының теологы Арман Нұрахметұлы жүргізіп отырған жиынға Астана қаласы Дін істері басқармасының бас маманы Жанар Мұхамеджан, Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығы психологиялық сүйемелдеу бөлімінің әдіскері Талжібек Сатымбекова, «Қадір-қасиет» адам құқығы фокусы: әйелдер мен балалар жобасының үйлестірушісі Таңат Есенғұлов, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Қойшиев, Успен кафедралды соборының ключары Дмитрий Байдек, «Астанадағы Қасиетті Мәриям рим-католик архиепархиясы» ДБ өкілі Петр Пытлованы, «Астана қаласы «Агапе» Қасиетті Елуліктің Христиандық Шіркеуі» ЖДБ басшысы Игорь Цай, ҮЕҰ өкілдері, тағы басқалар қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысқандар бұл тақырыптың ерекше маңызын, оның қоғамдағы бірлік пен игілікті сақтаудағы алатын ерекше рөлін атап өтті.
– Қазіргі қоғамдағы буллингтің алдын алу мәселесі үлкен маңызға ие, өйткені оның салдары адамның жеке тұлғалық дамуына тікелей теріс әсер етуде. Буллинг – бұл қазіргі таңдағы өте өзекті мәселенің бірі. Қазақстанда әрбір үшінші жасөспірім буллингтің құрбанына айналады. Буллинг физикалық күш көрсетуден ғана тұрмайды. Көбінесе психологиялық қысым көрсетеді: жаман сөздер айту, қорлау, келемеждеу, өсек пен өтірік сөздер тарату және шеттетуден тұрады. Бала жанындағы құрдастарынан алшақтап, өзін жалғыз сезініп суицидке баруы мүмкін. Буллинг мәселесіне Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отырғаны аян. Сондықтан бүгінгі отырысымыз мемлекетіміздің болашағына, халқымыздың, балаларымыздың физикалық қана емес, сонымен қатар, менталды денсаулығына бағытталған, – деді Жанар Мұхамеджан.
Дөңгелек үстелге қатысқан спикерлер қоғамда белең алған бұл проблеманың қауіптілігін және тез арада қоғам болып мұның алдын алу әрекетін сөз етті. Отырыстың қорытындысы бойынша балалардың құқығын қорғауға тікелей байланысты барлық көрсетілген мәселелер бойынша ұсынымдар әзірленді. Оған қатысушылар балаларды қорқытып-үркітуге тыйым салып, оны әр мектептің жарғысында бекіту керек деген ортақ пікірге келді. Бірінші кезектегі міндет – оқушылар арасында құқықтық білімді арттыру.