Басты ақпарат

Бақ қонған бас қала

10 желтоқсан – елорда тарихында ерекше күн. 1997 жылы осы күні Алатау баурайынан Арқа төсіне жаңа астана бар сән-салтанатымен көшіп келді. Сол күннен бастап Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жария­ланды. Бүгін осы тарихи оқиғаға 23 жыл толып отыр.

[smartslider3 slider=1289]

Қазақстанның жаңа астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының астана атанғанына биыл 23 жыл толды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде бас қаланың келбеті басқаша түске енді. Қала тұрғындарының саны 3 есе көбейіп, 1998 жылғы 400 мың тұрғыннан 2021 жылы қаладағы халық саны 1,2 миллион адамға жетсе, қала аумағы 4 есеге таяу ұлғайып, тұрғызылған баспана көлемі 20 есе өсті.

Өткен 30 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшуі болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл көш ширек ғасырда өз кереметін көрсетіп, Нұр-Сұлтан еліміздің аты затына сай ұлы орталығына айналды.

Өткен 20 жылдан астам уақытта кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан әлемдегі ең жас астаналардың бірі ретінде өз жетістіктерімен жүмлә жұртты жалт қаратты. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әртүрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Еліміздің жаңа астанасын жобалауға халықаралық байқау жарияланғанда әлемге әйгілі талай сәулетші қатысты. Жеңімпаз ретінде дүние жүзіне белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава танылып, оның ұсыныстарының негізінде қала дамуының 2030 дейінгі Бас жоспары әзірленген еді. Алайда Жапония сәулетшісі де өзі жобалаған жаңа астананың қысқа ғана уақытта жан саны күрт өсіп, қала аумағы тез ұлғаятынын мүлде мөлшерлей алған жоқ. Яғни Кисе Курокава 2030 жылы астанадағы халықтың саны 1 миллион болады деп жобалады. Алайда бұл көрсеткішке қазақстандықтар 2017 жылы-ақ жетіп алғанын ескерсек, 2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2 миллионнан асып түсуі әбден мүмкін. Өйткені «Қаламызда осыдан 20 жыл бұрын дүниеге жылына 4 500 сәби келетін болса, қазіргі уақытта 25 мың сәби дүниеге келеді. Сонымен қатар жылына 50 мыңдай адам қалаға көшіп келеді» деп Алтай Көлгінов айтқандай, Нұр-Сұлтан қаласының халық санының өсуі өте тез. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш үздіксіз ұлғаймаса, азаймайтыны белгілі. Астана өркендеген сайын бұл қалаға көшіп келушілердің қатары да күн санап көбейе бермек.

Қазіргі таңда елорданың жалпы өңірлік өнім мөлшері 6 триллион теңгеге немесе 18 миллиард доллардан асып түсті. Жалпы, еліміздегі қала мәртебесі бар 87 өңірдің ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл Қазақстанның ЖІӨ-нің 11 пайызын бір өзі қамтамасыз етуде. Өткен 20 жылда бас қаламыздың өркендеуіне және өндірісіне 47,7 млрд долларға жуық немесе 8,3 трлн теңге инвестиция салынып,1997 жылмен салыстыр­ғанда, 49 есе өскен. Бұл соманың 600 миллионы – тікелей шетелдік инвестициялар. Өнеркәсіп саласы 30 есеге, орта және шағын бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 80 есеге өсіп, 1998 жылдағы 13 млрд теңгеден 1 триллион теңгеге жетті. Мұның өзі Нұр-Сұлтанның экономикалық тұрғыдан өте тиімді жоба екенін аңғартқандай.

1997 жылдан бері отырғызыла бастаған елордадағы жасыл аймақтың жалпы аумағы қазір 15 мың гектарға жетті. Онда 11 502,2 гектар жерге 9,6 млн-нан астам ағаш (қайың, шегіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 млн-ға жуық бұта (қарақат, дерен, үшқат, мойыл) отырғызылған. Ел астанасы Ақмолаға көшкеннен кейін атқарылған «жасыл ел» бағдарламасы да өз нәтижесін беріп, астана төңірегіндегі орман отырғызылған аумақ бүгінгі таңда 100 мың гектарға жетті. Бұл Арқаның ажарын ашып, ауа сапасын жақсартып ғана қоймай, елордамыздың климатының жақсаруына, желден сақтануына өте тиімді болды.

Әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының ауқымды бағдарламасының нәтижесінде өткен 20 жылдан астам уақыт ішінде елордада 30-ға жуық республикалық және қалалық денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам балабақша мен мектеп салынды. Мәселен, бүгінгі бас қаламыз орналасқан аумақта 1991-2001 жыл аралығында мектепке дейінгі 36 ұйымда 13402 бала тәрбиеленсе, 2021 жылы бас қаламыздағы 376 балабақшада 52307 бала тәлім алуда. Ал орта білім беру жүйесіне келсек, 1998 жылы астанада 30 шақты мектеп болса, 2021 жылы Нұр-Сұлтандағы 144 мектепте 213790 оқушы оқып жатыр. 1998 жылы бұл өңірде 10 колледж білім берумен айналысса, қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда 34 кәсіптік, техникалық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Міне, бұл да – бас қаланың үздіксіз дамығандығының, елге ел қосылып, халық санының өскендігінің айқын дәлелі.

Қысқасы, Қазақстанның жаңа астанасы бүкіл отандастарымызға үлкен үміт, зор сенім сыйлады. Өткен 23 жылда әсем астана төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұртшылықты толғандыр­ған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button