Басты ақпаратБілім

Баланы телефон тәрбиелемесін десеңіз…

Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы, өскен ортасынан бөлек жаңа технологиялар да әсер ететіні анық. Смартфонға көп үңілетін буынның түрлі ойындар мен қажетсіз ақпараттың жетегіне кетіп, арты қайғылы жағдайда ұласып жатқаны азамай тұр. Бүгінде жұмысбасты жұптар бала тәрбиесі дейтін таудай жүкті арқалай алып жүр ме? Балалар мен ата-аналардың арасындағы қайшылыққа толы қарым-қатынас қалай қалыптасады? Балалардың суицидке баруы тәрбиедегі селқостықтан ба? Осы сұрақтар төңірегінде Астана қаласы әкімдігінің «Психология­лық қолдау орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Марал ИБРАГИММЕН сұхбаттасқан едік.

– Елорданың білім беру мекемелерінде психология­лық көмек көрсету маңызы ерекше. «Психологиялық қолдау орталығы» қай бағыттар бойынша қызмет көрсетеді? 

– Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің 20 өңірінде Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық қолдау орталығының» жұмысы қала деңгейінде білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың (заңды өкілдердің) психология­лық әл-ауқатын жақсартуға және психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құруға бағытталады.

Елордалық «Психологиялық қолдау орталығы» бірнеше бағыттарда қызмет атқарады. Олар: білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерінің жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету және үйлестіру, оқу процесіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық консультативтік көмек көрсету және қиын өмірлік жағдайдағы балаларға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету.

Орталық мамандары кәмелетке толмаған балаларға ғана емес, сондай-ақ мектеп ұжымына, ата-аналарға да өз көмегін көрсетеді. Апта сайын біздің мамандарымыз мектептерге семинар, тренингтер өткізуге барады. Өткізілетін іс-шараларымыздың тақырыбы әртүрлі және ауқымды. Айта кетсек, қазірдің өзінде мамандарымыз бастауыш сынып оқушыларымен «Қауіпсіздік сабақтары» квест ойындарын, бастауыш мектеп педагогтарына арналған «1-сынып оқушыларының мектепке бейімделуі» тақырыбында семинар-тренинг, 1-сынып оқушылары ата-аналарына арналған «Бейімделу кезіндегі ата-ананың рөлі» атты семинар-тренингтер өткізуде. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Психологиялық қолдау орталығының» психолог мамандары әртүрлі психологиялық тақырыптарда кеңес береді. Соның ішінде келушілер, негізінен, балалардың өзіне сенімсіздігі, педагогтар мен өз қатарластары арасындағы қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, ажырасудан кейінгі кезеңдегі ата-анамен қарым-қатынас орнату, буллинг мәселесіне қатысты сұрақтар бойынша жүгінеді.

– Балалар арасында суицидтің артуына не себеп? Осы мәселеде ата-ана нені назарда ұстауы қажет?

– Суицидке итермелейтін себептер әр алуан. Ондай қауіптерге буллинг, кибербуллинг, ауыр тұрмыс жағдайы, ішкі күйзеліс және т.б. себеп болуы мүмкін. Әр оқиғаның түрткі болған себептері де әртүрлі. Суицидтің алдын алу шараларын қарастыратын болсақ, ең алдымен, отбасындағы ашық, еркін қарым-қатынас қажет. Көптеген жеткіншектер мен жасөспірімдер ата-анасына кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Осыны ескеріп, әр ата-ана бала ойын тыңдап, пікіріне құлақ асуды үйрену керек. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда балаларды әлеуметтік желілер тәрбиелеп отыр десек те болады. Ата-ана назарынан тыс қалған кезде жасөспірімдер өз бетімен, дәлірек айтқанда, ғаламтор арқылы өмір сүруге дағдыланып, жаһандық «тордың» тұтқынына айналады. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырласы да, мұңдасы да – сол. Осыдан да бала рухани-адамгершілік тұрғыда осал болуы мүмкін. Ал бұл тұлғаның қалыптасуындағы ең негізгі іргетасы екенін естен шығармаған дұрыс.

– Жасөспірімдердің буллинг мәселесін алдын алуда қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Мектепте буллинг жағдайы болғаны туралы ақпарат алған кезде біздің орталықтың мобильді тобы сол мектепке барып, учаскелік полиция қыз­меткерімен, қалалық Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің қызметкерімен бірлесе отырып жұмыс істейді. Алдымен, барлық кәмелетке толмағандардың тұлғасы анықталып, олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыс­тары жүргізіліп, балалармен біздің «Психологиялық қолдау орталығының» психологтары тілдеседі. Ата-аналарға балалары мектепішілік бақылауға алынып, оларға профилактикалық жұмыстар жүргізілетіні туралы ескертіледі. Мектеп психологтарына балалармен жұмыс істеу туралы ұсыныстар беріледі.

Буллингке ұшыраған баланың ата-анасы өз бетімен зәбір көрсеткен балалармен сөйлеспей, мектеп әкімшілігінің көмегіне жүгінген жөн. Ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы керек. Мектепке қандай көңіл-күймен бара жатқанын бақылап, егер бір сес пайда болса, ашық сөйлесіп отырған дұрыс.

– Баланың кімнен қысым көріп жүргенін қалай анық­тауға болады?

– Балаңыздың сыртқы келбетінде өзгеріс бар ма, назар аударыңыз. Балаларыңыздың эмоционалдық жағдайына мұқият қараңыз, себебі кейбіреулер өз уайымдарын білдіруде қиналады. Бала денесінің түсініксіз көгеруі, жаралардың пайда болуы сияқты физикалық белгілер байқалса, бала мектепке барудан немесе мектептегі іс-шараларға қатысудан қашқақтаса, мазасыздана берсе, кенеттен достарынан айырылса, бұның бәрі балаңыздың қысым көріп жүргенінің белгісі болуы мүмкін. Киімнің жыртылуы, электронды немесе басқа жеке заттарының жоғалуы немесе бұзылуы, жиі ақша сұрауы – осының бәрі назар аударатын мәселелер. Егер осы белгілердің бірін көрсеңіз, балаңызбен ашық сөйлескен жөн. Көбінесе балалар шындығын айтса, жағдай ушығып кетеді деп қорқады. Сондықтан балаңыздың қорқыныштарын түсініп, бірақ жағдай жасырғаннан ушығатынын түсіндірген жөн.

Бүгінгі таңда Астана қаласы Прокуратурасының тапсырмасымен буллингті анықтау  және оның алдын алу мақсатында  сауалнама жүргізілуде.

– Жалпы баланы социумға неше жасынан бастап дайындау керек?

– Баланың өмірге дайындығы балабақшадан басталады. Өз бетімен тамақтануды, ойыншықтарын жинауды, жанындағы балалармен бірігіп ойнауды және басқасын бала балабақша кезінен бастап үйренеді. Мектептің табалдырығын аттағанда да бала өзін жаңа жағдайда ұстауды үйренеді. Кішкентайынан басқа балалармен дос болуға, ойыншықтарымен бөлісуге, бірін-бірі ренжітпеуге үйреткен дұрыс. Кейде ата-аналар жағдайдың анық-қанығын біліп алмай, балаларына есеңді қайтар деп үйретіп жатады. Бұл, әрине, балалар арасындағы өшпенділікке әкеледі. Сондай-ақ бала үшін өзін қоғамда қалай ұстау керек, өзінің қауіпсіздігін қалай сақтау керегін үйреткен өте маңызды. Қауіпсіздік ережелерін балабақшаларда да, бастауыш сыныптарда да үйретіп жатады. Неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым баланың есінде мығым сақталып, оның қоғамдық жердегі сенімділігін арттырады.

– Ата-ананың психологпен сөйлесуі, мектеппен жиі қарым-қатынас орнатуы бала үшін қаншалықты маңызды болмақ?

– Ата-ананың мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатуы, мектеп психологымен сөйлесіп отыруы бала тәрбиесі үшін өте маңызды. Неғұрлым ата-ана мектеппен жиі қатынасып тұрса, соғұрлым баласының мектептегі жағдайын, оның айналасын, достарын біліп отыратын болады. Ал ол, өз кезегінде баланы дер кезінде дұрыс бағыттап, туындап жатқан мәселелерін уақтылы шешуге септігін тигізеді. Ата-ана баласының мектептегі іс-әрекеттерін біле бермейді. Сондықтан кейбір ата-ана баласы мектепте бір мәселеге тап болса, таңданып, менің балам ондай емес дегеннен басқа ештеңе айта алмай қалатын жағдайлар аз емес. Осыны болдырмау үшін балаға көмекті дер кезінде және дұрыс беру үшін ата-ана сынып жетекшісімен, мектеп басшылығымен, мектеп психологымен тығыз қарым-қатынаста болған жөн. Мұндай жағдайда ата-анаға көмек беру мақсатында біздің орталықтың мамандары мектеп қабырғасында оқушы және ата-аналардың қатысуымен кездесулер ұйымдастырады.

Индира БЕРЖАНОВА 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button