Басты ақпарат

Баритон баһадүрі

«Астана Опера» солистері, хоры және симфониялық оркестрі КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевтың 95 жылдығына арналған гала-опера ұсынды. Аңызға айналған әнші орындаған туындылардан құралған бағдарламаға ұлттық және әлемдік опералардан ариялар, романстар мен аспаптық шығармалар енді.

[smartslider3 slider=1594]

Ермек Серкебаевтың есімі шетелде де ерекше танымал. Керемет дауыс пен тамаша әртістік қабілет иесі «Баритондар королі» деген атаққа ие. Кезінде Муслим Магомаев оны «Кеңес Одағындағы үздік Фигаро» деп атаған еді, себебі осы партиямен Ермек Серкебаев тұтас КСРО мен Еуропа елдерінде өнер көрсетіп, дүйім жұртты тәнті еткен болатын. Опералық, камералық, сонымен қатар эстрадалық репертуарымен әнші дүние жүзі бойынша талай гастрольдік сапарларға шықты, отандық киноның Алтын қорына енген «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдерінде есте қаларлық рөлдерді сомдап, кинематографта жарқын із қалдырды.

Гала-опера Ермек Серкебаев туралы бейнефильм көрсетілімінен басталды, кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» симфония­лық оркестрі А.Серкебаевтың «Томирис» операсынан «Қасқыр» күйін орындады.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Медет Чотабаев, Азамат Жылтыр­көзов, Мейір Байнеш, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Маргарита Дворецкая, керемет солистер Татьяна Вицинская, Евгений Чайников, Гүлдана ­Алдадосова, Расул Жармағамбетов, Шыңғыс Расылхан, Рамзат Балакишиев, Саян Исин, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен «Астана Опера» хорының орындауындағы ең үздік опералық және аспаптық шығармалар шырқалды.

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Дж.Вердидің «Аттила», П.Чайковскийдің «Иоланта», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операларынан ариялар, Дж.Вердидің «Дон Карлос», «Аида» және Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операларынан дуэттер, Дж.Пучиннидің «Тоска» операсынан хор нөмірі болды.

Мазмұнды бағдарлама «Астана Опера» театрының барлық солис­тері, хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильмінен А.Зацепиннің «Надо мной небо синее» туындысымен аяқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button