Мәдениет

БАҚШАСАРАЙДЫҢ МАХАББАТ БҰРҚАҒЫ

_DSC3363

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Бұл жолы өнерсүйер қауымның назарына «Бақшасарай бұрқағы» атты драмалық балеті ұсынылды.

Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің аттас поэмасының желісімен сахналанған туынды тамырын өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан тартады. Содан бері әлем театрларының репертуарынан түспей, шын мәнінде классикалық қойылымға айналды. Елорда көрермендері де бұл туындыны алғаш рет тамашалап отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын К.Байсейітова атындағы опера және балет театры тартысқа толы шығарманы сахналаған болатын.

Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасының жаңа редакциясын қазақстандық хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева жүзеге асырды.

– Спектакльді дайындаған кезімізде уақиға желісін түбірімен өзгертуге тырысқан жоқпыз. Керісінше, көрермендерге бұрыннан таныс нұсқаны сақтап, жаңа заман ағымына сай аздаған өзгерістерді енгіздік. Бұған дейін аталған балетпен жұмыс жасағанда кеңестік стильді ұстанатынбыз. Енді сценографиясы мен костюмдері келіскен спектаклімізді әлемдік стандартқа сәйкестендіргіміз келеді, – дейді Ғалия Бөрібаева.

Оның сөзінің жаны бар. Балеттің сценографиясын шетелдік мамандар Эцио Фриджерио мен Франка Скуар­чапино дайындады. Итальяндық ерлі-зайыпты шеберлер безендірген сахна шынымен де көз тартады. Алғашқы актіде көрінетін поляк шонжарының қамалынан бастап, Қырым ханы Керейдің сарайы, «Көз жасы бұрқағына» дейінгі декорациялар Э.Фриджерио мен Ф.Скуарчапиноның суреткерлік өнерінен хабар береді.

Балеттің бас кейіпкерлерінің бірі – Керей ханның бейнесін Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзі сомдап шығарды. Уақиға желісі бойынша өз әскерін поляк еліне жорыққа бастаған ол қарсы жолыққан жау­ларын жаһаннамға аттандырып, алдынан кездескен қамалды өртейді. Алайда, дұшпандарын күйретіп қана қоймай, өзі ғашықтық дертіне ұшырайды. Керей өртеген қамалдың иесі – поляк шонжарының қызы Марияға (Мәдина Баспаева) деген махаббаттан ес-түсін жоғалтады. Марияны күң етіп, өз сарайына әкелсе де, қайғыға берілген қыз оған илікпей қояды. Жүрегін ғашықтық дерті меңдеген Керей ас-судан қалады. Тек Марияны ойлайды. Осы ойдың шырмауынан оны, тіпті, сүйікті жары Зарема да шығара алмайды. Ақыры, бойын қызғаныш билеген Зарема Марияны мерт қылады. Бұған шыдамаған Керей әскеріне Зареманы құздан лақтыруға бұйрық береді.

Балеттегі Зареманың бейнесіне таңдалған Әйгерім Бекетаева, Гауһар Усина және Әнел Рүстемова сынды үш биші Ресей халық әртісі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовадан тәлім алды.

– Әйгілі орыс балеринасы Татьяна Вечеслова Зареманың бейнесін керемет сомдап шығарған еді. Ал, Галина Уланова Марияның рөлін мінсіз ойнады. «Бақшасарай бұрқағында» сомдаған бұл атақты балериналардың рөлдерін қазіргі жас әртістер үлгі етіп келеді. КСРО халық әртісі Ольга Моисеева Вечесловадан үйреніп, өз кезегінде маған осы рөлдің барлық қыр-сырын ашты. Мен бұл партияға дайындаған балериналардың барлығы да түрлі мінездердің иесі және сонысымен маған ұнайды, – дейді Алтынай Асылмұратова.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button