Банктердің жауапкершілігі қайда?

Өзіңіз жақсы білетіндей, адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп, білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ Қазақстан халқына ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр.
Солардың бірі – «онлайн алаяқтық». Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатуда.
Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеттегі жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған. Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған.
Дәлелмен айтсақ, Республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250-бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал ҚР Қылмыстық Кодексiнің 254-бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша 17 іс қозғалған.
Бір түсініксізі, бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айырылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл халыққа жасалған орынсыз қиянат қой.
Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайраңдамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, халық екенін ұмытпайықшы.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мыналарды ұсынамыз. Біріншіден, екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу іс-шараларын қарастыруы тиіс. Екіншіден, шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктерге өз тарапынан өтеу міндетін жүктейік.
Ринат ЗАИТОВ, Мәжіліс депутаты