ЖаңалықтарЭкономика

БАЛТЫҚ ЖАҒАЛАУЫМЕН БАЙЛАНЫС НЫҒАЯДЫ

ERA_7218

Кеше Пекин Палас қонақжайында Қазақстан-Латвия бизнес форумы өтті. Оған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Рига қаласының мэрі Нил Ушаков қатысты.

Жиынды ашып, меймандарға жылы лебізін білдірген қала әкімі алдымен жас Астананың даму динамикасына тоқталды. Кезінде облыс орталығы болған шағын қала аз уақыттың ішінде әсем Астанаға айналғаны айтылды. Қысқа мерзімде тұрғындар саны төрт есеге артып, жалпы инвестиция көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құрауы да – жас шаһардың жетістігі.

Елордада құрылыс саласы да қарқынды жүргізіліп келе жатқанын атап өткен Иманғали Нұрғалиұлы жаңа теміржол вокзалы салынып, қолданыстағы халықаралық әуежай ғимараты қайтадан жаңғыртылатынын жеткізді.

Астанада инвесторларға  қолайлы жағдайлар жасалған және осында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар да аз емес. Әртүрлі саладағы осындай жобаларға Латвия кәсіпкерлері де қатыса алатынын құлаққағыс еткен шаһар басшысы екі елдің экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндігі көп екендігін атап өтті.

Иманғали Нұрғалиұлының айтуынша, республикалар арасындағы тауар айналымы әзірше мәз емес. «Ынтымақтастықты кеңейтуге біздің әлеуетіміз жетерлік. Басты мәселе – кооперациялық байланыстарды орнатуда болып тұр»,  деді ол.

Бұдан кейін Рига қаласының мэрі Нил Ушаковқа сөз беріліп, ол екіжақты әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға бейіл екендіктерін жеткізді. «Екі ел арасындағы алыс-беріс аса көп болмаса да, біз қай саланы да дамытуға мүдделіміз. Айталық, Астана мен Рига қалалары арасында әуе рейсін ашуды қарастырып отырмыз. Ол үшін барлық қажетті жұмыстарды қолға алатын боламыз. Сонымен бірге, Қазақстанның  Ригадағы елшілігінің ашылуын да асыға күтеміз. Бұл да қос шаһар арасындағы жарқын байланысты тереңдете түсер еді» деді  Нил Ушаков.

Форумда «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы әкімшілендіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркен Айтбаев сөз сөйлеп, инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдауға арналған еліміздегі мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды. Ол елордадағы арнайы экономикалық аймақта 47 серпінді жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде 19-ы нақты пайдалануға берілген. Ал 17 жоба – құрылыс сатысында болса, бесеуі жер телімін ресімдеу үстінде. Тағы алтауы жобаланып жатыр екен. Индустриялдық паркте еркін кедендік режим сақталғаны да айтылды. Осында жұмысын бастаған инвесторлар жер, мүлік, корпоративтік табыс салықтарынан босатылынын да латыштар жадында түйгені анық.

Іскерлік жиынның соңында қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button