Басты ақпаратҚала тіршілігіМәдениет

БАРД ӘНШІЛЕР БАЗАРЫ

Елордада 15-інші халықаралық «Астана» бард-орындаушылар фестивалі болып өтті. Ауа райының мың құбылғанына қарамастан қатысушылар мен көрермендердің мерекелік көңіл-күйі көтеріңкі болды.
Үш күнге созылған фестиваль барысында неше түрлі конкурстар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, көптеген әсем әуендер астаналық тұрғындарды қайта-қайта таңдай қақтырды.

Көрермендердің орындаушыларға деген ыстық ықыласы да сәт сайын арта түспесе, еш кемімегені байқалды. Көңілдің жайлы болғаны сонша, ән оңай шырқалды. Омбыдан келген «Камертон», қарағандылық «Марианна» мен «Пятница» және елордалық «Белый кит» ансамбльдері орындаушылығымен фестивальдің көркін одан әрі қыздыра түсті. Бұл жерде әлсіздік танытқан ешкім көрін­беді, бәрінің дауысы құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Былтырғыға қара­ғанда орындаушылар деңгейінің едәуір өскенін байқадық.

Ал Михаил Щербаков пен Юлий Кимнің бір жарым сағаттық бағдар­ламасы тыңдармандар үшін ең үлкен сыйлық болды. Әдемі безендірілген туристік базада өткен фестивальдің дыбыс пен жарық сапасы жағын да ауыз толтырып айтуға болады. Жоғарыда аталғандардан бөлек, Жеңіс Ысқақова, Раиса Нур, Михаил Кочетков, Вадим Егоров, Алексей Иващенко, Владимир Труиянский және Александр Боромотов сияқты тағы да басқа кіл мықтылардың кейбірі өз өнерлерін көрсетсе, екін­шілері әділқазылық етті.

Алғашқы күні Ресей мен Қазақ­станның әртүрлі қалаларынан келген мәртебелі меймандардың қатысумен қалалар шеруі болып өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, авторлық фестивальді жер-жерден келген шамамен 1500-ге жуық көрермен тама­шалаған екен.

Үш күндік фестивальді қорытын­дылай келе, «автор», «сазгер», «орын­даушы» және «ансамбль» аталым­дары бойынша үздіктер анықталды. «Автор» аталымында астаналық Дмитрий Давинских лауреат атанса, қарағандылық Вадим Ким дипломант болды. Ал орындаушылар арасынан лауреат шықпағанмен, қарағандылық қос өнерпаз Катя Витек пен Александра Шарафутдинова дипломант атанды. «Ансамбль» аталымында Омбыдан келген «Камертон» лауреат атанып, дипломант болу қарағандылық «Марианнаның» маңдайына жазылды. Ал арнайы сыйлыққа Астана қаласының тұрғыны Қуаныш Мақ­сотов пен Қарағанды қаласынан келген қонақ Катя Вишнякова ие болды. Тек қана «Сазгер» аталымынан алға суырылып шығар ешкім табылмады.

Осылайша халықаралық фестиваль жоғары деңгейде өтті. «Өгіз де өлмеді, арба да сынбады», яғни орындаушылар да мәз, тыңдарман да таңдай қағып тарқасты.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button