ИмантаразыСұхбат

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб-имамы: МЕДРЕСЕЛЕР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛЫНСА ЕКЕН

Откелбаев

– Бақытжан аға, Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сы дін мамандарының міндеттерін айқындап, бірнеше бағытты бекіткен болатын. Бұл ретте имамдардың білім дәрежесі басты талаптың бірі екені белгілі. Бүгінгінің имамдары осы үдеден шыға алып жүр ме?

– Бас мүфтиіміз имамдарға төрт ба­ғыт бойынша жұмысты қарқындату керектігін міндеттеген еді. Біріншісі – уағыз-насихат, екіншісі – сауат ашу курстары, үшіншісі – қайырымдылық шаралары, төртіншісі – теріс пиғылды жат ағымдармен күресу. Аллаға шүкір, қазіргі таңда имамдарда, дін қызметінде үлкен серпіліс бар. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қызметіне кірісе сала алыс-жақын шетелдерде, еліміздің ірі діни оқу орындарында білім алған біраз білікті мамандарды Діни басқарма айна­ласына топтастырды. Бүгінде елімізде бас мүфти бекіткен бағыттар бойынша кәсіби жұмыс істейтін мықты мамандар баршылық. Бұған қоса, Діни басқарма Түркия, Мысыр сынды елдердің діни басқармаларымен келісімшарт жа­сасып, имамдардың білімі мен білік­тілігін одан әрі жетілдіру, тәжірибе алмасу жұмыстарын да қолға алды.

– Сіз біршама жылдар бойы оқу-ағарту саласында қызмет еттіңіз. Осы орайда еліміздегі діни оқу орындарының жұмыстарына қандай баға бересіз?

– Аллаға тәубе деу керек, оқу орын­дарында сауатты оқытушылар, ұстаздар, білікті мамандар білім беруде. Үш жылдық медресенің өзін бітірген түлек біраз нәрсені біліп шығады. Еліміздегі оқу орындарын тәмамдаған білімгерлер арасында өңірлерде жауапты қызметтер атқарып жүрген мамандар да баршылық. Дегенмен, әлі де болса, оқу бағдарламалары, пәндер мен әдебиеттер күрделендіруді, жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді.

– Діни білім беру ісі көбіне бұқара арасынан шыққан жеке кәсіпкерлер мен бақуатты кісілердің қаражаты есебінен жүргізіліп кел­гені мәлім. Медреселердің ахуалы мен ондағы ұстаздардың жағ­дайы көңіл көншіте ме?

– Иә, шыны керек, медреселер дін жанашырлары мен кәсіпкерлердің қаражатының арқасында жабылып қалмай, жұмыс істеп келеді. Медреселер заман талабына сай болуы үшін әрқашан заманауи технологиялармен жаңарып, жабдықтауды қажет етеді. Оның барлығына, әрине, қаржы керек. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, медре­селерді бітірген түлектерді шал­ғай аудандарға, ауылдарға жіберу үшін тұрмыстық жағдайын түзеп берген жөн. Ауыл-аймаққа барған жас маман тұрақты жалақысы болмағаннан кейін күн көрісі қиындайды, нарықтық заман ғой, оның үстіне ол үйленіп, үй болсам дейді. Әлеуметтік жағдайы тағы қыса түседі. Ақыры, табысы мол кәсіпке кетеді. Міне, дін мамандары жоқ емес, бірақ, оларды ұстап қала алмай жатырмыз.

Құзырлы орындардың ресми мәлі­меттеріне сүйенсек, елімізде діни терроризм мен экстремизмге шет елдерден қыруар қаржы аударылады екен. Енді бұған қаржысыз қарсы тұру мүмкін емес. Қаржыландырудың тиімді механизмдерін қарастыру керек. Мысалы, бауырлас түрік елінде бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін тапқан. Барлық діни оқу орындары мен жүз мыңға жуық дін қызметкеріне мемлекет қаржы бөледі.

– Діни білім демекші, мешіттердегі сауат ашу курстары жайында айтса­ңыз. Елордамыздың айшықты құл­шылық орындарында діни курстар жүйелі түрде жүргізілуде ме?

– Аллаға шүкір, «Әзірет Сұлтан» мешітінде қазіргі таңда аптаның жеті күні Құран, тәжуид (Құранды дұрыс оқып үйрену ғылымы), ақида (сенім), фиқһ (шариғат, құқық), Ислам тарихы, хадис пәндері бо­йынша дәрістер және күнделікті ақшам намазынан кейінгі уағыздар жүйелі түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта мешітте 400-ден аса еркек пен әйел дәріс алуда. Жазғы демалыстың басталуына байланысты 2 маусымнан мектеп жасындағы балаларға күн­дізгі сауат ашу курсы басталады. Осы ретте Астана қаласының тұр­ғын­дарын құлағдар етейін, бала­лар­дың бойына имандылықты, дәстүрлі дінімізді сіңіріп, қақта-соқта соқыр сенімдерге қарсы иммунитетін қалыптастыру үшін осы бастан мешіттерге жіберіп, иман­дылық сабақтарына қатыстырған жөн.

Сенім телефоны іске қосылды

Жұртшылықтың игілігі үшін елор­далық «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани» мешіттері жанынан сенім телефондары іске қосылды.

Таңертеңгі сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтін сенім телефондары арқылы көкейлеріңізде жүрген маңызды сұрақ­тарыңызды қоюларыңызға болады:

«Нұр Астана» орталық мешіті – 8 (7172) 44-58-48,

«Әзірет Сұлтан» мешіті – 8 (7172) 42-41-77,

«С.Ғылмани» мешіті – 8 (7172) 32-40-54

– Биыл жарық көрген «Ислам және ғылым» атты еңбегіңізде ислам тарихындағы тұлғалар, олардың ғылыми мұралары, діни оқу орындары туралы құнды деректермен бөлістіңіз. Мәселен, аралдық бабамыз Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезмидің «Әл-жәбр уәл-Мұқобәлә» деп аталатын алгебра ғылымына арналған үлкен еңбегі бар екенін осы кітабыңыздан білдік. Еңбегіңізге арқау болған қазақ топырағынан шыққан ғалымдар жайында қысқаша айта өтсеңіз.

– Орта ғасырлық меңіреулікті оятқан, антикалық философияны, т.б. ежелгі ғылымдарды игеріп, оны дамытып, бүкіл дүние жүзіне паш еткен мұсылман ғұламалары екенін ұмытпауымыз керек. Оның ішінде қазақ даласынан шыққан ойшыл ғұлама бабаларымыз қаншама десеңші?!

Отырар жерінен шыққан бір ғана Фарабиден бөлек 30 шақты Фараби (түрлі ғылымда өзіндік із қалдырған отырарлық ғұламалар кейін мұсылман араб елдеріне тарап, сол жақтарда дүние салғандықтан ұмыт болды) шыққанын шығыстанушы ғалымдар енді зерттеп білуде. Осымен қатар қаншама әл-Таразилер, Сығ­нақилер, әт-Түркістанилер шық­қан. Соның біреуіне ғана тоқтал­сақ: киелі Түркістан жерінен шыққан Жамалиддин Саид ибн Мұхаммед ибн Мусоддық әс-Соғди әт-Түркістани (XIV ғасырдың 1-жартысында өмір сүрген) ғұлама математик болған. Ол Түркістан қаласында білім алып, Бұхара мен Самарқандқа сапар шеккен. Білімін одан әрі Бағдад пен Дамаскіде жетілдірген. 1312 ж. «Китаб әл-Алаийя» («Жоғары математика кітабы») трактатын жазған. Бұл еңбек арифметика мен геометрия мәселелеріне арналған екі кітаптан тұрады және ол сол кездегі медреселерде кеңінен пайдаланылған. «Китаб әл-Алаийя» еңбегін ортағасырлық ғалым Әбу әл-Хасан «Шарх китаб әл-Алаийя» («Жоғары математика кітабына түсініктеме») атты тү­сініктеме жазып өңдеген. Тү­сі­нік­теменің арабша қолжазбасы Ре­сей­дегі Шығыстану институты Санкт-Петербург бөлімшесінің кітап­ханасында әлікүнге дейін сақтаулы тұр.

Көпшілігіміз исламды белгілі бір құлшылықтармен шектейміз. Бұл – дінді дұрыс, өз деңгейінде түсіне алмағанымыздан. «Ислам және ғылым» кітабын жазудағы мақсатым – исламның үлкен мәдениет, ғылым екенін жеткізу еді.

Қазіргі таңдағы кейбір деректерге қарасақ, сол батыс ғылымы өкілдерінің, яғни, ғалымдардың 60 пайызы – Алланы танығандар, Мұхаммедті (с.ғ.с.) мойындайтындар, құлшылық ететіндер. Мысалы, әйгілі «НАСА» Ұлттық ғарыш агенттігінің бас ғалымы 2010 жылы мұсылман жұртынан Уәлид Абдуллати сайланды. Осы ұйымның тағы бір мүшесі – сауд арабиялық әйел Мажда Әбурас.

Бұл айтылғандар мұсылман жұрты мен қазақ халқының ой-өрісі жоғарылығын көрсетеді. Қазіргі таңда шет мемлекеттерде біздің 232 жас ғалымымыз жұмыс істеуде. Әрине, оларды қазір тиісті министрліктер Қазақстанға қай­таруға әрекетін жасап жатыр екен.

Осындай мәліметтерден нені түйе­міз? Ғылым саласында Еуропа ел­дері мұсылман мемлекеттерінен басып озғанымен, жекелеген мұсылман ға­лым­дар арасында тайталасуға дәр­мен бар. Енді жас ғалымдарды Отанды сүю­ге, патриотизмге, иман­дылыққа тәр­­биелей алсақ, олар өзге елдің білімі мен ғылымын алар, бірақ өз елдеріне қыз­­мет ететін болар еді. Мәселе осында.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button