Баланы қай тілде тәрбиелейміз?
Елордадағы №17 «Ертөстік» балабақшасында «Өнегелі ата-ана» жобасы аясында «Балаңды қазақша оқыт» тақырыбында ата-аналармен кездесу өтті. Аталмыш іс-шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» мекемесінің қолдауымен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубай, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры Тұрар Шәкен ұлт мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен дүниетанымын дәріптеу арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру туралы әңгімеледі.
«Қазір қазақ балабақшасына барып жүрген кейбір балақайлардың тілі орысша немесе ағылшынша шығады. Оны аналарының өзі айтып отыр. Ана тілін жатсынатын, одан перзентіне қорек беруден бас тартқан қазақ әйелдері аз емес. Осы мәселені терең зерттейтін отбасылық институттар керек бізге.
Ананың тілі мен жүрегі әр баласы үшін – дүниені танитын жолы. Баламызды бүгін қазақша тәрбиелемесек, ертең бармағымызды тістейміз. Ананың тілі қай тіл – баласы сол тілмен өмір сүреді. «Ел түзелсін десең, әуелі өзіңді түзе» деген еді Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» деді Төлен Тілеубай.
Кездесуде ата-аналар баланы тәрбиелеуде тәжірибелерімен бөлісті. 4 жасар Жәнібек деген бала ұлы Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін оқыды. Бәрін тәнті қылған балақайға әріптесіміз оған өзінің алғашқы «Аласапыран Америка» кітабын тарту етті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ