Баланың саулығы – ұлт байлығы
Гүлнар ҚҰЛЫШЕВА, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры
Бала денсаулығы – ұлт байлығы. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің басты бағытының бірі де сол – дені сау ұрпақ қалыптастыру. Бұл ретте Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының көтерер жүгі, қызметі ерекше. Тәулігіне 700-800 баланы қабылдап, оларға ем-дом көрсету оңай шаруа емес. Бала денсаулығының бағбанына айналған дәл осы мекеменің басшысы Гүлнар Ережеқызымен саладағы жағдай туралы кеңінен сұхбаттасқан едік.
– Гүлнар Ережеқызы, сіздің есіміңіз елордалықтарға етене жақын. Қай мекемені басқарсаңыз да оның алға дамуына, жаңа бастамаларды енгізуге әрекет етесіз. Бұл ауруханаға директор болып келгеніңізге небәрі 4 жыл болды. Мекеменің қазіргі ахуалы қандай?
– Мен өзім педиатрмын. Ең алғашқы жұмысымды аудандық ауруханада дәрігер болып бастадым. Ол кездері әкем Жезқазған облысы Жезді ауданының әкімі болды. Мен жаспын, оқуды бітіріп келгеннен кейін бірден облыстағы үлкен ауруханада жұмыс істеймін деп ойладым. Алайда әкем қызмет жолымды ең төменгі сатыдан бастағанымды жөн көрді. Яғни мені аудандық аурухананың дәрігеріне табыстады. Дәрігер ретінде қызметтік еңбек жолым сол жерден басталып, әрі қарай облыстық, республикалық деңгейге ұласты. Айтайын дегенім, әкемнің көрегенділігі еді. Қазіргі уақытта қандай жетістікке жетсем де оның артында аяулы әкемнің үлкен тәрбиесі мен мектебі тұрғанын мойындаймын. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте өтті. Бүгінде қай қызметте жүрсем де, әкемнің атына кір, сөз келтірмеуді бірінші орынға қоямын. Қандай басшылықта болсам да, сол мекеменің мәселесін шешуге, барынша дұрыстауға, нәтиже көрсетуге назар аударамын. Бұл – өмірлік қағидам.
Дұрыс айтасыз, балалар ауруханасына 2020 жылдың күз айында келдім. Бұл қалалық қана емес, республикалық деңгейде жұмыс істеп жатқан хирургиялық аурухана деп айтсақ болады. Өйткені мұнда балалар ауруларына қатысты барлық операция жасалады. 14 клиникалық бөлімшеміз бар. Соның ішінде балаларға медициналық қызмет көрсететін жоспарлы және шұғыл хирургия, травматология, ортопедия және оңалту, офтальмология, нейрохирургия, күрделі соматика, неврология, күйік бөлімі және тағы басқалары бар. 2012 жылы бұл аурухана пайдалануға берілген кезде небәрі 250 балаға лайықталған болатын.
– Қазір тәулігіне қанша бала қабылдайсыздар?
– Қазіргі таңда күніне орташа есеппен 700-ге жуық бала қаралуға келеді. Ал сенбі-жексенбі күндері 800-900 балаға дейін қабылдауға мәжбүрміз. Мәселен, кеше 722 бала біздің дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оның ішінде жедел жәрдеммен 84 бала, қаладағы емханалардан 10 бала қаралса, өз еркімен 628 бала келген. Енді осы балалардың ішінде 10-ы қаладан тыс өзге ауыл-аймақтан келіп отыр. Ал 50 бала ауруханаға жатқызылды. Қарап отырсаңыз, бізге жүгінген балалардың шамамен 10 пайызға жетпейтін бөлігі ғана ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Бұл – өте маңызды мәселе.
Әр дәрігерге басымды иемін
– Сонда жергілікті емханаларға қарағанда ауруханаға келушілер көп болып тұр ғой…
– Негізінен, ауруханаға келген балалардың басым көпшілігі жергілікті емханаларда ем алуына болатын еді. Бірақ біздің ата-аналардың көбіне балаларының ауырып жатқаны кешке ғана, соның ішінде демалыс күндері есіне түседі. Баласының бір апта бойы жөтеліп жүргенін, қызуы көтерілгенін айтып ауруханаға әкеледі. Түсінемін, күні бойы жұмыста жүріп, қарауға қолы тимейді. Кейбір ата-аналар бір апта бойы өз бетінше немесе интернеттен, әлеуметтік желілердегі емшілердің айтқанымен емдейді. Нәтижесінде баланың ауруын асқындырып алып келеді. Есесіне салмақ біздің дәрігерлерге түседі. Кешке қарай қаладағы барлық емхананың жүктемесін өзімізге алып, 2-3 есе артық жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Әсіресе жаңа оқу жылының басталуына орай біздің хирургия бөліміне ауыртпалық тым көп түсіп кетті. Осы ретте сондай жүктемемен, күні-түні ауыртпалықпен адал еңбегін атқарып жүрген дәрігерлеріме басымды иемін. «Біз шаршадық» деген бір дәрігерімді көрмедім, сондықтан оларға деген құрметім шексіз.
– Мұндай жүктемені азайту үшін не істеу керек?
– Біздің қала басшылығының, атап айтқанда, елорда әкімінің түсінігі мол екеніне толық көзім жетті. Жақында қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы бәрімізді жинап, арнайы жиналыс өткізді. Сол жиында қала басшысы қазіргі ауруханалардағы жағдайды көтеру үшін қандай көмек қажет екенін, қандай мәселелер барын сұрап, дәрігерлермен емін-еркін пікір алмасып, көптеген мәселемізді шешіп беретінін айтты. Сол жиында қаламызға тағы да балалар ауруханасы қажет екенін, соған сәйкес шаралар қабылданып жатқанын айтып қуантты. Алайда жаңа аурухана толық салынып біткенше барлық жүктеме осы ауруханада болатынын, қандай көмек қажет деп сұрады. Әрине, ең бірінші бізге травмпункт салу қажет еді. Қазіргі күні аталмыш бөлімді ашуға дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы осы аурухана төңірегінде үлкен жеке травмпункт салынады. Ол жерде ауруханаға қажетті барлық заманауи техникалар, нақты айтқанда, МРТ, КТ секілді тағы басқаның бәрі болады.
Біліктілік арттыру – заман талабы
– Елордада бала саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Бірақ дәрігерлердің де жүктемесі ойлантады екен. Ауруханада қанша дәрігер жұмыс істейді?
– Білесіздер, халық саны өскен сайын дәрігерлердің жүктемесі де артып келеді. Қазіргі күні бұл жерде штат бойынша мыңға жуық маман жұмыс істейді. Дәрігерлердің саны – 750. Бұл дәрігерлердің әрқайсысы – жеке тұлға, қолы алтын десем артық айтқаным емес. Мәселен, түрлі жол апатынан зардап шеккен балаларға ерекше операцияларды жасайды. Соңғы кездері ауруханамызға Түркістан облысынан осындай жағдаймен балалар жиі келіп кетті. Келген балалардың көпшілігінде дұрыс ота жасалмаған немесе жағдайы ауыр. Біздің дәрігерлер қолынан келгенше қажетті отасын жасап, сол балаларды аяқтан тұрғызып, сауығып кетуіне себепші болып жатқанын күнде көріп, ризашылығымды білдіремін.
Жалпы медицина саласында дәрігерлердің білімін ұдайы арттырып отыру – заман талабы. Біз өзіміздің дәрігерлердің білімі мен білігін арттыру мақсатында еліміздегі және шет елдердегі мықты мамандар мен дәрігерлерді шақырып пікір, тәжірибе алмасып, білігін арттыру жұмысын үнемі жетілдіріп отырамыз. Осы жылы бізге Жапония елінен арнайы мықты дәрігер келіп, 5 күннің ішінде қаншама балаға ота жасап, тәжірибесімен бөлісті. Негізінен, шетелдік дәрігерлермен осындай тығыз байланыс орнатып жатқанымызға 3 жылдан асты. Алдымен біз Түркия елінен бастап, Ыстанбұлға барып, сол жердегі дәрігерлермен бірлескен меморандумға қол қойдық. Енді осы жылдың қыркүйегінде Түркия елінен мықты дәрігер мамандар арнайы келеді. Ол кісілер ортопедиядан және күйген балаларға ота жасайды. Осы жерде айта кететін жағдай, күйікке ота жасау үшін еліміз бойынша әртүрлі жерден күрделі науқастар келіп түседі. Өзге ауруханаларда арнайы орындар ғана берілген, ал бізде арнайы бөлім жұмыс істейді. Ресейлік дәрігерлермен бұрыннан әріптеспіз. Жалпы осы уақытқа дейін дәрігерлердің білімі мен білігін арттыру мақсатында 40-тан аса шеберлік сыныбын өткіздік. Менің ойымша, негізі, ота жасайтын дәрігерлердің білігін арттыру үшін сыртқа жібергеннен гөрі, керісінше, шетелдіктерді өзімізге шақырып, осында өткізген әлдеқайда тиімдірек.
– Мұндай тәжірибе алмасудың пайдасы ұшан-теңіз екені белгілі. Алайда бәрі қаражатқа келіп тірелетін шығар…
– Негізі, дәрігерлердің білігін арттыруға кететін шығындарды арнайы қорлар көтереді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бізге үнемі қолдау білдіріп келе жатқан «Жұлдызай», «Алма Эко», «Мереке» қорларына және тағы басқа демеушілерге алғыс айтқым келеді.
– Дәрігерлердің айлығын көтеру мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Сіздерде бұл жағы реттелген бе?
– Бізде қызметін енді бастаған дәрігер 250-260 мың теңге көлемінде жалақы алады. Содан кейін әр дәрігерге еңбек өтіліне, білігіне және қосымша кезекшілік жасағанына байланысты қосылады. Ал тәжірибесі үлкен дәрігерлердің жалақысы 400 мыңға дейін жетсе, мейірбикелердің жалақысы 265 мыңға жетеді. Ашығын айтуым керек, кейбір бөлімдерге салалық мамандар жетіспейді. Осы мәселелерді шешу үшін дәрігерлер берілген жүктемені орындау барысында өзара келісіп, өздері қосымша кезекшілікке шығады.
Мен біздегі дәрігерлердің жұмыстан кейін қосымша ақша табу мақсатында басқа жекеменшік клиникаларға барып шаршағанын қолдамаймын. Олар да адам баласы сияқты бала-шағасының ортасында демалғанын, отбасына көңіл бөлгенін қалаймын. Сондықтан қолымнан келгенше жалақысы аздарға өзіміздің ауруханадан қосымша жұмыс тауып беруге тырысамын.
Көмек пен қызмет көрсетуді ауыстырып алдық
– Осыдан біраз уақыт бұрын Қоғамдық кеңестің бір отырысына қатысқан едім. Сонда қаламызда дәрігерлерге шағымданушылардың саны артқанын айтты. Аурухана мамандарына көңілі толмайтындар бар ма?
– Біздің дәрігерлер де ет пен сүйектен жаралған. Олардың да өз отбасы, бала-шағасы бар. Олар да ауырады. Дәрігерлер күн шықпай жұмысқа келіп, күн батқанда жұмыстан кетеді. Балаларды емдеумен қатар өзіне жүктелген басқа да міндеттері бар. Мойындау керек, біздің ата-аналар көп жағдайда дәрігерлердің жағдайы мен мүмкіндігін ескере бермейді. Кейбір ата-аналар баласының ауруын асқындырып әкеледі де, ертесіне нәтижесін сұрап, оған қанағаттанбай дау туғызып, шағымдана бастайды. «Баламды өз аяғымен ауруханаға әкелдім, балам басын көтере алмай жатыр» деп әлеуметтік желіге салудан тайынбайды. Сол үшін алдымен ата-анамен жұмыс істеуге тура келеді. Жалпы науқас баланың түзелуіне кемі 4-5 күн керек. Көп жағдайда мен өзім шығып ата-аналарға түсіндіремін. Кейде балалар жансақтау бөліміне түсіп жатады. Осындай кезде ата-аналар «Жансақтау бөлімін ашыңдар, біз кірейік, баламызды көрейік» деп әбігерге салады. Мен ана ретінде бұл ата-аналармен келісемін. Балам ауырса, мен де оның жанында болғым келеді. Бірақ біз моральдық, психологиялық тұрғыдан әлі дайын емеспіз. Осыған ұқсас бір жағдай болған. Жансақтау бөлімінде жатқан баланың анасына кіруге рұқсат берген едік. Ол жерде бірнеше бала қатар жатады. Сол арада ауыр жарақатпен жедел түскен бір балаға барлық дәрігер жабылып көмекке ұмтылады. Ал әлгі ата-ана соның барлығын телефонына түсіріп, «Балама көңіл бөлмей жатыр» деп әлеуметтік желілерге таратып жібереді. Кейіннен бұл іс-әрекетінің заңға қайшы екенін айтып, басқа ата-аналарға да зиянын тигізгенін түсіндірдік.
– Жалпы баланың денсаулығына алдымен ата-ананың өзі жауапты болу керек қой?
– Бала денсаулығына ең бірінші жауапты – ата-ана. Білесіз бе, соңғы 8 айдың ішінде 83 бала биіктен құлады. Оның ішінде 52 бала терезеден құлаған. Өткен жылы мұндай жағдайдан 1 бала қайтса, биыл 4 бала қайтыс болды. Сол құлаған балалардың кейбір ата-аналары «Дұрыс көңіл бөлмей жатыр, қарамай жатыр, баламыз әлі жазылмады» деп шағымданады. Басы жарылған, аяқ-қолының сүйектері бірнеше жерден сынған, ішкі құрылысына зақым келген баланы аман алып қалудың өзі қиын. Бір күннің ішінде баланың жағдайын жақсартып бере алмайтынымызды айтып түсіндіреміз. Уақыт керек. Сабыр керек. Кейде 10-қабаттан құлаған баланы аман алып қаламыз. Өкінішке қарай, 2-қабаттан құлаған бала қайтыс болып жатады. Бұл жерде баланың қалай құлағанына байланысты жағдайы да әртүрлі болады. Жауапкершілік демекші, дәл осы ретте әр ата-ана өз балаларына үлкен жауапкершілікпен қараса, бұлай дәрігердің алдына келмес еді. Дәрігерге балаңызды әкелдіңіз бе, ендеше құрмет көрсетіп, олардың жұмыс істеуіне кедергі жасамаңыздаршы, өтініш, дегім келеді. Неге? Соңғы жылдары медициналық көмек көрсетуді қызмет көрсету деп ауыстырғалы тұрғындар арасында дәрігерлерге міндетсіну көбейді. Дөрекі сөйлегені былай тұрсын, олардың үстінен шағым қабылдайтын 10-нан астам сайт жұмыс істейді екен бізде. Әрине, мұндай шағымдар дәрігерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Күні бойы баланы емдеумен айналысса, кешке қарай сол шағымға жауап беріп, ақталып әлек болуда. Ешқандай дәрігер біреудің баласына жамандық ойламайды, ауырса екен, қиналса екен деп қарап отырмайды.
Озық диагностика алғаш рет қолданысқа енді
– Ауруханаға ең мықты деген дәрігерлерді аттай қалап шақырғаныңызды айттыңыз. Бірегей ота жасайтын кімдер бар?
– Біздің дәрігерлердің барлығы мықты. Мәселен, жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Жанәбілұлын Алматыдан арнайы шақырттық. Ол басқаратын бөлім хирургиялық патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жоғары медициналық көмек көрсетеді. Бөлімше мойынның, кеуде қуысының, өкпенің, өңештің, асқазан-ішек жолдарының, тоқ ішектің, бауырдың, өт жолдарының туа біткен және жүре пайда болған ауруларын, сондай-ақ кеуде және іш қуысының қатерсіз ісігін емдеуде айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Жыл сайын 1600-ден астам бала ем алады. Хирургияның минималды инвазивті әдісі қолданылады. Лапароскопия және торакоскопия отаны минималды кесу арқылы жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалпына келтіру уақытын едәуір қысқартады, операциядан кейінгі ауырсынуды және асқыну қаупін азайтады, бұл балалар үшін аса маңызды. Сонымен қатар асқазан-ішек жолдары ауруларын диагностикалауға ерекше назар аударамыз. Зерттеудің ең озық әдісі – асқазан-ішек жолдарының капсулалық бейнеэндоскопиясы еліміз бойынша ең алғаш рет және бізде ғана қолданылды. Бұл – кішкентай ғана жұтатын капсула. Оған бір тексеру барысында 8000-ға жуық фотосурет жасайтын миниатюралық камера орналасқан. Бала жұтқаннан кейін асқазан-ішек жолдарының барлық жағдайын анық көруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс әсіресе кішкентай науқастар үшін аса маңызды. Өйткені ешқандай инвазивті араласу мен анестезияны қажет етпейді. Стационар аясында 30-дан астам бала осындай капсулалық бейнеэндоскопия процедурасынан сәтті өтті. Бұл ауруларды уақытылы диагностикалауға және тиімді емдеуге көмектеседі. Сөз соңында айтарым, елімізде ешқандай бала ауырмасыншы. Өйткені қоғамда баланың саулығынан артық байлық жоқ!
Сұхбаттасқан Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ