Ресми бет

Баласы бар үй – бақытты шаңырақ

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Балалар жылы» аясында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен тележүргізуші, актриса, көпбалалы ана Жұлдыз Әбдікәрімовамен өткен кездесу.

[smartslider3 slider=2133]

«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының орталығында өткен жүздесу қайырымдылық сипатта болды. Өйткені ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қоғам назарын аударып, оларға дем беру – аталған шараның мақсаты. Қоғамдық қор орталығында Ж.Әбдікәрімова аналармен сырласып, өз басынан өткерген оқиғаларын баяндады. Себебі актриса баласы Нарұлдың жүрегіне күрделі ота жасатып, бауыр етінің қалай қиналғанына куә болған. Тұла бойы тұңғышы тұншығып тұрып «мама» деп анасын көмекке шақырғанда, ол өзін қоярға жер таппағанын айтады.

«Қазіргі таңда балалардың денсаулығына қарай бөле қарап, қабылдау белең алған. Менің ойымша, әрбір адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл мәселені шешуде белгілі тұлғалардың, депутаттардың, блогерлердің, эстрада жұлдыздарының көмегі керек. Көп болып осы іске ұйысқанда аналарға қол ұшын созып, сұрақтарына жауап беріп, мұңдарымен бөлісетін боламыз» деді Жұлдыз Әбдікәрімова журналистерге берген сұхбатында.

«Бақытты шаңырақ» қоры екі жыл бұрын бас шаһарда ашылған болатын. Содан бері ерекше тағдырлы балалары бар 500 отбасының басын қосып, оқытып, материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, жұмысқа орналастыруға ықпал жасап келеді.

Баян АСЫЛБЕКОВА

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button