Мәдениет

БАЛҒЫНДАР САЙЫСЫНЫҢ «БАЗАРЛЫҒЫ» КӨП

Аялаған Астана

«Аялаған Астана» байқауының қатысушылары қызу дайындық үстінде.

Балаларға арналған «Аялаған Астана» ұлттық музыкалық телевизиялық байқауы биыл екінші рет өткелі отыр. Оның ұйымдастырушылары – «Нұр Отан» ХДП, Астана қаласы әкімдігі, Игорь Крутой жетекшілік ететін «АРС» продюсерлік компаниясы және «Еуразия» бірінші арнасы. Байқаудың іріктеу кезеңінде еліміздің 16 қаласынан 8-12 жас аралығындағы 1000-нан аса бала бақ сынап, орталарынан 17 бала озып шыққанын ілгеріде хабарлаған едік. Қазір финалистер қызу дайындық үстінде. Байқаудың ақтық сыны Астана қаласында 4-6 шілде елорда тойына орай өткізіледі.

Бас жүлдеге ие болған жас дарын «Детская Новая Волна» байқауында Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне және 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыға (ол баланың шығармашылық дамуына жұмсалады) ие болады. Бұған қоса, 1, 2, 3 орындарға және «Көрермендер көзайымы» аталымына лайық деп танылған балалар да құралақан қалмайды дейді ұйымдастырушылар.

Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген жеткіншектер әншілік қабілеттерін шыңдап, вокал, сольфеджио, актерлік шеберлік бойынша ресейлік Лина Арифулина шеберханасының білгір мамандарынан, педагогтарынан сабақ алуда. Байқаудың негізгі мақсаты да тасада қалған талантты іздеп тауып, кәсіби әншілік жолға салу десек, жүлде алсын-алмасын, бірақ білікті мамандардан сабақ алудың өзі балғындар үшін үлкен олжа екені анық.

«Шоу түрінде өтетін байқау үш күн бойы тікелей эфирде көрсетіледі. Арнайы іріктеліп алынған 12 концерттік нөмір дайындалып жатыр. Әділқазылар алқасының ұйғарымымен, SMS арқылы жолдаған халықтың дауысы да ескеріледі, балалар «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салатын болады. Қатысушы міндетті түрде қазақ және ағылшын тілдерінде ән айтуы тиіс. Жеке орындаумен қатар, М.Арапбаева, А.Кішкенбаев, С.Бақаева сынды әншілермен дуэт болады» дейді бағдарламаны ұйымдастырушы ресейлік мамандар.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Ғалимұрат ӘбдіманаповҒалимұрат Әбдіманапов, 13 жаста:

«Қарақат» мектеп-студиясында шыңдалдым

– Ән айту – маған нағашыларымнан дарыған өнер. Екінші сыныпта оқып жүргенде пианино үйірмесіне бардым, сондағы педагогтер маған дауысымның жақсы екенін, хорда ән айтып жүре бермей, жеке ән айту керектігін айтты. Бірақ ата-анам да, мен де аса мән берген жоқпыз. Кейін 2011 жылы «Қарақат» мектеп-студиясына бардым, сол мектепте оқығаныма биыл үшінші жыл.

 

   
Малика СмағұловаМалика Смағұлова, 10 жаста:

Үй ішімізбен өнерге жақынбыз

– Мен Павлодар қаласынан келдім. Ең алғаш кас­тингке келгенде Адельдің «Rolling in the deep» әнін орындадым. Арманым – сол әншімен кездесіп, дуэт айту. Ол үшін көп еңбек етіп, тер төгу қажет. Менің әпкем Аида Смағұлова кезінде «Voyage» тобының әншісі болды, қазір де музыкамен айналысады, ағам Мерген Смағұлов озық DJ-лердің қатарында. Әкем музыкалық аспаптардың құлағында ойнайды. Мен де осы байқаудан жүлделі орын алып, ата-ана үмітін ақтайтыныма сенімдімін, себебі, өзіне сенбеген адамға ешкім сенбейді.

   

   
Замира СағадиеваЗамира Сағадиева, 12 жаста:

Ән айтуды әжемнен үйрендім

– Мен Ақмола облысының Зеренді ауданынан келдім. «Аялаған Астана» – бізге берілген үлкен мүмкіндік, мұнда біз өз дарынымызды бүкіл елге таныта аламыз. Астанадағы күндерім қызықты өтуде, бәріміз «Думан» ойын-сауық орталығына, «Астаналық циркке» бардық, Есіл өзенінде пароходпен жүрдік. Атақты спортшы Денис Теннің өнерін тамашаладық. Күн сайын вокалдан, биден сабақ аламыз, йогаға барамыз. Маған ән айтуды әжем үйретті, анам да өнерден құралақан емес. Болашақта мен де өнер ауылынан алыс кетпеймін, танымал әнші болғым келеді.

Айжан ҚАСЫМОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button