Жаңалықтар

Бақыт бастауы

АДИЛЕТ1-(1)

– Үйіңе қуанып барсаң, жұмысыңа асығып жетсең – бақыт деген сол. Сондықтан әр адам өзінің өмірлік жары мен кәсібін таңдауда қателеспеуі керек, – дейді «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып отырған медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Әділет Дүйсембаев.

Әділет Қизатұлы отбасымен Астанаға 2007 жылы көшіп келген. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы білгір маманды арнайы шақырған. Оның өзіндік себебі бар. Ол – сүйек-буын туберкулезін емдеудегі санаулы мамандардың бірі. Құрт түсіп, әбден мүжілген сүйекке операция жасаудың шебері. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Израильда біліктілігін жетілдіріп келген Әділет Дүйсембаев елордаға келіп, Туберкулезге қарсы диспансерде остеохирургиялық бөлімшені ашады. Сүйек-буын туберкулезін емдейтін Астанадағы жалғыз бөлімше төрт жылдың ішінде 300-ге жуық операция жасап үлгеріпті.
Әділет Қизатұлы күрделі ауруға шалдығып, жүре алмай қалған талай адамды аяғынан тұрғызды. Сырқаты әбден меңдеп, күллі денесі жансызданып қалғандар да шипалы дәрігердің емінен кейін құлан-таза жазылып шықты.
– Туберкулез ауруы оңайлықпен жазылмайды. Бұрын сүйек, буын туберкулезіне шалдыққандар да жарты жылдап аурухана төсегіне таңылатын. Бұл науқастарға да оңай емес. Сондықтан біз де ауруды тезірек емдеудің тың тәсілдерін іздестіре бастадық. Нәтижесінде, қазір пациенттеріміз ары кетсе екі айдың ішінде аяғынан тұрып, жүріп кетеді, – дейді кейіпкеріміз.
Осы салада инновациялық тә­сіл­дерді енгізгені үшін Әділет Дүй­сембаев 2012 жылы «Смарт Астана» конкурсында бірінші орынды жеңіп алады. 2013 жылы республика бойынша «Жылдың үздік дәрігері» атанады. Өзі – 50-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Медицина саласына ала келген тың жаңалығының өзі 30-дан асады. Айтпақшы, дәрігердің әкесі Қизат Әнуарұлы да кезінде еліміздің құрметті травматолог-ортопед дәрігері болған.
– Мен өзімді мамандығын адаспай тапқандардың қатарына қосамын. Адам неғұрлым мамандығын жақсы көрсе, соғұрлым жетістікке жетеді, – дейді дәрігер.
Әділ Қизатұлының жан жары Динара Ерназарқызы шетел тілдері мен экономика саласының маманы. Ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Қазір жеке кәсіпкер.
– Біздің үйде отағасы не айтады – сол заң. «Балалардың әкесін патшаңдай сыйласаң, балаларың да патшадай болады» дейді ғой. Оның жұмысы оңай емес. Операция жасайтын күні біз де өзіміз ота жасайтындай уайымдап, үнемі тілекші болып отырамыз, – дейді Динара.
Жылылық ұялаған отбасы әзір­ше екі бала тәрбиелеп отыр. Екеуі де талантты. Үлкені Әлібек – «Бал­бөбек», «Евразия жұлдыздары» конкурстарының жүлдегері. Кара-тэні де меңгерген, шахматты да жақсы ойнайды. Кішкенесі Нұрәлі әзір балабақшада. Соның өзінде «Жігіт сұлтаны» байқауында жүл­­дегер атанып үлгеріпті. «Біз бала­лардың бос уақытын тек пайдалы нәрсеге жұмсағанын, телевизор, интернеттің жетегінде кетпеуін қатаң қадағалаймыз» дейді анасы Динара.
Еліне пайдалы іс жасап, отбасын да ұйытып отырған Әділет Дүйсембаев: «отбасың – барлық берекенің бастауы. Сондықтан әркім өзі құрған кішкентай Отанын шайқалтпай, іргесін берік етуіне барын салуы тиіс» дейді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button