Басты ақпаратМәслихат

БАЛАНЫ ҚАЙТІП БАҒАМЫЗ?

Статистикаға сүйенсек, елорда тұрғындарының 97 423-і 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар екен. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, 52 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұрды.Бүгінде олардың ұзын-саны 60 мыңнан асып жығылды. Бұдан «осынша баланы балабақшамен қалай қамтимыз?» деген сұрақ ту­ындайды. Бұл сұрақтың жа­уабын күні кеше мәслихат депутаттары да іздеп көрді.

Кеше елордада мектепке дейінгі мекемелерге орын бөлу науқаны басталды. Кезектегі бүлдіршіндерді бақшаға орналастыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында басқарма мамандары, «Нұр Отан» ХДП өкілдері, мәслихат депутаттары мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар.

Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимен­дина қалаулыларға елорданың кішкентай тұрғындарын балабақшаға орналастыру тәртібі жүйелі жолға қойылғанын айтты. Десек те, ата-аналар тарапынан тап осы мәселеге қатысты айтылатын сын көп. Оның себебі – балабақша тапшылығы. Бүгінде кезекте тұрған бүлдіршіндердің 34 мыңы 2-ден 6 жасқа дейінгі жастағылар. Яғни, дәл қазір олардың балабақшаға баратын кездері. Кезекте тұрған бүлдіршіннің бірін қалдырмай орналастыру үшін 140 бақша болуы керек. Бұл әр бақшаның сыйымдылығын 240 орын деп есептегеннің өзінде. Ал Астанада бүгінде тек 64 мемлекеттік балабақша бар. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын олардың саны небәрі 37-і болатын. Бір қуанышты жаңалық – Көктал кентінің оңтүстік бөлігінде орналасқан жаңа бақша әне-міне іске қосылғалы тұр. «Ба­лапан» бағдарламасы да бақша мәселесін шешуге сеп болды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жекеменшік балабақшалар кезекте тұрған балалардың біршамасын орналастырды. Бүгінде 2980 ата-ана мемлекеттен балабақша құнын жартылай төлеу көмегін алып отыр.

– Бүгінде баланы балабақша кезегіне қою халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бұл біздің жұмысымызды біраз жеңілдетті. Әйтпесе, мыңдаған адамның әкімдік ғимаратында орналасқан біздің басқармамызға келіп жатуын елестете беріңіздер. Күн сайын орташа есеппен ХҚКО-дан басқармаға 78 өтініш түседі. Тек биылғы жылдың бірінші тоқсанында 5600 өтініш тіркелді, – деді Ә.Бимендина.

Басқарма бастығының айтуын­ша, өтініш иесінің кезек нөмірін белгілеуге үш күн кетеді. Алай­да, Білім басқармасында тап осы мәселемен айналысатын арнайы ма­мандар жоқ. Себебі, соңғы екі жылда басқарма 12 маманға қысқартылған. Қаладағы нөмірі бірінші мәселемен басыбайлы айналысатын маманның болмауы алаңдайтын жағдай екен.

Қолдағы бар бақшаның жобалық сыйымдылығы – 14 236 орын. Бірақ онда қазір 17 372 балғын бар. Яғни, бақшадағы балалар саны 18-20 пайызға көп. Осыны алға тартып, тексеру мен қадағалаумен айналы­сатын құзырлы органдар жиі бас сұғатын көрінеді. Елорданың бас педагогы сөз арасында қаладағы балабақшаның айлық ақысы 9 мың теңгеге жетпейтінін айтты. Ал еліміздің кейбір аймағында бұл көрсеткіш 18 мыңға дейін жетеді екен.

Тағы бір өзекті мәселе «Бала­пан» бағдарламасы шеңберінде Астанаға бөлінген қаржы таусылып қалды. Әсіресе, бұл мәселе Алма­ты ауданына қатысты. Өйткені, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жекеменшік балабақшаның басым бөлігі сонда орналасқан. Басқарма бағдарламаның қаржысын әлі алмаған. Егер ақша түсе қоймаса, жекелеген бақшалардың алдындағы қарыз тығырыққа тіреуі мүмкін.

Ә.Бимендинаның баяндамасын тыңдаған депутаттар балабақшаға қатысты мәселемен тұрғындар жиі келетінін айтты. Халық қалаулылары «ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы проблеманы ше­шуге атсалысса» деген тілектерін де жеткізді. Егер алпауыт компаниялар өз есебінен балабақша салса не­месе жекелеген кәсіпкерлер өздері тұрғызған нысанның жанынан шағын орталықтар ашса, сарылып кезегін күткен балғындар бақшаға бара алатын еді.

P.S Тек өткен жылы Астанада 17 393 сәби дүниеге келді. Басқасын айтпағанда, келесі жылы тап осы 2011 жылғылардың өзіне бақшадан осынша орын керек. Балабақшадағы орын тапшылығын шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – балабақшаны салу. Әрине, мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Салып жатыр. Бірақ, оның өзі жеткіліксіз. Бүгінде мыңдаған әке-шеше «Кішкентайымызды қайда береміз? Қайда бағамыз?» деп сабылып жүр. Айтпағымыз, ауқатты азаматтар осыған назар аударса деген тілек. Ол – тек қаладағы көп проблеманың бірін ғана шешу емес, елдің ертеңі – бүгінгі балаларды тәрбиелеу ісіне де үлес қосумен тең. 

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button