ЖаңалықтарЭкономика

БӘРІ БАНКТЕН БАСТАЛАДЫ

Бүгiнде елiмiзде тiркелген кәсiпорын саны 1 миллионнан асып жығылады. Статистикаға жүгiнсек, олардың шамамен 60 % белсендi әрекеттегi топқа жатады. Яғни, шағын және орта бизнестiң негiзгi бөлiгiн жеке кәсiпкерлер құрайды. Билiктiң бизнес секторға бүйрегi бұрып тұратыны сондықтан. «Бизнестiң жол картасы-2020» соның бiр дәлелi. Бастапқыда қанатқақты жоба ретiнде, былтырдан бастап толық күшiне енген бағдарламаның алғашқы қадамы нәтиже бере бастады. Дегенмен де, кәсiпкерлер тарапынан жоғары белсендiлiк байқалмайтын сияқты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 жоба қолдауға ие болған екен. Мемлекеттiң қайтарымсыз берiп отырған көмегiне жүгiнген кәсiпкерлердiң көрсеткiшi жеткiлiктi ме?  Жалпы, «Жол картасының» орындалу барысында қандай кемшiлiктер бар? Осы сұрақты бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты органдардың өкiлдерiне жолдап,  жауап алдық.

Рысгүл ҚАУҒАБАЕВА,
Кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы бастығының орынбасары:

– Бағдарлама басталғалы берi қалада қанша жоба мемлекеттiк қолдауға ие болғанын бiлесiздер. Қаладағы кәсiпкерлiк саласының да жағдайы әмбеге аян. Елорданың шағын және орта кәсiпкерлiгiнiң  60 пайызы сауда саласын қамтиды. Өздерiңiзге белгiлi сауда, қызмет көрсету саласы бағдарламаға қатыса алмайды. Өйткенi, аталған сала бағдарламаның басым санатына енбеген. Алайда, бұл мүлдем қатыса алмайды деген сөз емес. Алдағы айда Үкiмет «Бизнестiң жол каратсы-2020» бағдарламасына өзгерiс енгiзудi жоспарлап отыр. Әзiрге белгiлiсi, бағдарламаның игiлiгiн көре алатын кәсiптердiң санаты техникалық қызмет көрсету (СТО) сынды қызмет түрлерiмен толығады.
Кәсiпкерлер бағдарламаға қатысу үшiн алдымен банкке барып, өтiнiш бiлдiредi. Яғни, алғашқы қадам банкен басталады. Мәселен, былайғы уақытта банк несиенi айталық, 16 пайызбен бередi. Ал бағдарлама аясында несиенiң пайыздық ставкасы 14 пайыздан аспауы керек. Қарап тұрсақ, банк екi пайыз жоғалтады. Әрi өтiнiштi қарау үшiн комиссия құны қарастырылмаған. Ал кәсiпкер өз бетiнше келетiн болса, өтiнiштi қарау үшiн қосымша ақша алатын едi. Менiңше, олардың бағдарлама шеңберiнде ұсынылып отырған жобаға құлық танытпайтыны содан.

Ильмира ХАМЗИНА,
«Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры:

– Осыдан 5-10 жыл бұрын кәсiпкер­лердiң құқықтық сауаты төмен болатын. Қазiр жағдай басқаша. Бәрi бiрдей болмаса да, басым бөлiгi өзiне не керегiн бiледi. Бағ­дарлама шеңберiнде қаржыландыру екiншi деңгейлi банктер арқылы жүзеге асы­ры­лады. Расында да, банктер кәсiп­керлердiң өтiнiштерiн қарауды ұзаққа созып жiбередi. Бағдарлама ережесiнде оның тәртiбi бар.  Кәсiпкерлердiң «өтiнiштi ұзақ қарайды» деп банктерге өкпесi қара қазандай. Бiрақ, олар көп жағдайда сол банкке қажеттi тиiстi құжатты дер кезiнде бермей, кейде «түзетiп әкел» деген анықтаманың өзiн созып жүрiп алады. Екiншiден, кәсiпкерлер арасында мемлекеттен бөлiнген ақшаға бақылау болады, қаржылық тексерiстерден көз ашпайтын боламыз деген түсiнiк қалыптасқан. Сондықтан, менiңше, кәсiпкерлер қаржыны мемлекеттiк бағдарламаға қатысып алғаннан, банктен несие түрiнде алғанды жөн санайтын сияқты. Яғни, олардың тарапынан белсендiлiк көрсеткiшiнiң төмен болуы содан деп ойлаймын. Ал банктерге келетiн болсақ, кез келген қаржылық институт өзiнiң жер сипап қалмауы үшiн жан-жақты қамдануы заңды. Яғни, түрлi анықтама мен қажеттi қағаздарды талап етуi содан. Бiрақ, оны «Бизнестiң жол каратасы-2020» бағдарламасының орындалуына кедергi келтiрiп отыр деп айтуға болмас.

P.S
Кәсiпкерлер бар кiнәнi «ұзақ қарайды» деп банктерден көрсе, екiншi деңгейлi банктер «бәсең қимылдайды» деп  кiлтипанды кәсiпкерлерге итередi. Ал бағдарламаға жауапты құзырлы мекемелер бар кемшiлiктi көре тұра, әзiрге әрекетсiз отыр. Олардың бұл әрекетiне қарап, көз алдына Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаяны» келедi.  «Сен салар да, мен салар, атқа жемдi кiм салар» деп жүргенде, уақыт өтiп жатыр. Он жылға жоспарланған бағдарла­маның үшiншi жылына аяқ бастық.  Уақыты келгенде «мынадай кем­шiлiк болды» деп ақталмас үшiн кәсiп­керлерге тиесiлi қолдауға ие болуына кедергiнi қазiрден жойған дұрыс-ау…

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button