Пікірлер

Бәрі де елдің игілігі үшін

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елдің көкейінде мұз болып қатқан мәселелердің басын ашып айтты. Халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдас­тығына қатысты маңызды-маңызды түйткілдерді ортаға салды.

Расы керек, кез келген қарапайым адамға бірінші кезекте керегі – баспана. Күнделікті нәпақасын айыратын жұмысы, еш алаңсыз еңбек ететіндей бейбіт те, тыныш өмірі болса, ол адамға басқа не керек?!.

Кейінгі кезде елде әділеттілік үстемдік құра бастады. Ертеңгі күнге деген халықтың сенімі оянып келеді. Жасыратыны жоқ, Маңғыстау облысындағы бейбіт шерудің де, Алматыдағы қанды қырғынның да басталуына тоңмойын тойымсыз шенеуніктердің сөзге құлақ аспайтын өзім білдігінен туған әділетсіздік себеп болғаны айқын ғой.

Ырыққа бағынбай бара жатқан бағаны реттеу, салық төлемейтін шонжарларға заңды мойындату, ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген ірі байларға халық қорына ақша аударту, батыс өңіріндегі кенжелеп қалған кәсіпкерлікті дамытуға еселеп қаржы бөлу сияқты бастамалардың бірқатарын іске асыру басталып та кеткені ертеңгі жарқын күнге деген үмітті үкілеп отыр.

Сонымен бірге, елде бес шетелдік жоғары оқу орнының бөлімдерін ашу, жастарды техникалық мамандықтарға оқытуға басымдық беру сияқты жоспарларды іске асыру да өзіміздегі өндіріс орындарына керекті мамандардың көбеюіне және жаңа кәсіпорындардың ашылуына жолашары сөзсіз.

Мамандар демекші, біздің мұнай өндірісіміздегі жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың жергілікті мамандарды жұмысқа қабылдауды барған сайын қиындап барады. Соған үкімет жағынан ықпал жасалып отырылуы тиіс. Атырау мен Маңғыстау далаларындағы әр мұнай бұрғылау жұмыс орнындағы қарапайым жұмысшылардың жұмыс киімдерінен бастап, оларды тасушы көліктерге дейін барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етілуі қадағалануы тиіс.

Бүгінгі індеттің өршіп тұрған уақытында шалғай даладағы жұмыс басында ауырған жұмысшылардың дер кезінде емханаға жетуі еш қиындық туғызбауы керек. Сондай-ақ жұмыс орындарындағы жағдайдың талапқа сай болуы да – маңызды мәселенің бірі.

Еліміздегі қуат өндірісі саласында жұмыс істейтін мыңдаған жұмыс­кердің бірі ретінде айтарым, кез келген саладағы еңбек бағалануы және ескерілуі тиіс.

Президентіміз ұстанған бағыт өзінің оң нәтижесін көрсетер деп нық сенеміз.        

Бекділдә ҚОЖАХМЕТ,

«Астана-Энергия» АҚ

жетекші инженер-конструкторы

 

Тағыда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button