Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз?

Ұлттық кітап күні қарсаңында еліміздегі балалардың қанша пайызы күнделікті кітап оқиды деген ақпаратты интернеттен іздеп едім, мардымды ештеңе таппадым. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстандағы 249 балалар кітапханасына зерттеу жүргізіпті. Сөйтіп, жыл соңында еліміздегі жас оқырмандардың саны 1733686 адам деген қорытынды шығарыпты. Ал еліміздегі балалардың саны 7 млн-ға (2024 жылғы 1 қаңтардағы статистика бойынша 6841527 бала бар) жуықтайтынын ескерсек, балалардың қанша пайызы кітап оқитынын бағамдай беріңіз. Жаһантордан мәлімет іздеп отырып: «Қазақстандағы балалар әдебиетіне деген сұраныс бар-жоғы 8 пайызды құрайды» деген деректі оқыдым.
Жыл сайын мемлекет арнайы қаражат бөліп, балалар кітапханалары бірнеше мыңдаған дана кітаптарды сатып алады. Сонда неге кітап оқуға қызығатын балалардың саны азайып барады деген сауал көкейімнен кетпей қойды.
Кітап – мидың қорегі
Өзімше шағын зерттеу жүргізбек болып, әуелі кітап оқуға қатысты ғалымдардың ашқан жаңалықтарына үңілдім. Денис Дидроның «Ештеңе оқымаған адам ештеңе ойланбайды да» деген қанатты сөзі бар. Кітап оқыған баланың ғұмыры ұзақ болатынын Йель университетінің ғалымдары дәлелдеген. Йель ғалымдары 12 жыл бойы кітап оқуға әр аптада 3,5 сағат уақытын бөлген балалардың кітап оқымаған баладан бірнеше жыл ұзақ өмір сүретінін анықтаған. Олар кітап оқу адам миының клеткалары арасындағы байланысты ұлғайтып, ғұмырды қысқартатын аурулардың қаупінен сақтайтынына көз жеткізген.
Сассекс университетінің қызметкерлері кітап оқуға қатысты мынадай бір жаңалықты жария етті. Қазір күйзеліссіз өмір сүрмейміз. Соның әсерінен инсульт я болмаса жүрек-қан тамырлары аурулары көбейді. Ал Сассекс ғалымдары кітап оқыған адамның күйзеліске шалдығу деңгейі 68 пайызға төмендейтінін анықтаған. Бұл музыка тыңдау мен таза ауада серуендеуден де асып түсті. Сөйтсек, жүрек қағысының баяулауы және бұлшық еттерге түсетін күштің азаюы үшін күн сайын 6-10 минут кітап оқысақ жетіп жатыр екен. Ал Чикагодағы Раш университетінің ғалымдары бала күнінен есейгенге дейін кітап оқуды тастамаған адамның Альцгеймер дертіне шалдықпайтынын дәлелдеген. Олар бұл жаңалықты ашу үшін орташа жасы 89-ды құрайтын 294 егде адамға бірнеше жыл бақылау-зерттеу жүргізген.
«Кітап оқыған баланың ұйқысы тыныш, зейіні жоғары болады» дейді Майо емханасының дәрігерлері. Демек, ұйқыға жатар алдында әр балаға кітап оқытсақ құба-құп. Көркем шығармадағы кейіпкерлермен «тілдескен» бала тез ұйқыға батады. Ол кітаптағы кейіпкердің көңіл күйін, мінез-құлығын өзінің мінезімен, болмысымен салыстырып, өзгелерді дұрыс түсінуге талпынады. Яғни кітап – мидың қорегі деген сөз. Ал баланың қолына смартфон берсеңіз, оның бетке тіке түсетін жарығының өзі тәтті ұйқыға әсер ететін мелатонин гормонының түзілуін төмендетіп, денсаулығына кері әсерін тигізетінін біліп жүрейік.
Қандай әдістер бар?
Цифрлық технологиялар заманында баланы кітап оқуға қалай баулимыз деген сауал әркімді ойландырады. Мәселен, неміс балалары соңғы кездері көп ақшасын кітап сатып алуға жұмсайды. Неміс кітап саудасы биржалық одағының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 2023 жылға қарағанда 2 млн неміс кронасына артық сомаға кітап сатылған. Германиядағы кітап оқу мәдениетіне келсек, бұл жерде жынысы мен жасына қарай айырмашылықтар бар. Мысалы, әр отбасындағы әрбір бесінші қыз бала күн сайын кітап оқиды, ал ұл балалар арасында бұл көрсеткіш бар-жоғы 9 пайызды құрайды. Ешқашан қолына кітап ұстамайтын қыз балалардың үлесі 12 пайыз болса, ұл балалар арасында бұл көрсеткіш одан жоғары. Немістермен салыстырсақ, орташа қазақстандық отбасы жыл сайын кітап сатып алуға 5 есеге дейін кем ақша жұмсайды екен.
Германияда кітапты дауыстап оқудың жалпыгермандық күні деген атаулы күн бар. Сол күні қоғамдағы барлық зиялы қауым өкілдері, танымал тұлғалар балабақша, мектептерге барып, балаларға дауыстап қызықты кітаптарды оқып береді. Дауыстап оқу ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушының арасындағы эмоционалдық қарым-қатынасқа жағымды әсерін тигізеді дейді сарапшы Симоне Эмиг. Ол жастайынан кітапты дауыстап оқыған баланың жоғары сыныптарда оқуды меңгеру, түсіну деңгейі артып, барлық пәнді жылдам оқи алатын дәрежеге жететінін айтады.
«Кітапты дауыстап оқу» атты кітапхана сағаты Астана мектептерінде де бар.
«Дауыстап оқу бір ойды оңай және дәл жеткізуді үйренуге мүмкіндік береді. Баланың сөздік қорын молайтып, ой-өрісін арттыруға, дикцияны, интонацияны, эмоционалды бояуды, сөйлеу дұрыстығын және оның басқа элементтерін жақсартуға көмектеседі. Ғалымдар ата-анасы кішкентай кезінен бастап кітапты дауыстап оқып беретін балалардың сөйлеу дағдысы жақсы қалыптасып, сауатты жазатынын және ақпаратты тез сіңіретінін анықтаған. Осы мақсатта мектеп кітапханасында «Дауыстап бірге оқимыз!» атты кітапхана сағатын тұрақты өткізіп тұрамыз» дейді елордадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейдің кітапхана меңгерушісі Құндыз Тастанбекқызы.
Балаларды кітап оқуға қызықтырудың әртүрлі тәжірибесі бар. Соның бірі – Райымбек батыр атындағы №50 Қазғарыш мектеп-лицейіндегі «Кітап оқып, велосипед ұтып ал!» деп аталатын интеллектуалдық жарыс.
«Мұндай тамаша үрдісті былтырдан бері қолға алдық. Мектепте балалардың оқыған кітабын талдауға, кітапқұмарларды жарнамалауға ерекше көңіл бөлеміз. 2023 және 2024 жылға қарағанда биыл бұл жарысымыз өте қызықты, әсерлі өтіп жатыр. Балалар бір жыл бойы кітап оқып, әртүрлі сауалнамаға қатысады. Сұрақтарға жауап беріп, сыннан сүрінбей өткен үздік оқушылар велосипед ұтып алады. Оқу жылының соңындағы жиында велосипедті салтанатты түрде тапсырамыз» дейді аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұраш Фазылғаламқызы.
Астана тұрғыны Камариден Жұмекенов мектепте бір-біріне кітап сыйлау дәстүрін қайта жаңғырту керектігін айтады.
«Бала күнімізде мектепте бір-бірімізге кітап сыйлайтын едік. Жыл сайын сыйлыққа алған кітаптарымыз көбейе беретін. Жазғы демалыста сол кітаптарды қызыға оқып, бір-бірімізге әңгімелеп беретінбіз. Досым, сыныптасым, інім, қарындасым, көршім сыйлаған, өзім сатып алған кітаптардан жеке кітапханам қалыптасты. Қазір осы дәстүрді жаңғырту керек. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін мектептерде өткізуден бастаған жөн. Бұл – баланы кітап оқуға қызықтырудың таптырмас тәсілі» дейді ол.
Жуырда «Зерде лицейі» мектебінің 9-сынып оқушыларымен, ұстаздарымен жүздесуге бардым. «Медиа және тұлғалық даму: бізді кім тәрбиелеп жатыр?» деген тақырыпта ашық пікірталас форматында өткен жиында зерттеуші-педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанаргүл Дүйсенғалиева баланы кітап оқуға қызықтыру үшін әлеуметтік желілерге, интернетке белгілі бір шектеу қою қажеттігін айтты.
«Сингапурға барған сапарымда балалардың білім алуға, кітап оқуға және өз мамандығын таңдауға баулудағы тамаша үрдістерді өз көзіммен көрдім. Ең бастысы, жағымсыз әрі керексіз ақпарат тасқынында баланың ой-санасын былғамауға ерекше көңіл бөлінген. Мектепке баратын оқушының қолына кітап ұстатады. Ол біздегідей кез келген уақытта интернетке кіріп, әлеуметтік желілердегі өзіне керексіз ақпаратты тұтынбайды. Бізге де осындай заң, тәртіп керек. Дамыған елдердегі үздік тәжірибені үлгі етсек, Парламентіміз балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына қатысты шектеу енгізетін заң қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді» деді Ж.Дүйсенғалиева.
Астанада неше балалар кітапханасы бар?
Елордамызда 22 кітапхана бар, соның ішінде 8-і – балалар кітапханасы. Бұл рухани орданың қызметін тұтынушылардың 30 пайызы – мектеп оқушылары.
«Жыл сайын бас қаладағы кітапханаларға жаңа кітап сатып алуға 40-50 млн теңге қаражат бөлінеді. Соның ішінде балалар әдебиетіне жататын жаңа авторлардың, танымал тұлғалардың шыққан кітаптарын да сатып аламыз. 22 кітапхананың 800 мыңнан аса кітап қоры бар. Тұрақты оқырмандарымыздың саны – 83 мың адам. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді» дейді Астана қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.
Осы жерде қаладағы кітапханалар қызметін пайдаланушылардың әлеуметтік портретіне назар салайық. Негізінен алғанда, кітапхана қызметін пайдаланушылар тобын оқушылар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, қызметкерлер, шағын бизнес өкілдері (жеке кәсіпкерлер), зейнеткерлер, уақытша жұмыс істемейтін азаматтар құрайды. Пайыздық үлесіне келсек, оқырмандардың 29%-ы – орта мектеп оқушылары; 22%-ы – ЖОО студенттері; 18%-ы – орта оқу орындарының оқушылары; 10%-ы – басқалар; 9%-ы – коммерциялық ұйымдардың қызметшілері, қызметкерлері; 7%-ы – жұмысшылар; 5%-ы – зейнеткерлер. Яғни барлық оқырман санының 68%-ын мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері құрайды деген сөз. Мысалы, Конституция көшесіндегі №8 балалар кітапханасы 10 мектеп-лицей, гимназияның (№19, 20, 25, 26, 36, 46, 58, 60, 61, 62) оқушыларына қызмет көрсетеді. Жеңіс даңғылындағы №3 балалар кітапханасы 5 мектеп оқушыларына, музыкалық академия студенттеріне қызмет етеді. Яғни қала тұрғындарының саны өскен сайын кітапханаға қажеттілік мәселесі де ұлғая беретіні сөзсіз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ