Мәдениет

БАЛҒЫНБЕКТІҢ БАҒЫ ЖАНДЫ

айтыс 2

Тәуелсіздік күні мерекесі мен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған «Мәңгілік ел – мұратым» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып, партияның қолдауымен өткен айтыскер ақындар додасы екі күнге созылған еді. Алғашында жиырма екі ақын шаршы топқа түсіп, іріктеле келе он ақын ақтық сайысқа жолдама алды. Өткен сенбі күні осы он ақын «Конгресс холға» жиналған айтыссүйер қауымның алдында сөз қағыстырды.

Бірінші жұп болып сахнаға шыққан Айнұр Тұрсынбаева мен Тараздан келіп, осы айтыстың жаңалығы болған Әсет Дүйсебайдың сөз сайысы жеңге мен қайны арасындағы әзіл-қалжыңға құрылды.

Қалай десек те, осы жұптың сөз қағысында айтыс сахнасында мол тәжірибе жинаған Айнұрдың өнері жастық жалыны атойлап тұрған Әсеттен оқ бойы озық екені көрініп тұрды. Берілген тақырыпты мейлінше қамтып қалуға тырысқан Айнұр мемлекеттік органдардың босағасынан еркін аттай алмай келе жатқан қазақ тілінің жайын қозғап, баяғыдан белгілі «қазақ тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметке алынбасын» деген ойды жаңғыртты. Баспаналы боламын деп, несие алып, төлей алмай жүрген халықтың мұңын жырлады. Әр жыл сайын желтоқсан айында «Конгресс холда» айтыс өтетінін ескеріп, оны «Айтыс сарайы» деп атауы жөнінде ұсынысын ортаға тастады.

Нағыз тартысты айтыс Еркебұлан Қайназаров пен Балғынбек Имашевтың арасында өтті. Қарсыласын бажа деп атаған Балғынбек сөздерін әдеттегінше белгілі әндердің әуеніне лайықтап құрып, шоу жасады. Әсіресе, осының алдындағы Тәуелсіздік күніне арналған екі айтысқа қатыса алмағандықтан, бұл айтысқа тастүйін дайын болып келгенін айтып, Еркебұлан өз өнерімен көрермендерді тәнті етті. Қазылар алқасы ақындарға баға бергенде де Көпен Әмірбектің Еркебұланға қойған «тоғызына» келіспеген халық шулай жөнелді. Ақыры, белгілі сатириктің көрермендер ығына жығылмасқа амалы қалмады. Сөйтіп, Еркебұлан да Балғынбек сияқты ең жоғарғы 70 ұпайды еншіледі.

Үшінші жұп болып сахнаға Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов шықты. Айбек әдеттегідей тереңнен толғады. Кешегі бодандықты, бір кездері қырғыз-қайсақ аталғанымызды еске алған ол Тәуелсіздіктің арқасында биік мақсаттарға құлаш ұрғанымызды өлеңмен өрді. Мұхтардың бабы сәл келіспеген сияқты. Десек те, ұлтымыздың қаһарман ұлы Жұмабек Тәшеновтің келесі жылға дөп түсіп тұрған 100 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өтудің дұрыстығын айта кеткен ол өзге елдер басшыларының мемлекетімізге жақында жасаған сапарларын, соның ішінде Франция президенті Франсу Олландтың елімізге келгенін еске алып:

Эйфелдей мұнаралы француздар

«Бәйтеректің» алдында бас иіп тұр, – деген ұтымды жолдарды төгілтті.

Олардан кейін азуы алты қарыс Бекарыс Шойбеков пен жас пері Жандарбек Бұлғақов сөз қағыстырды. Бекарыс өз шумақтарын Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатынан тартып, Ұлытау облысын құру керек деген ұсынысты айтты. Жандарбек болса, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуы жа­йында айта келе:

Жолдардың құрылысына бөлінген ақша

Қолдардың уысында қап қоймасын, –

деп, еліміздегі сыбайлас жемқорлықты сынап өтті.

Сара Тоқтамысова мен Мақсат Ақанов қыз бен жігіт айтысын жасады. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді. Бұл жұптың сөз қағысына қатысты осыны айтуға болады. Бірін-бірі сөзбен түйрегеннен басқа олар ашылып айтыса алмады.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман осы айтыстың сәні мен мәнін кіргізді. Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова сынды өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы айтыс майталмандарына Халық ақыны атағы қалай берілгенін еске алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің сөзіне үн қосқан ол Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиевке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын беру туралы Үкіметке ұсыныс жіберілгені туралы ақжолтай жаңалықты жария етті.

Айтыстың қорытындысына келсек, үшінші орынды Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаева бөлісіп, әрқайсысы 1 млн теңгеден иеленді. Екінші орын жүлдесі – 1 млн 500 мың теңге Еркебұлан Қайназаровқа бұйырды. Бірінші орын жүлдесі – 2 млн теңге Жандарбек Бұлғақовқа берілді. Бас жүлде – «Алтын домбыра» мен 3 млн теңге Балғынбек Имашевтың қоржынын қампайтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button