Мәдениет

Балет бишілерінің бір биігі

Осы күндері Австралияда өтіп жатқан Ballet International Gala әлемдік шоуына «Астана Опера» театры балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан және балет бишісі Шұғыла Әдепхан қатысып жатыр.

[smartslider3 slider=1987]

Аталмыш шара 26 қаңтарда басталып, 5 ақпанға дейін жалғасады. Қазақстандық бишілер онда А.Хачатурянның «Спартак» балетінен нөмірді көрсетіп жатыр. Олардың өнеріне жергілікті БАҚ тәнті болып, жарыса жазып жатыр. Атап айтқанда, Тhe Australian, The Courier Mail, The Mercury, The Cairns Post және басқа да басылымдар назар аударды.

Атап айтқанда, танымал австралиялық сыншылардың бірі, өнер шолушысы Фил Браун The Courier Mail газеті арқылы Бақтияр мен Шұғыланың өнеріне жоғары баға берді.

– «Спартак» балетінен үзінді орындаған қазақстандық қос биші – Бақтияр Адамжан мен Шұғыла Әдепхан ең әдемі әуендердің бірі – Арам Хачатурянның музыкасына керемет биледі. Бақтияр Адамжанның бейнесі шынайы Спартактан айнымай қалды. Балетті қойған Юрий Григорович оны рөлге арнайы таңдап алған. Оның себебі де түсінікті. Бұл жұптың өнер көрсету қуаты таңғалдырады. Олар қимылдарды әдемі бере білді, – деп жазды шетелдік сыншы.

Бақтияр Адамжанның жұлдызын дәл осы «Спартак» балеті жандырғанын айта кету керек. Ол бірнеше рет Нью-Йорк, Ыстанбұл, Сеул, Мәскеу және басқа да әлем қалаларында өткен халықаралық балет байқауларының лауреаты атанды. Шақыртылған әртіс ретінде әлемнің атақты сахналарында өнер көрсетті.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button