Басты ақпаратМәдениет

Бақытыңды алыстан іздеме

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры бұрын репертуарда болған өнертанушы, драматург Еркін Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясын бірнеше жылдық үзілістен соң көрермендердің сұрауымен қайтадан ұсынды. Осыдан он жылдан астам уақыт ілгері ескі, тар ғимаратта қойылған спектакль жаңа, кең сахнада жаңаша түрленіп, жаңғырды. Премьера үш күн бойы аншлаг­пен өтті. Қоюшы режиссері – ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Бір айта кетерлігі, қаллекиліктердің аталмыш қойылымы 2010 жылы Қарағанды қаласында өткен ХVІІ республикалық театр фестивалінде жүлделі екінші орынды иеленген еді. Сол актерлік құрамнан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Мейрам Қайсанов (Керек Әйтеуірұлы), Лейло Бекназар (Дерекгүл Ерекшеқызы) және Жанқалдыбек Төленбаев (Терек) бұрынғы нұсқада өздеріне бекітілген бейнелерді қайтадан сомдап шықты.

Жалпы спектакльге, әдеттегідей екі актерлік құрам тартылды. Театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өткен қойылым музыкасын белгілі композитор Серікжан Әбдінұров жазды. Көрермендерді жалықтырмай, күлкіге қарық қылатын комедия интригаға толы.

Ұлдарын үйлендіруді армандап, нақты іске көшкен ауқатты отбасы қалыңдыққа қазіргі тілмен айтқанда, кастинг жариялайды. Біз тамашалаған екінші құрамда ерлі-зайыптыларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев (Керек) пен Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева (Дерекгүл) сомдады. Олардың арманын іске асыруға Жанқалдыбек Төленбаев (Терек) пен Айнұр Жетпісбаева (Мерек) кіріседі.

Қызықтар осы жерде басталады. Терек пен Мерек «үміткерлерді» табады. Бірақ бірінің көкейін мансап, екіншісінің ақша тескен «жеңгетайлардың» түпкі мақсаттарының тас-талқаны шығады. «Қыз көрелікте» иманды болып көрінгісі келген Желектің (актриса Гауһар Исмаилқызы) және компания басшысының шолжаң қызы Еректің (Ситора Анварова) жігітке емес, байлыққа қызыққаны ашылады.

Комедияда әрекеттері күлкі шақыратын кейіпкерлер – тіл мен жағына сүйенген Тамада (Бейбарыс Орман) және бәріне көмектесіп жүретін Көмек (Бекарыс Шалқар) бар. Көмек әпенделеу, сөзді ұйқастырып сөйлейтін жан. Оның істерінен қазіргі қоғам ақкөңілділікті ақымақтыққа балайтыны, сөзден қадірдің кеткені аңғарылады.

Қойылым адам бақытын алыс­тан іздегенде, ол жақында болуы мүмкін деген түйінге жетелейді. Спектакльде тура солай болды да. Үйленетін жігіт Бөлек (Әнуарбек Бектас) байлығын тәрк етіп, түптің түбінде инабатты, ибалы үй қызметшісі Зеректі (Айдана Әбенова) таңдайды. Ата-анаға ұлдарының таңдауымен келісуден басқа амалдары қалмайды. Сөйтіп, арамдықты адалдық жеңеді. Қойылым авторлары да осы идеяны айтқысы келген сияқты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button