Мәдениет

Балет жұлдыздары астанаға жиналады

26 маусым күні «Қазақстан» орталық концерт залында балет өнерінің жарық жұлдызы, украин­дық өнерпаз Денис Матвиенконың театры «Quatro» және «Radio and Julie» қойы­лымдарын қояды. «KJ» арт агенттігінің шақыруымен елордаға ат басын тірейтін өнер ұжымының жаңалығы неде? Оны бізге аталмыш агенттіктің арт-директоры, балет­мейстер Жәнібек Қайыр айтып берді.

балет

– Компанияны құрудағы бас­ты мақсатым – қазақстандық көрер­менді әлемдік балет жұл­дыздарымен, осы өнердің жаңа ағымдарымен жақын таныстыру. Балет тек қана классикадан тұрмайды. Қазір модерн сияқты заманауи бағыттар да шықты. Денис Матвиенконың өзі – сон­­дай жаңашылдыққа жақын, балет­тің қыр-сырын меңгерген әлем­дік деңгейдегі жұлдыз, Мария театры­ның премьеры, Үлкен театр шақырған жұлдызды балет бишісі. Биылдан бас­тап ол Новосібірдегі опера және балет театрының көр­­­кемдік жетекшісі қыз­­метіне кірісіп отыр, – деп бастады әңгі­­месін балетмейстер.
Оның айтуынша, «Radio and Julie» балеті классик қалам­гер Уильям Шекс­пир­дің «Ромео мен Джульетта» шығармасының желі­сімен қо­йылмақ. Алайда, қойы­лым жа­ңаша талдауда болмақ.
«Денис оның орнына «Sabat» балетін ұсынған. Бірақ, аталмыш балетті қазақстандық кө­рерменнің назарына шығару әлі ертерек деп ойлап, алдындағы шығармаға тоқтадық. Бұл балетте «Radio and Hair» деген атақты рок-топтың музыкасы ойнайды. Музыка мен қойы­лым-­ды қоюда хореограф Эдвард Клюк көрерменді қызықтыратын өзіндік ерекше­ліктерді тапты. Осындай балетті қазақстан­дық­тар әлі көрмеген.
Ал «Quatro» балетінде осы өнер түріндегі жаңа ағым­дар, яғни, технология заманын­да­ғы қазіргі тыныс-тірші­лігіміз қар­­баласымен қоса көрініс табады. Яғни, бұл шығарма арқылы бүгінгі өмірімізді сыртынан тамаша­лауға болады.

Denis-anastasia-matvienko-radio-juliet-jack-devant-102
Балетке төрт кейіп­кер қа­ты­сады. Оның әрқай­сы­сы­ның өз өмірі, өз энерге­тикасы бар. Бір ерек­шелігі – «Quatro» балетіне арнайы музыка жазылды. Сахнада ол рояль мен виолончельдің сүйе­мелдеуімен жанды дауыста орындалады» дейді Жәнібек Қайыр.
Балетмейстер әңгіме барысында «Астана Опера» театрының қойылымдарына қатысты да пікірін білдірді. Оның сөзінше, театр қойғалы отыр­ған «Париж Құдай ана­сының ғибадатханасы» балеті – өнер ұжымының үлкен даму жолына түскенінің белгісі және өнердегі зор жетістіктерге же­телейтін қойылым. «Сондай қойылымдар Астанада жиірек қойылуы тиіс. Сонда халықта да таңдау болып, балет өнеріне жақындай түседі» дейді ол. Агенттік те бұл театрмен болашақта әріптестік орнатпақ.
«KJ» арт агенттігі Астанада шетелдік әр­тістердің қатысуымен балет қою жобасын алғаш рет қолға алып отыр. Агенттік арт-директоры болашақта елордаға әлемдік жұлдыздар қатысатын классикалық балет­терді әкелмек. Сондай-ақ, шетел сахналарында өнер көрсететін қазақ жұлдыздарын Астанаға жинау мәселесін ойластыруда. Мәселен, Будапешт театрында жұмыс істейтін Әлия Танықбаева сынды бишіні шақырмақ. Балетмейстердің айтуынша, ол сияқты әлемдік деңгейдегі қазақ әртістері шетелде өте көп. Бұйыртса, бұл жоба да алдағы бірнеше жылда жүзеге асады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button