Әлеумет

БАЛАСЫН САТЫП, БАЙЫМАҚ ПА?

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Сол айтқандай, «іште пікір өлмесін» деп, қолыма қалам алдым. 

«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Ал, жасынан жылылық, мейірім көрмеген бала қатыгез болып өсетінін ескерсек, соның салдарынан қазір бұрын-соңды болмаған, көз көріп, құлақ естімеген жәйттерге куә болып жүргеніміз шындық. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» дегенді ұмытып бара жатқандаймыз.
Ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдептілік пен мәде­ниеттілікке, тәртіптілік пен еңбекқорлыққа, әсемдікке баулып отырған.
Дегенмен, қазір жағдай басқаша. Теледидарды қоссақ болды, еститініміз: «алты айлық
нәрестесін сатып жіберген әйел ұсталды», «елі­мізде бала сату фактісі көбеюде», «жекеменшік пер­зент-
­хананың бас дәрігері нәресте саудалаумен айна­лысқан», «сәби сатпақ болған мейірбикелер тұт­қын­далды», «баспанаға қол жеткізу үшін Сашаны 30 мың долларға сатуға келіскен», «тағы да нәресте сату фактісі анықталды» тақылеттес жаңалықтарды жиі еститін болдық. Төбе шашың тік тұрады. Бұл не масқара?! Бауыр еті – баласын сатып байымақ па сонда?
Құқық қорғау органдарының мамандары мәселенің мән-жайын анықтап, прокурорлар сәбиін сатпақ болғандардың үстінен қылмыстық іс қозғауда. Бірақ, нәтиже шамалы сияқты. Бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Отбасында дұрыс тәрбие алған қыздардың өсе келе мұндай жат қылыққа бой алдырмасы анық. Демек, бұрын-соңды естiп көрмеген бұл дерттен құтылу үшін ұлттық тәрбиені жаңғыртқан жөн-ау.

Шолпан АЛДАНЫШҚЫЗЫ,
тәрбиеші,
Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button