Денсаулық

Балдырғандар жанының бағбаны

Бала дәрігері болу оңай емес. Білікпен қатар, мейірім мен махаббатты қажет етеді. Ауырып келген баланы еркелетіп, аялай отырып емдеу үшін абзал жанның жүзінде жылу болу керек. 40 жылға жуық балалар дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқан елордалық Роза Өтегенова – сондай ізгі жанның бірі. Бар өмірін балаларға арнаған дәрігермен мереке қарсаңында аз-кем әңгімелескен едік.

Роза Баженқызы Қарағанды қаласындағы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін тәмамдаған. Әрине, алғашқы еңбек жолын туған жері – Қос­танай облысы Амангелді ауданында бастаған. Әдепкіде учаскелік дәрігер, кейіннен аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі және педиатр-дәрігер болып қызмет атқарған. 13 жыл бойы аудандағы балалар денсаулығына қамқор болған дәрігер кейіннен елмен бірге елордаға қоныс аударады.

«Аудандық ауруханадан кеткеннен бері 26 жыл бойы осы ауруханада жұмыс істеп келемін. Біздің аурухана – ең алғашқы балалардың жұқпалы аурулар ауруханасы. 2019 жылдан бері атауы №3 көпбе­йінді қалалық балалар ауруханасы болып өзгерді. Соңғы 14 жыл директордың медициналық бөлім жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келемін. Мен осы ауруханамен бірге өсіп, дамып келемін деп айта аламын. 1997 жылдан бері осы қаланың тұрғынымын. Аурухананың ғана емес, елорданың да дамуы менің көз алдымда. 90-жылдардың соңында ауруханада небәрі 120 орын болса, бүгінде 300-ге дейін ұлғайды» деп еске алады Роза Өтегенова.

Бала дәрігерінің міндетіне бала денсаулығын емдеу мен алдын алу шаралары ғана емес, өсу динамикасын қадағалау мен бала күтіміне қатыс­ты ата-аналарға кеңес беру кіреді.

«Қазіргі таңда балалар ара­сында анемия, витамин жетіспеушілігі жиі байқалады. Әрбір әйел жүкті болған сәттен бастап баланың денсау­лығына мән беру керек. Жас аналар сәбиіне тиісті вакцинаны уақытылы алмай жатады. Бұл өте маңызды, себебі балалар арасында жұқпалы аурулар тез тарайды. Ал вакцина болса, ол ауруды жеңіл еңсереді» дейді балалар дәрігері.

Дәрігердің пікірінше, қанша жыл жұмыс істесе де, бұл мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді.

«Мен балалар дәрігерімін, педиатрмын. Қатты ауырған балаларды қайғылы жағдайдан сақтауға өз көмегімді тигіздім деп ойлаймын. Жас болған соң мамандықтың қиындығын түсінбеген де шығармыз. Бүгінде медицинада жыл сайын жағымды өзгеріс көп. Инновациялар, жаңа технологиялар еніп жатыр. Ең бастысы, бірыңғай ақпарат жүйесі қалыптасты. 40 жылға жуық еңбекте алдыма келген әр баланың жазылып кеткені – мен үшін, әріптестерім үшін ең үлкен жетістік. Шынын айтқанда, бала үшін жанымыз ауырады. Балақайлардың есен-сау ержетуіне өз үлесімді қосуға әр кез дайынмын» дейді Роза Өтегенова.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button