Басты ақпаратМәселе

Баланы мектепке тасу қауіпсіз бе?

Қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігі бақылауда болуы тиіс. Баланы қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Әсіресе мектепке алыс­тан келетін, мектебі жоқ елді мекеннен қатынап оқитын балалар бар. Оқушыларды мектепке және үйіне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету қаншалықты жүзеге асып жатыр, балаларға жол ережелерін үйрету мақсатында қандай жұмыс жасалуда деген сауалдармен Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫНА жолығып, сұраған едік.

– Қала мектептерінде жол қауіпсіздігі бойынша тұрақты жұмыс істейтін бұрыштар бар ма?

– Білім басқармасы өз құзыреті шеңберінде балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу, оқушыларды құқықтық тәрбиелеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру және алдын алу жұмысы жүргізіледі: құқықтық лектория, тақырыптық жиын, сынып сағаты, акция, онкүндік; профилактикалық әңгімелесу, нұсқама; полиция бөлімдері қызметкерлерімен кездесу; викторина, конкурс, ойын және басқа да іс-шаралар.

Барлық білім беру мекемелерінде, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарда жыл басынан бастап ювеналды полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесі бойынша 739 дәріс өткізді, оның ішінде 381-і жалпы білім беретін мектептерде, 137-сі мектепке дейінгі мекемелерде, 49-ы еңбек ұжымдарында, олардың барысында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша көрнекі үгіттің 15 түрі таратылды, олардың саны – 3520. Жол қозғалысы ережелерін білу бойынша 52 конкурс пен викторина сайысы ұйымдастырылды.

Мәселен, 29 қыркүйекте Астана қаласы ПД ПП полкінің инспекторлары, аға лейтенанттар Д.Қажығалиев пен А.Агубаев №3 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін «Жаяу жүргіншілер өткелі» шарасы аясында бағдаршамға экскурсия және түсіндірме әңгіме өткізді.

6 қазанда №46 мектепте жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын төмендету мақсатында мектепте Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жол қозғалысы ережелерін зерделеу бойынша сынып сағаты, теориялық және практикалық сабақ өтті.

Білім беру ұйымдарында 755 оқушыдан тұратын 77 жас қозғалыс инспекторларының отряды жұмыс істейді, олармен жол тақырыбына арналған жадынамалар мен балалар суретін тарата отырып, 77 «Зейін жүргізуші» үгіт-насихат акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар оқу жылының басынан бастап оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық туралы нұсқаманы күшейту бойынша шаралар қабылданды. Сонымен, 52 оқу орнында 17 интерактивті сабақ өткізілді, онда 1170 адамға нұсқау берілді, 250 оқу орнында 19 ашық сабақ, 665 адамға нұсқау берілді, 75600 адамды қамти отырып, ғимараттардан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 210 оқу-жаттығу және жаттығу өткізілді. Сондай-ақ 1-11-сынып оқушыларына 1633 оқушыны қамтитын 64 нұсқама және 2489 оқушыны қамтитын 121 дәріс өткізілді.

Барлық білім беру мекемелерінде жыл басынан бастап ювеналды полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесі бойынша 739 дәріс өткізді

Барлық білім беру ұйымдарында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша ақпараттық бұрыштар орналастырылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылар мен ата-аналарға өрт кезінде және су айдынында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәселесі бойынша 265 оқу-жаттығу және тренинг өткізілді. Сонымен қатар ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің регламентіне сәйкес, ТЖ департаменті жалпы білім беретін мектептерде жас құтқарушылар жасағын құру арқылы азаматтық қорғау саласында халықты насихаттау және оқыту бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда қаланың оқу орындарында 634 оқушы оқитын 62 «Жас құтқарушылар» үйірмесі құрылды. Осы жұмыс­ты ұйымдастыру кезінде жыл сайын оқу жылдарына арналған сабақ жоспары қалыптастырылатын және бекітілетін және департаменттің жедел-құтқару жасағының базасында көшпелі іс-шаралар өткізілетін қаланың Білім басқармасымен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады.

– Мектеп кітапханаларында жол ережесін сақтау бойынша кітап көрмесі ұйымдастырылып тұра ма?

– Жолдағы және жолаушылар ретінде тасымалдау кезіндегі балалардың қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы», «Теміржол көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы» заңдарында және Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерінде көзделген.

Мүгедектердің қауіпсіз және кедергісіз қозғалысы техникалық және санитарлық шарттарды сақтау нормаларымен, талаптарымен реттеледі. Білім беру ұйымдарында ата-аналарға, балаларға өмір мен денсаулық үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жадынама, кеңес әзірленеді.

Жыл сайын мектеп кітапханалары, елордалық полиция департаментінің өкілдерін шақыра отырып, кітап көрмесін, әңгімелесуді, түрлі іс-шараны, оқушылармен сынып сағатын ұйымдастырады. Осы іс-шараларда балаларды жолда жүру ережесімен және бағдаршамның қызметімен таныстыра отырып, жолда жүру ережесін, көшеде дұрыс жүруге үйретеді. Жол белгілерін айыра білу дағдысын қалыптастырып, көше жағдайындағы кеңістікті бағдарлай білу дағдысын, көшеде өзін-өзі ұстауын, жол ережесіне байланысты біліктілігін дамытуды көздейді. Балаларды мейірімділікке, зейінді болуға, өзін-өзі қорғай білуге тәрбиелейді. Көрмеге 1-8-сынып оқушыларына арналған жолда жүру ережелері кітаптары қойылған.

– Балаларды таситын автобустардың қозғалыс сызбасы қаладағы жергілікті полиция қызметімен келісіле ме?

– Оқушыларды тасымалдайтын автобустардың жарамдылығы, жағдайы оқу жылының басында жергілікті полиция қызметкерлерімен тексеріледі. Қозғалыс сызбасы тасымалданатын оқушылардың тұрғылықты мекенжайы бойынша қалыптастырылған бағдарлар бойынша мектеппен бірлесіп отырып жасалады.

– Бастауыш сынып оқушыларын мектепке әкелгенде және алғанда жанында ересек адамның болуы міндетті. Ол арнайы бұйрықпен жүзеге асырыла ма?

– Тасымалданатын оқушылар бастауыш, орта, жоғары буынға бөлінбейді. 1-11-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оқу жылының басында тасымалдау туралы арнайы бұйрық шығып, жауапкершілік білім беру ұйымдарының басшыларына жүктеледі.

– Оқу жылының басында бастауыш сынып оқушылары үшін үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жеке қозғалыс бағыты сызбасының көшірмесі де табыстала ма?

Тасымалдау кезіндегі қауіп­сіздік, оқушылардың өзін-өзі ұстау тәртібі жөнінде мектеп әкімшілігі оқушылармен және олардың ата-анасымен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді.

– Мектебі жоқ елді мекен оқушыларын білім беру ұйым­дарына қанша автобус тасымалдайды?

Астана қаласында тасымалдау шет аймақтарда орналасқан саяжайларда тұрып жатқан, сондай-ақ арнайы мектепте оқып жатқан оқушылар үшін 17 білім беру ұйымына ұйымдастырылған. Барлығы – 74 автобус.

– Барлық мектеп автобусы оқу жылының басында техникалық байқаудан өте ме? Автобустар жыл сайын жаңартыла ма?

– Барлық мектеп автобусы оқу жылының басында міндетті техникалық байқаудан өтіп тұрады. Тасымалдауды ұйымдастыру жеке компаниялармен конкурс­тық негізде жүзеге асырылады. Автобустарды сатып алу қала бюджеті есебінен жүргізілмейді.

Әрине, еліміз бойынша мектептерге автобустарды сатып алу республиканың қаражаты есебінен жүзеге асады. Оқу-ағарту министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жөніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қаржыландыру есебінен өңір мектептеріне автобус сатып алу жобасының іске асып жатқаны мәлім. Автобустар жаңартылды деген сөз – оқушыларды тасуға арналған жаңа автобустар заманауи талапқа толық жауап береді деген сөз. Олар қауіпсіздік белдігімен, мектеп рюкзагына арналған сөрелермен, есік ашық болған кезде қозғалысты бұғаттау механизмімен және сағатына 60 шақырым жылдамдық шектегішпен жабдықталған болуы тиіс. Сонымен қатар автобустарда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орындықтар да болады.

Жыл сайын Астанада халықтың өсімі жоғары екенін, мәселен, биылғы оқу жылында елордада 152 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 225 мыңнан астам бала (өткен оқу жылында – 215074) контингенті бар 99 мемлекеттік және 53 жекеменшік мектеп жұмыс істейтінін ескерсек, қашықтау елді мекендерден мектепке қатынайтын оқушыларымыз үшін бұл автобустардың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Бұл жөнінде қала әкімдігінің атқарып отырған жұмысы жөнінде оқырмандарымызды құлағдар етіп отыруымыз керек.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button