Экономика

Банк алымы азаяды

Еліміздегі екінші деңгейдегі банктер бұған дейін несие алушыларға да, банк арқылы әртүрлі төлем жасаушыларға да өз қызметі үшін комиссиялық алымды қалауынша тағайындаған еді. Мәселен, несие алсаң, өтінішіңді қарағаны үшін бір, қолма-қол ақша бергеніне байланысты екі, құжаттар дайындағанына орай үш комиссиялық алым төленетін. Комиссияның түрі осы үш-ақ алыммен бітсе жақсы ғой, әр жаңа құжат, әрбір қызмет үшін қосылатын комиссия мен төлем түрі де одан әрі жалғаса береді. Жақында Ұлттық банк олардың бұл әрекетіне тосқауыл қойып, комиссиялық алымның ресми тізімін бекітті.

1468245802_nacbank_rk_etoday.kz

Ұлттық Банк бекіткен «Жеке тұлғаларға берілетін шағын несие және банк қарыз ақшасын беру және сол бойынша қызмет көрсетуге қатысты алынатын комиссия мен басқалай төлемдер тізімі» – бұл ресми құжат. Екінші деңгейдегі банктер осы тізімде жоқ немесе тізімде көрсетілгеннен артық комиссия және басқа да төлемдер тағайындайтын болса, заң жүзінде жауап беретін болады.
– Бұған дейін екінші деңгейдегі банк­тер комиссияны өздері тағайындап кел­­ді. Ол комиссияның саны қырық шақты, тіпті одан да көп болатын. Ұлттық Банк оны бірнеше есе қысқартып, тек 11 комиссия және басқалай төлем түрі тізімін ресми түрде бекітті. Бұған қоса, екінші деңгейдегі банктерге осы тізімдегі комиссияның ең арзанын және барынша аз мөлшерін қолдануға кеңес берді. Осы талапты орындамай, өз беттерінше комиссия тағайындаған банктер анық­талып жатса, оларға заңды түрде шара қолданылады. Бірінші кезекте үлкен мөлшерде айыппұл салынады, тіпті кейбір операцияларды орындауға берілген лицензиясынан айырылуы мүмкін, – дейді Ұлттық Банктің Валюталық реттеу және төлем балансы департаментінің төлем баланс­тарын басқару жөніндегі сарапшысы Дания Байкенова.
Бұл тізімді Ұлттық Банктың қабыл­дағанына біраз уақыт өтсе де, екінші деңгейдегі банктерге шілде айының аяғында ғана мәлімделген екен. Өйткені 2015 жылдың қарашасынан бері барлық банктер мен шағын қаржылық ұйымдарға Ұлттық Банк бекітетін тізімнің заңдық нормалары жан-жақты таныстырылған. ҚР «Жұмыс істемейтін кредиттерге байланысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң нормаларында көрсетілген бұл жаңа талаптар шілде айының 1-інші жұлдызынан қолданысқа енетіні де барлық қаржылық операцияға қатысушыларға ескертілген. Ал айдың соңынан, яғни 25 шілдеден бастап заң бұзғандарға қатаң шара қолданыла бас­тайды. Сондықтан екінші деңгейдегі банктер мен өзге де қаржылық ұйымдар шілде айының 25-нен кейін комиссиялық алымды қатаң түрде Ұлттық Банк тізіміне сәйкес жүргізуі керек.
– Ұлттық Банктің бұл ресми құжаты құқықтық акт болып табылады. Ол әділет органдарына тіркелгенннен кейін заңды күшіне енеді. Ұлттық Банк құжаты әділет органдарына 14 шілде күні тіркелді. Он шақты күн көлемінде ресми ақпарат көздерінде жарияланды. Жарты жылға жуық уақыт қаржылық құрылымдар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Былайша айтқанда, «білмей қалдық», «жете танысып үлгерген жоқпыз» немесе тағы сондай сылтаулар айтудың еш­қандай реті жоқ. Еліміздегі барлық қаржылық құрылымдар Ұлттық Банктің бұл ресми тізімімен біраз уақыттан бері таныс. Қаржы нарығына қатысушылардың барлығы дерлік оны жақсы біледі. Сон­дықтан, банк қызметін пайдаланушылар, жалпы халық осы нормалардың бұзыл­мауын талап етуге құқылы. Бұзылған жағ­дайда, Ұлттық Банктің кез келген бөлімшелеріне хабарласып, жағдайды мәлімдеуіне болады. Одан кейінгі шараларды Ұлттық Банк заңға сай жүргізеді, – дейді Дания Байкенова.
Маманның айтуынша, ресми құжат қабылданбас бұрын қаржы нарығына қатысушылардың барлығына таныс­тырылған кезде арнайы талқы­лаулар да өткізілген. Сол кезде тек банктер мен қаржы ұйымдарының ғана емес, қоғамдық ұйымдардың да айтылған ұсыныстары, ескертулері, өтініштерінің бәрі ескерілген. Оның бәрі жан-жақты сарапталған. Нақ­тырақ айтқанда, Ұлттық Банктің ко­мис­сияға қатысты ресми тізімі бар­лық қаржы нарығына қатысушылардың ке­лі­сімімен қабылданып отыр. Олардың бәрі бұл тізімді мақұлдаған. Барынша жан-жақты зерттелген тізім қолданыс кезінде ешқандай дау туғызбайтынына Ұлттық Банк өкілдері сенімді.
«Банктер және банк қызметі» туралы ҚР Заңында бұдан бұрын арнайы өзгеріс енгізілген екен. Сол нормада Ұлт­тық Банктің жеткілікті комиссия тізімін бекітуге құқылы екені айтылған. Мұның бәрі сайып келгенде, қарыз алушылар, банк қызметін пайдаланушылардың құ­қы­ғын қорғау бағытында атқарылып отыр­ған шара.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button