Басты ақпаратМәселе

Барды бағаламай, жатты жарылқаймыз ба?

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдіктердің Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізімін жариялады. Тізімде көрсетілуінше, елімізде бас-­аяғы 136 кәсіп түріне маман тапшы. Осылардың кемінде бірін игерген ­шетел азаматы Қазақстанда тұрақты өмір сүруіне кепілдік алады.

Қажет мамандықтардың басым бөлігі денсаулық сақтау, білім және ғылым, техника мен ақпараттық технологиялар саласына беріліп отыр. Әсіресе ІТ мамандарына сұраныс жоғары. Осылайша, көші-қон саясатының алдағы бес жылға арналған тұжырымдамасына сәйкес, үздік шетел мамандарын Қазақстанға тарту көзделген. Әрине, Қазақстанның ұзақ болашақ тұрғысынан алғанда, бұл дұрыс та шығар. Бірақ бізде, шынымен, маман тапшы ма деген мәселеге келсек, біраз түйткілді түйіннің түйіншегін тарқатуға тура келеді.

Қазір шетелде аз дегенде 6 миллионнан артық қандасымыз жүр. Әрине, олардың арасында Қазақстандағы тапшы мамандықтарды игерген білімді, білікті азаматтар да жоқ емес. Егер жоғарыдағы саясат жоспарының астарында бір жағынан тапшы маман иесін шақырып, екінші жағынан қандастарымызды атажұртқа оралтып, «екі жеп, биге шығу» жоспары жатса, бұл тұжырымдамадан ұтарымыз көп. Дегенмен жұртты толғандырып отырғаны – Қазақстанда, шынымен, маман, жұмысшы тапшы ма деген мәселе. Шынын айта­йық, жұрттың көбі Қазақстанда маман тапшы деген сөзге күдікпен қарап, біздің билік ел азаматтарының мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр деп санайды. Керек десеңіз, бұл тақырыпты қозғасаң, «Қаншама маман, қаншама қазақстандық жұмыс таба алмай жүр. Жұмыс іздеп шетел асып жатқан азаматтар аз ба? «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар қайда жүр?» деп сұрақтың астына алатындар да баршылық.

Шынымен де, «Болашақ» бағдарламасы атқарылғанына 30 жылға таяды. Осы аралықта елімізден 15 мыңға жуық азамат шетелден білім алып қайтыпты. Халықаралық бағдарламалар орталығының 2019 жылғы дерегіне сүйенсек, түлектердің 40 пайыздан астамы экономиканың шынайы секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 па­йыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді екен. Оның үстіне елімізде жыл сайын қаншама түлек диплом алады. Шетелден келген 1,5 миллион қандасымыздың арасында да білімді, білікті мамандар аз емес. Сонда осылардың барлығы қосылып, 30 жыл бойы елдің кетігін толтырып, кенже кәсібін алға сүйрей алмай келе ме? Осы мәселелерді санаға салып салмақтасақ, біздің елдің өз мүмкіндігін толық пайдаланып, өз азаматтарымызды «керекке жарату» жағы кемшін сияқты.

Жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеп, керек болса, тапшы мамандықтарға ғана грант берсе, жастар жұмыссыз қалмас еді, ел билігі шетелден маман іздеп шаршамас еді

Денсаулық сақтау саласы мен білім беру саласын айт­сақ, бұл салада сақталған мәселелер де аз емес. Ең әуелі дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы төмен. Тек соңғы жылдары жалақылары аздап көтерілгені болмаса, ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы «басына тартса, артына жетпейтін», өлместің күнін көретін жағдайда болды. Атағы Алатаудай профессорлар 170-180 мың теңге жалақы алса, мықты дәрігерлердің жалақысы 300 мың теңгеден аспай жүрді. Міне, осыдан барып көп жастар мұғалім кәсібін тастап, саудаға немесе басқа жұмысқа ауысса, дәрігерлер еңбегі бағаланатын елге кетіп, шетел асты немесе жеке клиника ашып, өз күнін өзі көретін жолға түсті. Білімділер емес, көкесі күштілер күн көретін жағдай да талай дарынды азаматтардың жолын кесіп, тағдырына балта шапты. Енді, міне, осы көлеңкелі жайттың кесірі елге, мемлекетке тиіп, маманды шетелден шақыруға мәжбүрміз. Біз шақырды екен деп шетелден де қай бір мықты маман келе қояды дейсіз, оларды елге тарту үшін жоғары жалақы, тиімді қолдау көрсетпесе, олар да келе қоймайтыны анық. Демек, шетелден маман шақыру да тапшы мамандықтың тесігін бүтіндей алуы екіталай. Сондықтан маман тапшылығын шешудің ең ұтымды әдісі – өз азаматтарымыздың мүмкіндігін ұтымды пайдалану. Ол үшін жоғары оқу орындарының мамандықтарына реттеу жүргізу керек. Не өзіне, не қоғамға пайдасы жоқ, жұмыс та табылмайтын философия, әлеуметтік жұмыс деген секілді мамандықтарды қысқартып, оның орнына тапшы мамандықтарды бағыттап оқытсақ, оқу аяқтағаннан кейін ауылдың білім беру, денсаулық сақтау саласында қызмет істеуге келісетін жастарға грантты көбірек бөлсек, екі мүмкіндікті қатар пайдаланатын едік. Мәселен, менің қарындасым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия мамандығын грантпен оқыды. Бірақ үздік оқығанмен, қазір жұмыссыз. Ауылдағы барлық мектептерге барып көрді, «мамандығың тура келмейді» деп бірде-бір мектеп жұмысқа алмай қойды. Ал мектептер физика, тарих, ағылшын тілі, математика пәндерін оқытатын оқытушы таппай қиналып отыр. Міне, бұл да Ғылым және жоғары білім министрлігінің әлсіздігі. Жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеп, керек болса, тапшы мамандықтарға ғана грант берсе, жастар жұмыссыз қалмас еді, ел билігі шетелден маман іздеп шаршамас еді. Шетелден маман келсе де, біздің тұралап тұрған ауылдарға бармайды. Сондықтан қайталап айтайық, студенттерді бағыттамалы түрде тәрбиелеу, тапшы мамандықтарды оқитын студенттерге грантты көбейту, сондай-ақ ауылдарға барып қызмет істейтін жастарды үймен қамтамасыз ету, екі есе жалақы беру арқылы тапшы мамандықты тез толықтауға мүмкіндік бар.

Ал емдеу саласына келсек, қазір Астанада, Қарағандыда, Алматыда, Семейде емдеу-денсаулық сақтау мамандығын оқып жатқан түлектер аз емес. Осы төрт қаланың өзінен кемінде жылына қаншама студент оқуын тәмамдайды. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі солардың сапалы білім алу жағы мен оқу аяқтағаннан кейін өз мамандығымен айналысып, біліктілігін арттыру жағын қадағалап отыр ма? Біздіңше, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлесіп жұмыс істеуі жеткіліксіз. Екінші жағынан, Денсаулық сақтау министрлігі білікті мамандарды ұтымды пайдаланып, олардың мықты шәкірт тәрбиелеу жұмысына немқұрайды қарап отырған сыңайлы. Бір ғана мысал айтайық, қазірге дейін Қытайдан денсаулық сақтау саласының 150-ден аса маманы келді. Олардың көбі – Қытайдың Бейжің, Шанхай қалаларында білім алып, Қытайдың ірі емханаларында жұмыс істеген, көп шәкірт тәрбиелеген мамандар. Бірақ солардың көбі Қазақстанға келгеннен кейін еліміздің ірі емханаларында жұмыс істеп жүрген жоқ. Көбі жеке клиника ашып, әр жерде жүр. Ірі емханаларға кіріп жұмыс істегендері де, «орыс тілін білмейсің, біздің хаттама бойынша жұмыс істей алмайсың» деген қақпайлаудан құтыла алмай келеді.

Өткен жылдың соңында сол білікті мамандар Денсау­лық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа «Еліміздің денсау­лық сақтау саласына біз де үлесімізді қоссақ, шетелден жинақтаған тәжірибемізді, білімімізді жастарға үйретсек, ешқандай ақы алмай шәкірт тәрбиелеп берсек, Астана маңынан халықаралық деңгейдегі емхана салып, оған шетелдегі қазақ мамандарын тартсақ, сіз соған қолайлы шарт-жағдай жасауға көмектессеңіз» деген өтініш айтып, қабылдауына жазылып еді, Ажар ханым бірде көмекшісіне, бірде бөлім бастығына сілтеп, өзі кезікпей қойды. Ал ол мамандардың «командасында» АҚШ-та, Жапонияда, Қытайда, Францияда қызмет істеп жатқан білікті мамандар бар еді, «егер қазақ елі мүмкіндік берсе, біз өз білімімізді жастарға үйретуге, Қазақстанның медицина саласын дамытуға атсалысуға дайынбыз» деген уәдесін де айт­қан еді. Бірақ оған денсаулық сақтау саласының басшылары қызығушылық танытқан жоқ. Тек осы бір мысалдың өзі денсаулық сақтау саласы бармақ басты, көз қыстылықтан әлі де арыла алмай отырғанын аңғартып тұрған жоқ па? Ендеше дайын мамандарды есігінен қаратпаған билік енді шетелден маман шақырып, жұртты жарылқай қояр ма екен? Бізді осы ой мазалайды.

ІТ саласына келсек, бұл салада да 30 жылда біраз маман жетілді. Дегенмен бұл саланың дамуы өте тез болғандықтан, білімді үздіксіз жетілдіріп, дамытып отыру аса қажет. Сондықтан бұл саланың да ұзақ болашақ дамуын көздесек, еліміздегі ІТ мамандарының өз білімін жетілдіруіне, шетелге барып оқып келуіне мемлекет қолдау көрсетіп, олардың шәкірт тәрбиелеуіне қолайлы шарт-жағдай әзірлеп берсе, оның өнімі мен пайдасы шетелден маман шақырудан мың есе артық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button