ӘлеуметҚала тіршілігіСұхбат

Бақытжамал БАЗАРБАЕВА, Астана қаласы Есіл аудандық АХАТ бөлімінің бастығы: АТ ҚОЙЫП, ТЕК ТАҢДАУ ДА АҚЫЛҒА ҚОНЫМДЫ

Сәлеметсіз бе, тікелей тілдесу ме екен?

 

– Иә, тыңдап тұрмыз.

Мен Жанат Әбдірашевамын. Жолдасыммен некеге тұрып үлгермедім, бірақ бүгінде баламыз бар. Күйеуімнің тегіне жаздырайын деп едім. Өзім кішкентайыммен үйден шыға алмағандықтан, Сіздердің АХАТ бөліміне інімді жіберіп едім, ондағылар қабылдамапты, «ата-ана­сы өздері келсін» деп.

– Дұрыс. Себебі, бала туылғанымен, ата-анасының арасында неке қиылмаған. Мұндай жағдайда, балаға әкесінің тегін беру үшін, ата-аналары бірлесіп әкелікті анықтау туралы және тууды тіркеу үшін өтініш толтырулары керек. Балаға куәлік алған соң, ортақ балалары болғандықтан, некені де сол күні тіркеп бере аламыз.

Атым Айсұлу. Жігітіммен сөз байласып, некелесетін болдық:
«Менің тегіме өтесің» деп жүр. Ата-анамның жалғыз қызы болғандықтан, өз тегімде қалғым келеді. Бірақ, жігітімді де ренжіткім келмейді.

– Айсұлу, еліміздегі заңда көрсетілгендей, некеге тұру үшін өтініш бер­ген кезде өз тегіңізге жігітіңіздің тегін қосып алғыңыз келетінін жазуыңыз керек. Сонда ешкімді де ренжітпейсіз.

Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланыс-ты бүгінгі күнде көп даудың туындап жүргені белгілі. Осыған байланысты маман ретінде Сізден кеңес алсам бола ма?

– Әрине, сұраңыз.

Мәселен, менің балаларымның тегі аталарының тек атымен ғана, – «ов!», «-ова» жалғауларынсыз, Сабыр Айдын, Сабыр Сабина деп жазылған. Кейбіреулер олардың атын тегімен шатастырып жүр. Бұл жағдайда біздің не істеуіміз керек?

– Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы ту­ралы» кодексінің 194-бабына сәйкес, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде, балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасын­да туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі және азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес:

-ов, -ев, -ова, -ева,-ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алынып тасталады. Ал, олардың орнына әкесінің атына: -ұлы, -қызы деп бірге жазуға болады.

Біздің елде ұлты қазақ адамдардың аттарын қос мүше схемасы бойынша жазуға жол беріледі, бұл ретте әкесінің аты оның тегін ауыстырады. Ол міндетті түрде бірінші, яғни, бала атының алдына жазылады, ал әкесінің аты көрсетілмейді.

Жолдасымыз екеуміз жақында кішкентайлы болдық. Бірақ, біз заңды түрде некеге тұрып үлгерген жоқпыз. Енді, күйеуім өз тегін беру үшін бала­ны асырап ала ма?

– Баланы, әкесі өз тегіне жаздыру үшін баланың туған жеріндегі немесе ата-аналардың тұрғылықты жеріндегі азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) мекемесіне барып, әке болуды анықтау туралы бірлесіп өтініш жазады. Бұл асырап алуға жатпайды. Баланы асырап алу тек сот шешімі негізінде жүргізіледі.

Күйеуім қылмыс жасап, түрмеде отыр. Жас өмірімді оны күтумен өткізгім келмейді. Айтыңызшы, мені АХАТ бөлімі ажырата ала ма?

– Әрине, Сіздің қолыңызда заңды күшіне енген соттың үкімі болуы керек. Сонымен бірге жолдасыңыз жазасын өтеп жатқан жердегі лауазымды басшы жолдасыңыздың ажырасуға келісімі мен қолы қойылған өтінішін куәландыруы қажет. Толығырақ мағлұмат алу үшін біздің мекен-жайға келуіңізге болады. Біздің мекеме Астана қаласы Есіл ауданының аумағындағы Сарайшық көшесінің 11-үйінде орналасқан. Аптаның сенбі мен жексенбіден басқа бес күнінде де сағат 9-дан 18.30-ға дейін жұмыс істейміз. Түскі үзіліс бізде барлық мемлекеттік мекемелердегідей: 13.00-ден 14.30-ға дейін.

Жаңа туған балаға жеке сәйкестендіру нөмірін алу керек қой. Ол үшін алдымен қайда баруым керек?

– Тууды тіркеу кезінде баланың туу туралы куәлігіне ЖСН бірге жазыла­ды. Бізде тек шетел азаматтарының балаларына ЖСН берілмейді. Себебі, шетел азаматтарының құжаттарының мағлұматы электронды түрде тіркелмейді, қолмен енгізіледі.

Менің бірінші некеден туған баламның тегі өз әкесінің атына жазылған. Қазір екінші рет тұрмыс құрдым. Одан балаларым бар. Үлкенім мектеп жасына таяп қалды. Тұңғышымның тегін кейінгі күйеуімнің тегіне ауыстырғым келеді. Ол үшін қандай құжаттар жинасты­руым керек?

– Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы ту­ралы» кодексінің 64-бабының, 4-тармақшасына сәйкес, егер ата-анала­ры некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын тіркеуші органда ресімдей отырып, бөлек тұрса және бала өзімен бірге тұратын ата-анасы оған өзінің тегін бергісі келсе, тіркеуші орган бұл мәселені ата-аналарының екіншісінің пікірін ескерместен, баланың мүдделеріне орай шешеді.

Сіздерге хабарласып тұрған астаналық Айнаш Сапарқызы. Менің балам тамыз айында үйленетін болды. Өкінішке қарай, Астанада салта­натты түрде неке қию қымбат екен. Айтыңызшы, некені тіркеу үшін қай жерде арзандау алады?

– Айнаш Сапарқызы, өтінішіңіз өте орынды. Бірақ, балаларыңыз да, өзіңіз де қаламыздағы АХАТ мекемелеріне бармағандарыңыз көрініп тұр, әйтпесе, Астананың үш аудандық АХАТ бөлімінде де салтанат залы бар, онда сал­танатты түрде неке қию рәсімдері тегін жүргізіледі.

Менің аяғым ауыр, айы-күнім жақындап келеді. Бұйыртса, баламның атын «Дін-Мұхаммед» деп алғым келеді. Естуімше, бізде жаңа туған балаға екі ат беруге болмайды. Әлде осылай жазуға мүмкіндік бар ма?

– Алдымен аман-есен болуыңызға тілектеспіз. Ал, баланың есіміне келер болсақ, ол бөлек жазылған жағдайда, қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, тек ол екі сөзден аспауға тиіс.

Отасқанымызға он жылдан асты. Тұрмысқа шыққалы бері көрген қызығым шамалы. «Шыдамның да шегі бар» демей ме? Бұдан әрі баламның әкесімен бірге тұра ала­тын емеспін. Сіздер арқылы ажыраса аламын ба?

– Балаңыз кәмелет жасына толған ба?

Жоқ, балам биыл онға толады.

– Мұндай жағдайда, кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылар ажырасу үшін сотқа жүгінеді. Ал, АХАТ бөлімі кәмелетке толмаған балалары жоқ немесе балалары 18 жастан асқан ерлі-зайыптыларды және араларында мүліктік дау болмаған жағдайда ажы­рата алады.

Менің атым Айдана. Қызым Алматы қаласында дүниеге келді. Қазір Астанаға көшіп келдік. Бірақ, әлі туу туралы куәлік алған жоқпыз. Егер, Сіздерге жүгінсек, қызымның туған жері Астана қаласы болып көрсетіле ме?

– Айдана, қолданыстағы Кодекс бойынша, баланың туған жері болып оның нақты туылған аймағы, яғни, Ал­маты қаласы көрсетіледі. Ал, тіркелген жері болып Астана қаласы жазылады.

Бүгінгі жастар бір-бірінен «руың кім?» деп сұрап жатпайды. Ал, қазақ жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген ғой. Соңғы кездері шетелдіктер секілді бізде де бөлелердің, екі атадан туысатын ағайындардың балалары үйленіп жатыр. Осыны көріп, қынжыласың. Жалпы, Қазақстанның заңы бойын­ша қандай азаматтардың некелесуге құқы жоқ?

– Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы тура­лы» кодексінің 11- бабына сәйкес, бір жынысты адамдардың; олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұратын (ерлі-зайыпты болған) адамдардың; жақын туыстардың; бала асырап алу­шылар мен асырап алынған балалардың, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың; соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша олардың біреуі болса да психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салда­рынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың некелесуіне (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейді.

Атым Шынар. Жолдасыммен не­кеде тұрмыз. Заң бойынша баламды өз тегіме жаздырып ала алам ба?

– Қолданыстағы заң бойынша кез келген ата-ана баласына өзара келісіп, әрқайсысы өз тектерін беруге құқылы.

Тұрмысқа шыққаннан кейін мен жұбайымның тегін алған едім, некелескенімізге біраз уақыт өтсе де, жеке куәлігімді әлі ауыстырған жоқпын. Тағдырдың жазуымен енді одан әрі бірге өмір сүре алмайтыны­мызды сездік. Келісіп, ажырасқалы жатырмыз. Кезіндегі салақтығымның салдарынан бүгінде құжаттарым дұрыс емес. Не істеуім керек?

– Сіз міндетті түрде өзіңіз тұратын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. Алдымен неке қию құжаты бойынша жеке куәлігіңізді ауыстыруыңыз керек, содан кейін ажы­расу барысында өз тегіңізді қайтадан аласыз.

Есімім Қайыртай. Өзім Аста­на қаласының Алматы ауданында тіркелгенмін. Қалыңдығым Есіл ау­данында тұрады. Некеге отыру үшін қайда барып арыз береміз?

– Қолданыстағы заңға сәйкес, сіздер республикамыздың кез кел­ген азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне барып, өтініш бере ала­сыздар. Ол үшін бұрынғыдай тіркеу кітабының қажеті жоқ.

Астанада пәтерден пәтерге көшіп жүргенде, неке қию туралы куәлігімді жоғалтып алдым. Оны қайталап алу үшін қанша ақша төлеймін?

– Қайталама куәлік алу үшін кез кел­ген банкке бір айлық есептік мөлшерде мемлекеттік баж салығы төленеді. Барлық қайталап құжат алу үшін өтініштер азаматтың тұрғылықты жеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беріледі.

Бұл ретте Азаматтық хал актісінің қай жерде тіркелгенін нақты білуіңіз қажет. Себебі, мемлекеттік баж салығы сол жердің есеп-шотына түседі.

Көп келіншектер секілді мен де тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуімнің тегіне ауыстым. Тұңғыш баламыздың тууын тіркеу кезінде әкесі екеумізге ортақ текті жаздырғанбыз. Енді, қазақтың ұлттық дәстүріне сәйкес, бөпемізді атасының атына жаздырғымыз келеді. Бұл мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Біздің елде ұлттық дәстүр бойынша баланың тегін атасының атына жазу мүмкіндігі бар. Ол үшін бала тіркелген жердегі АХАТ бөліміне өтініш жазасыз. Сондай-ақ, ата-аналардың жеке куәліктерінің көшірмелері, олардың неке қию ту­ралы куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын өзіңіз тұратын жердегі АХАТ бөліміне өткізуіңіз керек.

Менің атым Мәншүк. Қазір аяғым ауыр. Егер қаладағы перина­талды орталықта босансам, ал ол Алматы ауданында орналасқан, ба­ламды Сіздерде тіркей алам ба?

– Мәншүк, біздің АХАТ бөлімі арқылы Астана қаласының кез келген перзентханасында дүниеге келген бала­лар тіркеледі. Тек тууды тіркеу мерзімі бала туылған күннен бастап екі ай ішінде жүргізілу керек. Ал, мерзімі бұзылған жағдайда, баланы тіркеу тұрғылықты тұратын мекен-жай бойынша АХАТ бөлімінде, бірқатар анықтамалар жинақтау арқылы жүргізіледі.

Дайындаған
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button