Басты ақпаратМәдениет

БАҚ: түйткілді мәселелер талқыланды

Қоғамның цифрлануымен бірге жаңа медиаға сұраныс артып, ақпарат таратуда мультимедиалық элементтер пайда болуда. Осындай өтпелі кезеңде БАҚ-тың негізгі құндылықтарын саралап, мазмұны мен миссиясын айқындау маңызды болып тұр. Бәрінен бұрын аймақтық және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының бүгіні мен келешегін бағамдап, шығармашылық ұжымның дамуына қажетті бағыт-бағдар беру керек. Міне, осының бәрі Astana Media Week 2022 медиа апталығында таразыланды.

«Жаңа дәуір – жаңа медиа» пленарлық сессиясына Қазақ­станның қос ведомство басшысы – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдыр­әлі мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов қатысты. Сондай-ақ Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина бой көрсетіп, шараның маңызын арттыра түсті.

МЕДИА АПТАЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Сарапшылар мен мамандар ақпараттық технологияның көшбасшысы саналатын АҚШ-тан біз жарты ғасырға қалып қойғанымызды алға тартады. Біз блок-сфера мен дәстүрлі медианы немесе журналистерді, блогерлерді салыстырып жүргенімізде, Еуропа мен АҚШ ақпарат таратудың заманауи жолын қарастыруда.

Қазір смартфон мен планшеті бар кез келген адамның ақпарат таратуда мүмкіндігі мол. Әлеуметтік желілерде желдей ескен ақпараттың ішінде жаға ұстатар фейк те көп. Жалған ақпаратпен күресудің бір тәсілі – адамдардың ақпаратты тани білуге қасиетін шыңдау. Яғни жалған және шын ақпараттың аражігін ажырата білуге үйрету, медиа сауатты болуы маңызды.

Спикерлер арасында жаңа медианың проблемасы мен перспективасына тоқталып, жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімді жолы сандық технологияда екенін дәлелдеп бақты. Киноөндірісті идеологияның құралы етуді жақтағандар да болды.

Апталық аясында «Кризис коммуникациялар және сенімді нығайту», «Қазақстандағы жарнама медиа-нарығы: қазіргі жағдайы, перспективалар және даму драйверлері», «Сериал индустриясының жаңа кезеңі», «Подкасттар нарықты қалай жаулап алып жатыр?», «Табыс формулалары, журналистердің кәсіби құзыретінің өзгеруі», «Баспасөз басылымдарының трансформациясы», «Қазіргі радиохабар таратудың мәселелері», «YouTube мүмкіндіктері мен перспективалары» және т. б. тақырыпта өткен панельдік сессияда журналистиканың негізгі мәселері жан-жақты талқыланып, заманауи трендтерді, технологияны меңгерудің маңызына тоқталды.

Бәсекеге қабілетті, креативті мамандарды дайындау мәселесі назардан тыс қалмай, шетел тәжірибесінде кездесетін жаңашыл қадамдар – лонгрид, дата-журналистика біздің елде әлі кең өріс алмағаны айтылды.

Отандық жоғары мектептерде лонгридт дайындау технологиясы үйретіле ме, фейк ақпараттың рас-өтірігін ажырату жолдары оқытыла ма деген сауалға жауап алдық.

Сапалы кадрлар дайындау­ға, жауапты министр Саясат Нұрбектің сөзінше, елдегі 24 ЖОО «Журналистика және ақпарат» бағытында 4588 білім алушы бар (бакалавриат – 4276, магистратура – 266, докторантура – 46). «Медиакоммуникация», «Big Data журналистика», «Спорт журналистикасы», «Ғылыми журналистика», «Цифрлы медиа менеджменті», «Бизнес журналистика SMM, PR» және т. б. 110 білім беру бағдарламасы бекітілген. Қысқасы, медиа апталықта сан алуан мәселелер қамтылып, олардың шешілу жолдары сараланды.

БАС РЕДАКТОРЛАР НЕ АЙТТЫ?

Апталық аясында «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бас қосып, дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігі, аймақтық БАҚ: бүгіні мен болашағы, журналистер арасындағы медиасауаттылық мәселелерін талқылады.

Форумның ашылуында Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин аталмыш қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 15 жыл толғанын атап өтті.

– 2007 жылғы қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестікте 300-ден астам мүше бар. Олардың арасында ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері белсенді қоғамдық жұмысқа араласып келеді. Бас редакторлар клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті арттыру, – деді бірлестіктің вице-президенті.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр медиа саланың, соның ішінде баспасөз саласының авторлық қаламақысын қайтару және журналист статусы секілді өзекті мәселелерге тоқталды.

Оңтүстік және Шығыс Қазақ­стан, Алматы мен Астана қаласындағы медиа сфераның басшылары өңірлік жоғары оқу орындарындағы журналистика кафедралары жабылмау керегін атап өтті.

Кадр тапшылығына қатысты өз пікірін «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы білдірді.

Бас редакторлар форумы барысында айтылған барлық өзекті мәселелер мен оларды шешу үшін бағытталған ұсыныстар пысықталып, хаттама түрінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданды.

Медиа апталықтың үшінші күні «Urker-2022» ұлттық бәйгесін тапсыру салтанатымен жалғасты.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button