Қала мен СалаҚұқық

Бақытжан МАЛЫБАЕВ, Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы: Тұрғындармен тікелей байланысқан тиімді

Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев елорда тұрғындарының сауалдарына интернет-конференция арқылы жауап берді. Екі сағат ішінде қалалық департаменттің сайтына және телефон арқылы елуге жуық сауал келіп түскен. Тұрғындардың көбі қаланың қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды. Кейбірі учаскелік инспекторлардың жұмысын сынға алды. Ол өз кезегінде қызметтік тексеріс жүргізуге уәде берді.

«Тұрғындардың белсенділігін ескере отырып, алдағы уақытта пайдалы конференцияны жиі өткізу керек. Әрбір басшыға халықпен тікелей байланысқан тиімді. Мәселені бірінші болып анықтаған соң, жұмысты ұйымдастыру жеңіл болады» деді конференция қорытындысында сөз алған Бақытжан Малыбаев. Назарларыңызға конференцияда көтерілген кей­бір сауалдардың жауабын ұсынамыз.

Бақытжан Малыбаев

Елордада 795 бақылау камерасы бар

Әлия: Астана жолдарында қанша бейнекамералар жұмыс істейді? Жыл басынан бері қанша жол көлік оқиғасын тіркеді? Құқық бұзушыларды жазалауға не кедергі?
Жауап: Елордамызда 795 бейнебақылау орнатылған. Жыл басынан бері 30 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Бұған қоса, Жергілікті полиция қызметкерлері күн сайын 100-ге жуық құқық бұзушылықты анықтайды. Бәріне заң аясында шешім қабылданады.

Күлжамал Жамалдинова: Мен он жылға жуық өтілі бар жүргізушімін. Маған бағ­дар­шам тоқтап қалған кезде, жол қозғалысын реттейтін қыз­меткерлердің жұмысы ұна­майды. Үнемі кептеліс тудырады. Мәселен, Қабанбай ба­тыр көшесіндегі Цирк пен «ҚазМұнайГаз» арасы – біт­пейтін кептеліс. Он жыл ішінде тек бір ғана жол реттеу­шінің жұмы­сы ұнады. Жалпы, олардың біліктілігін арттыруға назар аударыңызшы.
Жауап: Жол полициясының қызметкерлері тек шұғыл жағ­дайда ғана жол қозғалысын қолмен реттеуге шығады. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру үнемі жүргізіледі.

Майра: Жыл басынан бері елордада қанша әйел күйеуінен немесе басқа азаматтардан тұрмыстық зардап шекті? Егер күйеуі әйелін қорқытып, үнемі қоңырау шалып, әр басқан қадамын аңдып жүрсе, полиция шын мәнінде оның әйелін қорғай ала ма?
Жауап: Жыл басынан бері күйеуі немесе бірге тұратын адамынан зорлық көрген 3000-дай әйел хабарласқан. Барлық дерек бойынша заң аясында шешім қабылданды.

Әкімшілік жауапқа 20 мың адам тартылды

Сәуле: Брусиловский көше­сіндегі «Амангелді» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Сұрайын дегенім, соңғы кезде аулаға шлагбаум орнатты. Оның басқару пультін 10 мың теңгеге сатып алу керек. Оны алуға әркімнің жағдайы келе бермейді. Біздің үйде көптеген зейнеткерлер тұрады, оларға жедел жәрдем көлігі жиі келеді. Әрмен қарай не болады?
Жауап: Аталмыш кедергінің заңды немесе заңсыз екенін анықтау мақсатында көрсетілген мекенжайға Әкімшілік полиция қызметкерлері барады.

Болат: Қалада көлігі ескі немесе нормадан тыс түтін шығаратын автокөліктерді жиі көремін. Олар қаланың сыртқы келбетін ғана құртпай, экологияға да зиянын тигізбей ме?
Жауап: Бұл бойынша жұ­мыстар атқарылуда. Көлік­тің техникалық жағдайы, бел­гі­ленген СО талаптарын сақ­тамау жіті қадағаланады. Осы мәселеге байланысты 20 мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шара жалғасын табады.

Айжан: Автобусқа жиі міне­мін. Байқағаным, кейбір жүргізушілер автобус ішінде темекі тарта береді. Қайда хабар­ласқан жөн?
Жауап: Сіз «102» телефонына хабарласыңыз немесе Астана қаласы ІІД және қала әкімдігінің сайтындағы «халықтық бақы­лау» айдарына күнін, уақытын, құқық бұзушылық орын алған мекенжай, сондай-ақ автобус бағыты мен мемлекеттік нөмірін көрсетіңіз.

Әсет: Жұмабев, Таха Хусейн көшелерінде тура жолдың үстінде қайыр сұрайтындар көбейіп барады. Бұл олардың өміріне қауіпті емес пе?
Жауап: Қоғамдық орындарда қайыр сұрайтындарға күнделікті бақылау жүргізіледі. 2000-ға жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды.

Оқушыларды қаққан «Лексус» кімдікі?

Сауал: Өткенде «Лек­сус» маркалы көлік оқушы­ларды қағып кеткен еді. Жүргізушінің кім екені анықталды ма? Оны қандай жаза күтіп тұр?
Жауап: Жүргізушінің аты-жөні анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін, процессуалды шешім қабылданады.

Гүлжан: Тілендиев көше­сінің учаскелік инспекторы Ерлан Шаймерденовтің жұмысына көңіліміз толады. Жауапкершілігі мол, адал, өз ісін жетік білетін қызметкеріңізге алғыс айтамыз.
Жауап: Сіздің алғысыңыз жеке құрамға жеткізіледі. Қыз­меттік міндетін адал атқарған инспектор ынталандырылады.

Берік: Астананың айналасында жекеменшік тұрғын үйлер көп. Құқық қорғау органдарына шеткі аудан тұрғындарына назар аударуын сұраймын.
Жауап: «Учаске» іс-шарасы аясында полиция инспекторлары өздеріне тиісті аумаққа тү­гел тексеру жұмыстарын жүр­­гізеді. Оның ішінде қала­ның сыртындағы әрбір жеке үйлер мен саяжайлар тексеріледі.

Серік: Жеделдік және тұр­ғындармен тығыз байланыс үшін полиция инспекторы өзі тұратын аумақта қызмет істейді деген мәселе көтерілген еді. Бұл мүмкін бе?
Жауап: Бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органмен бірлесе қарастырудамыз.

Темекіге тыйым болса…

Сауал: Балалар ойнайтын алаңдарда үлкендер темекі жиі тартады. Осыны көрген 4 жастағы балам үлкейгенде темекі тартамын дейді. Балалар жиі баратын орындарда темекі тартуға заң бойынша тыйым салуға болмай ма?
Жауап: Жергілікті полиция қызметі Астана қаласының әкімдігіне балалар алаңдарында, скверлер мен саябақтарда темекі тартуға тыйым салатын ұсыныс жолдаған болатын. Ішкі саясат басқармасы осыған байланысты әлеуметтік сауалнама жүргізген. Тұрғындардың басым бөлігі бұл әрекетті қолдайтындықтарын білдірген. Қазіргі уақытта заң актілеріне өзгеріс енгізу жұмыстары қолға алынды.

Мәнсия: Астанада қанша учаскелік инспектор бар, олардың жалақысы қандай? Бір учаскелік инспектор бір орында қанша уақыт істейді? Олардың жұмысы қалай бағаланады?
Жауап: Учаскелік инспектор­лардың жұмысына қызығушылық танытқаныңызға алғыс айтамын. Жалақының аздығынан кадр тапшылығы байқалады. Бұл бойынша ІІМ мен қала әкімдігіне мәселе көтердік. Қазіргі таңда қаралуда. Жалпы, олардың жұмысы үнемі бақылауда.

Алмагүл: Жаңа оқу жылы басталғанда сырттан студенттер мен жұмысшылар көп келеді. Бүгінде әрбір үй сырттан келген азаматтарға пәтерін жалға береді. Олардың қатысуымен құқық бұзушылық жиі тіркеле ме?
Жауап: Бұл – өзекті мәселе. Құқық бұзушылардың тең жартысы – өзге қаладан келгендер. Өз тарапымыздан құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, әсіресе, жастармен болған кездесулерде жиі көтереміз.

Сауал: Әпкемнің үйінде күнде қырғын. Жездем тіпті қол көтеруге дейін барады. Бірнеше рет учаскелік инспекторға хабарластық. Ол арыз жазуды сұрапты. Куәгер ретінде өзім шағымдансам бола ма?
Жауап: Астана қаласы ІІД Жергілкті полиция қызметінің Әйелдерді тұрмыстық зорлықтан қорғау бөліміне хабарласып, ақпарат алыңыз. Тел: 71-60-63.

Сауал: Үйдің бірінші қаба­тында кафе орналасқан. Ол жерде ішімдік ішетіндер жиі жиналады. Түнгі тыныштығымызды бұзады. Жалпы, бірінші қа­баттағы осындай кафелерді жа­уып тастауға бола ма?
Жауап: Жергілікті полиция қызметі қала әкімдігіне түнгі 23.00-ден кейін осындай орындардың жұмысын шектеу туралы ұсыныс жолдады, қазіргі уақытта қаралуда.

Дайындаған:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button