Басты ақпаратБілім

Бар жақсылық – балаларға

Бүгінде Астананың барлық білім беру ұйымында 394 мың бала тәрбие алуда. Балалардың құқығын қорғау, оларға қамқор болу және қоғамда балалар игілігі үшін бастамаларды қолға алу қашанда кезек күттірмейді. Бұл бағытта елордада жас ұрпақтың қызығушылығын қолдауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу жылының басынан нәтижесін көрсетіп келеді. Сол секілді 200-ге жуық мектеп оқушысы енді жұмысшы мамандықтарын оқиды.

Ұлттық тәрбие беріледі

Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен «2024-2025 оқу жылынан бастап «Бір­тұтас тәрбие» жаңартылған бағдарламасы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің барлық ұйымының оқу-тәрбие процесіне енгізілді. Бағдарлама аясындағы іс-шаралар әр баланың ерекшелігін ескере отырып, оның шығармашылық, зияткерлік және физикалық мүмкіндігін толық ашуға бағытталған. Осылайша, құндылыққа бағдарланған білім беру жобалары – мектептегі білім сапасын арттырудың, ата-анамен байланысты күшейтудің тиімді тетігі. Бүгінде «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту іс-шаралары күнделікті өтіп, ұлттық идеяларды дәріптеуде нәтиже көрсетуде. Осы тұста С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей оқушысы Шаһадат Шалқарқызы бағдарлама аясында ашылған «Ұлттық құндылықтар» аймағы пайдалы екенін атап өтті.

«Әр үзіліс сайын осы аймаққа келемін. Аймақ ашылып, әдемі безендірілген бұрышты көріп мен де, қатарластарым да қатты қуанды. Біреулері домбырада күй тартса, енді біреулері ұлттық ойындарды ойнайды. Өз басым тоғызқұмалақта ойнағанды ұнатамын. Қазіргі кезде көбіміз телефонға байланғанбыз, содан ойлау қабілетіміз бәсең дамиды. Осындайда ұлттық ойындар – логикалық тұрғыда ойлауды жақсартудың бірден-бір жолы» деді оқушы.

Қауіпсіз орта құру маңызды

Елордада балаға тәрбие беріп қана қоймай, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мысалы, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және балалардың, ата-аналар мен педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Психологиялық қолдау орталығы» құрылып, қамқоршылық және қорғаншылық қызметін күшейту үшін қосымша 100 әдіскер жинақталды.
Бас қаланың 5 ауданында психологиялық қолдау кабинеттері бар. Орталық кеңсеге балалар ата-анасымен бірге келіп, қызықтырған сұрағына жауап ала алады. Өткен жылдың маусым айынан бастап орталықта 602 жеке консультация өтті (244-і – ата-аналармен, 242-сі – балалармен, 116-сы – педагогтармен). Мамандармен бірге мектептер қабырғасында түрлі семинар-тренинг және жеке консультациялық кеңес ұйымдастырылады. «Қауіпсіздік сағаты» кезінде оқушыға қауіпті жағдайда жылдам әрекет етуге, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайдың шешімін табуға үйрететін сынып сағаты өтеді.

Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендинаның айтуынша, баланың құқығын қорғау қоғамдық жұмыс ретінде танылып, көптің бірлесе жұмыс атқаруын қажет етеді.

«Ата-ана – оқушы – ұстаз» үштігі бірге жұмыс істемей, сапаға қол жеткізу қиын. Сондықтан қалалық Білім басқармасы, Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімі, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, өзге де мемлекеттік әрі қоғамдық ұйымдармен бірлескен профилактикалық іс-шараларды өткізудің маңызы айрықша. Себебі 2022 жылы елордалық 31 мың ата-ана арасында сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде тәрбие жұмысын жетілдіру қажет екені анықталды. Былтыр жеке өзіме 141 өтініш келіп түсті. Басым бөлігі – ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік, отбасы және буллинг мәселесі. Қоғам жауапкершілігін арттыру мақсатында былтыр әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын заң қабылданып, енді балаларға жасалған қылмыс үшін жаза қатаңдатылды.

Ата-ананың мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатуы, мектеп психологымен сөйлесіп отыруы бала тәрбиесі үшін өте маңызды. Неғұрлым ата-ана мектеппен жиі қатынасып тұрса, соғұрлым баласының мектептегі жағдайын, оның айналасын, достарын біліп отырады. Ал ол өз кезегінде баланы дер кезінде дұрыс бағыттап, туындап жатқан мәселелерін уақытылы шешуге септігін тигізеді. Ата-ана баласының мектептегі іс-әрекетін біле бермейді. Сондықтан оларды тәрбие жұмысына барынша тарту мақсатында әр мектепте «Әкелер кеңесі» белсенді жұмыс істеуде. Республика бойынша елордада алғаш рет ашылған жоба енді «Аналар тобымен» жалғасса деген ұсыныс айтамын.

Биыл қаңтарда білім беру ұйымдарында «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұрын балалар психологиялық қолдау алу үшін байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар. Байланыс орталығы 2 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді» деп ой бөлісті Ә.Темкенқызы.

Осы жылы оқушылар арасында құқық бұзушылық тәуекелдерінің алдын алу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, елордалық прокуратура және Полиция департаменті өкілдерінің қатысуымен 16 мобильді топ құрылды.

200 оқушыға – диплом

Баланың кез келген қызығу­шылығын қолдап, дамуына мүмкіндік беру маңызды. Астаналық оқушылар үшін биылғы тың жаңалық әрі мүмкіндіктің бірі – жұмысшы мамандықтары бойынша диплом алуы. Биыл 200-ге жуық мектеп оқушысы кәсіптік білімді игермек. Қалада техникалық және кәсіптік білім беруде колледждер базасында жоғары сынып оқушыларының кәсіби білігін арттыру мақсатында пилоттық жоба іске қосылған. Онда таңертең мектепте сабақ оқитын оқушы түстен кейін қайта кәсіби білім беретін арнайы оқу орнына барып білім алады. Бағдарламаның ерекшелігі сол, жоғарғы сынып оқушысы мектепте білім алумен қатар бір мамандықты игеріп, оқуды бітіргеннен кейін аттестатпен қоса диплом алады. Оқу жүктемесінің мөлшері күніне 4 сағаттан аспайды. Білім алу үшін оқу уақытының көлемі кемінде 48 кредитті құрауы тиіс. Оқу мерзімі – 1 жыл 5 ай.

Қанатқақты жоба аясында елордада 3 мемлекеттік колледж таңдап алынды. Бүгінде 156 оқушы «Автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсетіп жөндеу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киім дизайны», «Аспаз» мамандықтарын оқып, практикалық тәжірибеден өтіп жатыр. Биыл мамыр айында жобаның алғашқы білім алушыларына колледж дипломы табысталады.
Жұмысшы мамандықтарының жылына орай пилоттық жобаның ауқымы кеңейеді. 2025 жылы қала колледждері 300-ден астам оқушыны қабылдап, тігінші, наубайшы, аспаз, шаштараз, флорист, мобильді өндіріс маманы, электр газ салушы мамандықтары оқытылады деп жоспарланып отыр.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button