Мәселе

Бақал сауда бақ ашар

Ертай Тілеубердінің етікшілікпен айналысқанына 15 жылдан асты. Бастапқыда Алматыда шағын дүкен ашып, бір жағынан аяқ киім тігіп сатса, енді бір жағынан көне аяқ киімдерді жамап, бір жағынан кілт жасап, қомақты табыс тауыпты.

[smartslider3 slider=3321]

 

2012 жылы елордаға қоныс аударған ол бас қалада да басқа кәсіпке мойын бұрмай, сол етікшілік кәсібімен айналысыпты. Қазір елорданың Алматы ауданына қарасты «Достар» тұрғын үй кешені маңында етікшілікпен айналысатын оның айлық кірісі 300 мың теңгенің айналасында.

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дегендей, жастайынан ерте тұрып, іске кірісуді әдетке айналдырған Ертай әр күні ерте тұрып, дайындық жұмысын бітіріп, дүйсенбіден басқа күні сағат тоғызда жұмысқа кіріседі. Әр дүйсенбі күні таңертең ерте базарға барып, аяқ киім жамауға, кіліт жасауға қажет бұйымдарды әкеледі. Бүгін де Кенесары көшесі, 44 мекенжайындағы етікшілікке қажет бұйымдарды сататын дүкеннен өзіне қажетті бұйымдарын сатып әкелген ол сағат 10 болмай жұмысқа кірісті.

– Әр дүйсенбі күні ғана сағат 10-да дүкенімді ашам, ал қалған күндері 9-да жұмысқа кірісіп кетем. Дегенмен түстің алдында жұмыс саябыр болады. Аяқ киім жаматып, кілт жасататындардың көбі түстен кейін келеді, біздің бір күніміз сол тігін машинасының алдында өтеді, – деп бір тынып алған ол кешегі шала қалған жұмысын жалғастыруға кірісті, – бірақ мен қарап отырмаймын, күн бұрын әкеліп тастаған аяқ киімдерді тігуден қолым босамайды. Бұрын қосымша етік тігуші едім, қазір оның саудасы тоқтады. Өйткені қазір зауыттан шыққан жылтыраған аяқ киім тұрғанда, қолдан тігілген аяқ киімді көп ешкім кие қоймайды, – дейді ол.

Ертайдың бүгінгі саудасын ашқан кілт жасатушы азамат болды. «Қазір аяқ киім жамаумен айналысатындардың дені қосымша кілт те жасады, бұдан да айына 50-60 мың теңге табыс табуға болады» дейді Ертай өз жұмысын таныстырып.

«Бақал сауда бағыңды ашар» дегендей, етікшінің, әсіресе аяқ киім жөндеушінің табысын көп адам ескере бермейді. Табандылықпен жалғастырса, бұл жұмыстың да кірісі жаман емес. «Көпке тоқтамайды, епке тоқтайды» дегендей, осы жұмысымнан тапқан ақшамды там-тұмдап жинап, баламды оқыттым, екі бөлмелі үй алдым» деді Ертай өз табысы туралы тоқталғанда. Ертайдың ең қарбалас кезі көктемгі аласапыран мезгіл мен күзгі қара суық түскен шақ. Бұл кезде аяқ киім жөндететіндер күрт көбейеді. «Қазір аяқ киім көп тозбайды, көбінің желімі ашылып, өкшесі босап кетеді, табаны ойылып кететіні де бар, соларды жасап беру үшін 1000-1500 теңге ақы аламын. Соңғы жылдары аяқ киім қымбаттағалы көне аяқ киімдерді жаматып киетіндер көбейді».

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button