Sport

БАЛУАНДАРЫМЫЗДЫҢ БАҒЫ ЖАНДЫ

Астанада, нақтырақ айтсақ, «Сарыарқа» велотрегінде дзюдо күресінен халықаралық Гран-при жарысы болып өтті. Әлемнің 36 мемлекетінен 277 спортшының басын қосқан додада 154 ер азамат бақ сынаса, 123-і – нәзік жандылар. Біздің елдің атынан 48 (26 ер, 22 әйел) балуан өнер көрсетті. Сайысқа теріскейдегі көршіміздің атынан 18 спортшы қатысса, Израиль мемлекетінен – 15, ал моңғол мен алман тарапы аттай үкілеп 14 қыз-жігітін әкелген екен. Словакия, Люксембург, Бельгия және Черногория сынды елдердің атынан бір-бір қатысушы ғана елорда татамиінде тер төкті.

Үш күнге созылған үлкен жарыстың қорытындысы бойынша отандастарымыз ойымыздан шыға білді. Солардың бірі – Елдос Сметов. Алпыс келі салмақ дәрежесі бойынша жақында ғана Азия ойындарын ұтып алған балуанымыз Астанадағы кездесудің төртеуінде де иппон әдісімен жеңіске жетті. Ол ұстасқан украиналық Денис Виличенконы, ресейлік өзбек Бахром Иноеатовты, ресейлік Дмитрий Куликовты қапы қалдырып, финалда моңғолиялық Амартушвин Дашдавааға да еш мүмкіндік қалдырмады.

Осы салмаққа тиесілі қола жүлдені тағы бір қандасымыз Асхат Телманов иеленді. Ол ширек финалда жапон Хиронори Ишикавадан ұтылды да, қолаға талас барысында өз отандасы Рустам Ибраевтан, кейін ресейлік Куликовтан айласын асырды.

Жеңіл салмақ – 66 келіде өнер көрсеткен Жансай Смағұлов алғашында израильдік Тал Фликер мен поляк Павел Загродникті жеңген болатын. Ол жартылай финалда белорус балуаны Дмитрий Черчаннан басым түскенмен, алтын медаль жолындағы ақтық кездесуде жапон Юки Хашигушиден ұтылып қалды. Азия ойындарының қола жүлдегері Азамат Мұқанов та жартылай финалда осы Юки Хашигушиден ұтылып, финалға шыға алмаған еді. Сөйтіп, Мұқанов қола жүлде үшін өткен кездесуде тағы бір жапон Миа Риазакиден ұтылып, бесінші орынға қанағат етті.

Ал Әзиз Қалқаманұлы 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанып, қоржынымызға алғашқы күннен-ақ олжа салды.

Әлемдік Гран-придің келесі күнінде қазақ балуандары төрт медаль ұтып алды. 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков финалдық белдесуде Лондон олимпиадасының қола жүлдегері германиялық Димитри Петерсті ұтты. Біздің балуан ақтық кездесуге дейін жапониялық Рюко Огаву мен Ресей өкілі Давид Битиевтан басым түссе, жартылай финалдық белдесуде мысырлық Рамадан Дарвиштан айласын асыра алды. Осылайша Максим Инчхондағы күмісті алтынға айырбастап отыр.

Ал 90 келіде белдес­кен Әсет Ахметжанов алтын жүлдеге бір табан жете алмай сан соғып қалды. Ол финалда әлемдік рейтингте 33-орында тұрған тәжік балуаны Комроншох Устопирионға есе жіберіп, күміске қанағат етті. Оған дейін Әсет венгриялық Габор Вер, мысырлық Хатим Абдул Ахер және ресейлік Хусейн Калмурзаевтардың жауырындарын жерге тигізді.

Сонымен қатар, әйелдер арасында өткен бәсекеде 78 келіден жоғары салмақта күрескен Зарина Әбдрасулова  Гран-при жарысының қола жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда украиналық Ирина Киндзерскаға жол беріп, тағы бір украиналық Светлана Яромкадан жеңілген отандасымыз Гүлжан Исановамен қолаға таласты. Негізгі уақытты тең аяқтаған спортшылар «алтын ұпайға» кезек беріп, Заринаның жолы болған еді.

Жарыс нәтижесінде Қазақстан дзюдо құрамасы екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді. Ал, екі алтын, бір қола еншілеген Венгрия екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті бір алтын, екі күміс және бес қоласы бар Германия қорытындылады.

Марапаттау рәсімінде әр жеңімпазға дипломдардан бөлек 100 000 АҚШ доллары көлемінде сый-сияпат көрсетілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button