Басты ақпаратБілім

«Балақайлар мектебі» бейімдейді

Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді сабаққа дайындауда баланың оқу-құралдары ғана емес, сауатының жетік болуы да маңызды. Осы мақсатта 1-сыныпқа қабылданған балаларды оқуға бейімдеуде елордада 49 мектептің жанынан қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» ашылды. Бұл жоба 20 балабақшаларда да іске қосылып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Сондай білім беру ұйымдарының бірі, Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда аталмыш жоба қарқынды жүргізіліп келеді.

1-сыныпқа дайындау үшін кейбір ата-аналар материалдық қажеттілікке ғана мән беріп, баланың әуелі білім алуға баратынын естен шығарып жатады. Енді бірі мектепке барған соң, үйреніп алар деп, оның білім деңгейіне аса мән бермеуі мүмкін. Десе де, бүгінде мектепке бармастан-ақ баланың зейіні зерек болғаны дұрыс. Сондықтан балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, педагогтардың болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына көмектесуге арналған «Балақайлар мектебі» жобасы елордада бірнеше жылдан бері дәстүрлі негізде жұмыс істейді.

Ал Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда жоба 3 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бұл туралы мектептің бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәриям Амангелдіқызы кеңірек тарқатты.

«Биыл «Балақайлар мекте­бінде» 3 лекті бірдей қамтып отырмыз. Алғашқы лек 3 маусым айында басталып, мұнда 46 бала оқыды. Келесі лек шілде айында өтіп, оған 25 бала қатысты. Шілденің шіліңгір ыстығында көп отбасы демалуға не саяхаттауға кетіп жатады. Сол себепті қатысушы балалар саны да аздау болды. Тамыз айында соңғы лек білім алуда. Бүгінде барлығы 5 топта 85-тен аса бала бар.

Жобаның негізгі мақсаты – тегін негізде баланы 1-сыныпқа бейімдеу. Балалар арасында балабақшаға барғаны да, бармағаны да бар. Кейбірі ерке, енді бірі тұйықтау келеді. Әрбір баланың жеке қырын ескеріп, мұғалім барынша ортаға бейім­деуге тырысады.

1-сынып оқушыларын Оқу-­ағарту министрлігі мен Баланы ерте дамыту институтының біріккен бағдарламасы аясында оқытамыз. Олар «Менің отбасым», «Мен және менің достарым» секілді тақырыптарды меңгеріп, айналасындағы оқиғалар, адамдар туралы еркін ойлап, әңгімелесуге дағдыланады. Сондай-ақ фигураларды білу, тура және кері санау, қосу және азайту секілді математика негіздері оқытылып, сабақ ойын түрінде жүреді. Ойынның астарында балалардың достық қарым-қатынасын нығайту, білімге қызығушылығын арттыру идеясы бар. Мектеппен танысу, Абай мұражайын тамашалау, өлеңдер жаттау сияқты танымдық бағыттағы жұмыстар да жүргізіледі. Жақында Абай күні өтіп, мектебіміз әдеби кеш ұйымдастырды. Сол іс-шарада бүлдіршіндеріміз де өз өнерлерін ортаға салды.

Балақайлар мектебінің тағы бір артықшылығы – оқу процесінде ұлттық құндылықты бала бойына сусындатуға мән беріледі. Төрт түлік малды білуі, әдептілікті сақтауы, үлкенді сыйлауы сынды қазақы дәстүр негізіне басымдық беріледі» деп бөлісті спикер.

1-сыныпқа құжат қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Қабылдау ережелері бойынша 1-сыныпқа алдымен мектепке аумақтық қызмет көрсету бойынша өтініш берген үш үміткер қабылданады (тіркелген жері бойынша), содан кейін басқа аумақтан бір бала қабылданады. Қазіргі таңда аталмыш мектепке 316 бала 1-сыныпқа өту үшін құжаттарын тапсырған.

«Даярлық курсына ата-аналар тарапынан сұраныс көп түсті. Былтырғымен салыстырсақ, қатысушы балалар саны жағынан өсу бар десек болады. Бүгінде ата-аналардың барлығы дерлік курсқа қатысты жақсы пікірлерін айтып, лебіздерін жеткізіп жатады.

Кейбір ата-аналар балаларын алғаш мектепке жетектеп әкеліп, 100-ге дейін санауды және 42 әріпті білетінін айтып, сол жеткілікті деп ойлайды. Өз басым, баланың жан-жақты дамуы үшін осымен тоқтап қалмаған жөн деп есептеймін. Мұндай дағдыларды білсе де, бала еркін сөйлеп, шығармашылық тұрғыда қалыптаспаған болуы мүмкін. Сондықтан би билеу, ән, өлең айту, музыкалық аспаптарда ойнау секілді қабілеттерінің болуы, оның білім алуға деген құштарлығын айшықтап тұрады. Ой-өрісі дамыған бала жаңа нәрсені үйренуге бейім келеді.

Білім беру жүйесінің сапалы болуында ата-ана – бала – мектеп бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Ата-ананың талап-
тілегін мұғалім де, мұғалімнің әр ұсыныс, пікірін ата-ана да дұрыс қабылдауы тиіс» деді М.Амангелдіқызы.

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның бас­тауыш сынып мұғалімі Арайлым Түсіпқызы даярлық курсына сұраныс ата-ана қажеттілігінен жыл сайын артып келетінін айтады.

«Балақайлар мектебіндегі» сабақ таңертеңгі 09.30-да басталып, 12.00-ге дейін созылады. Күніне төрт сабақ өткіземіз. Әр сабақ 20 минуттан болса, 10 минут үзіліске беріледі. Балалар мектеп атмосферасын енді ғана сезініп, үйренісіп жатқандықтан, әрі өздерін жалықтырып жібермес үшін күнделікті шағын бағдарлама дайындалды. Сауат ашу, математика, қоршаған орта, жабыстыру, мүсіндеу секілді сабақтардың қарапайым негіздері балаларға оқытылады. Міндетті түрде сергіту сәттері өтеді. Бір топта 14-15 баладан аспайды. Қазіргі балалардың көбінде қалам ұстау, сурет салу дағдылары дамыған, деңгейлері жақсы» деді А.Түсіпқызы.

Мектепке, партаға, мұғалімге енді ғана бейімделіп жатқан кішкентайлардың арасында үйренуге ерекше зейін қойғандары да, қобалжып отырғандары да байқалды. Солардың арасында 7 жасар Гүлсім Қабдушева мен 6 жасар Жәудір Оңғарбек бар. Бірі жаңа әріптермен танысып, хакім Абайдың өлеңдерін білетінін айтса, енді бірі сандарды жақсы көретінін жеткізді. Біз де бүлдіршіндердің оқуға қызыға, құштарлықпен кіріскенін көріп, бір сүйсініп қайттық.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button