Басты ақпаратЕлорда тынысы

Барша түркінің басы біріккен күн

8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанның астанасында 89 елден келген 2500-ге жуық спортшы, әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің басын қосқан V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары дүркіреп өтті. Көшпенділердің дара дәстүрі мен өзгеше спорттық ойындарының кереметін көрсетіп, даңқын асырған бұл әлемдік бәсекеде спортшылар 21 спорт түрі бойынша 97 медальді сарапқа салды. Қазақстан құрамасынан 260-тан аса спортшы қатысып, медаль саны жағынан еліміз көш бастады. Апта бойы Арқа төсін дүбірлеткен жарысқа 100 мыңнан артық турист келді. Тұтас түркі жұртының бірлігін күшейтіп, берекесін бекемдеген берекелі жарыс 13 қыркүйек түстен кейін сәтімен жабылды. Әлемдік доданың келесі кезегі 2026 жылы Қырғызстанда өтеді.

Қыран баптап, күлік мінген, тұтас түркіні біріктірген ұлы дүбір – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Сақтан жалғасқан салтымыз да, Ғұннан жалғасқан ғұрпымыз да көрініс тауып, ұлтымызды асқақтатып, рухымызды аспандатқан бұл жарыстың таңдай қағып таңданатын, маңдай басып арланатын тұстары да, сүйін­шілейтін қуанышты, әттеген-ай дегізген өкінішті сәттері де көп болды.

Этноауыл кереметі

Айтулы доданың ашылу салтанатында сахналанған көк түркіден көк туға дейінгі қойылған көрініс көрермендер мен ойын жанкүйерлерінің рухын серпілтіп, қанын желпінтіп алды. Ең әуелі азамат пен қазанаттың қажырын сынап, қадірін арттыратын «Ұлы дала жорығы» халық­аралық бәйге-марафоны басталып, нәтижесінде 5000 жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен «Ботай» қонысынан тізгін босатқан жорық Астанаға келіп ат басын тіреді. Алғашында айыр қалпақты ағайындардың аты оза шапқанмен, соңында нағыз қазанат анықталып, 500 шақырымды 5 күнде басып өтіп, мәреге бірінші болып Кабардин-Балкар командасы (уақыт: 27:58:23) жетті. Көрермендердің көзайымына айналған «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер әлемі» атты этноауыл болды. Онда еліміздің 20 өңірінен арнайы киіз үй тігіліп, ортасына тайқазан қойылды. Этноауылдың басты нышаны да сол. Оған Қазақстанның 20 өңірінен арнайы әкелінген киелі су құйылған. Бұл – береке мен бірліктің белгісі. Сондай-ақ көшпенділер мәдениетімен көмкерілген қазақ ауылында салт-дәстүріміз дәріптелетін арнайы алаңдар құрылған. Ежелгі батырларымыздың бейнесін сомдаған әртістер де сонда жүрді. Одан бөлек, 3200 өнерпаз күнделікті мәдени бағдарламаларын ұсынды. Келушілер айтыс тамашалап, көшпелі өркениеттер мұражайын алаңсыз аралады. Ол жерге Қазақстанның әр облысынан келген қатысушылар сол облыстың көрінісін бейнелеп беретін дүниелерді алып келді. Мысалы, Алматы облысы алып келген киіз үйдің ішінде Жамбыл жыраудың, Дінмұхамед Қонаевтың және Мұқағали Мақатаевтың, сонымен қатар Бердібек Соқпақбаевтың шағын мұражайын алып келіпті. Олардың рөлін сомдаған актерлер күні бойы орнынан тапжылмай, тарихи тұлғалардың жанды бейнесін халыққа көрсету арқылы рухани ләззат сыйлады. Бұдан бөлек, этноауылда түрлі қолөнер жәрмеңкесі жайылып, қазақтың сан ғасыр бойы қалыптастыр­ған мәдениетінің көрінісін жан-жақты ашып беруге тырысты. Тазысын ерткен сері де, бүркітін көтерген саятшы да, сом темірді нандай илеген ұста да, сөз ұстаған ақындар мен бөз ұстаған саудагер де сол этноауылда болды.

Жамбы атуда жарғандар, аударыспақта алғандар

Ең алғашқы ойын жамбы атудан басталды. 27 мемлекеттен 78 спортшы 8 қыркүйекте «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда бәсекеге түсті. Сайыпқырандардың сапында еліміздің намысын Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тулыбеков қорғады. Мергендер садақ ату жарысының 4 стилі бойынша (корей, түрік, венгр, қазақ стильдері) бағын сынап, бірінші болып ұзындығы 100 метр, ені 3 метрді құрайтын жарыс алаңында атойлап алға шығып, жамбы ату спортының мажар стилінен жалпы көшпенділер ойындары бойынша француз мергені Raphael Malet алғашқы алтынды еншіледі. Ал күміс жүлдені Моңғолиядан келген Altankhuyag Nergui алды. Қола медальді Франция елінен келген Gaëtan Blot ұтып кетті. Екінші күні қазақтың ұлттық ойыны, көшпенділердің ең қаны қызатын көкпар басталды. Оған 9 мемлекеттен 104 спортшы қатысты. Шаңы мен шабандозы араласқан алаңда Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия, АҚШ, Ресей командалары өзара бақ сынады.

Алғашқы ойынды Қазақстан ұлттық құрамасы мен Өзбекстан көкпаршылары бастап беріп, нәтижесінде біздің ұлттық құрама 16:0 есебімен Өзбекстан көкпаршыларын айқын басымдықпен жеңді. Одан кейін Ресей спортшылары мен Қытай спортшылары өзара серке сілкілесіп, нәтижесінде 4:1 есебімен Ресей спортшыларының бағы басым түсті. Ал екінші ойында Қырғызстан мен Моңғолия түсіп, 16:0 есебімен айыр қалпақты ағайынның бәсі басым түсті. Түркия командасы болса АҚШ ойыншыларын 2:1 есебімен есеңгіретті. Осы кезде «Арғымақ» ат спорты кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарыс басталды. Оған 33 мемлекеттен 183 спортшы қатысты. Жарыс 3 түрлі нысана: пута нысанасы 70/60 метр (9 оқтан 7 мүмкіндік), қалқан нысанасы 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік), жамбы нысанасы 30 метр (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс (30 метр) бойынша өтті. Адырнасын кере тартып, жебесін ала өгіздей мөңіреткен спортшылар бір-бірінен қалыспай, алдыңғы оғын артқы оғы қуып жетіп, қиян-кескі жарысқа түсіп, нәтижесінде ерлер арасында алтын Мажарстанның мергені Кочжка Ласзлоға, күміс отандасымыз Ербол Тапеновке, қола Қанат Қасымханға бұйырды. Әйелдер арасында алтынды индонезиялық Рено Сури еншілесе, күмісті Ресей, қоланы Қырғызстан мергені еншіледі. Дәл осы күні жамбы атудың түркі стилінен де сайыс өтіп, оған 27 елден 78 спортшы қатысып, алтыны мен қоласы өзіміздің елде қалды. Алтынды Айкөз Ералхан, қоланы Айтбек Сарыбай ұтып алды. Бұл жамбы атудың қай түрі болса да оңай болған жоқ. Алайда жамбы ату спортының Азия стилінен жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Бұдан бөлек, дәл осы күні көкбөрі, аударыспақ, күрәш, дәстүрлі садақ ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, асық және тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Ал ең тартысты да қызықты ойынның түрі аударыспақ болды. Аты мен заты сәйкес келген жігіттер алаңға ат ойнатып шығып, 90, 100 және 100+ келі салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Бір-біріне есе жібергісі келмеген жігіттер қолы қарысқанша, аты болдырғанша айқасып бақты. Нәтижесінде 90 келі салмақта қарсыласын атынан аударып алтын алған қырғыз жігіті ­Ислам Бердібекұлы болса, 100 келі салмақта ел абыройын Сырым Ізбасаров алтынмен асқақтатса, 100 келіден жоғары салмақта да біздің елдің жігіттері басым түсіп, алтын Біржан Қосалиевтің қанжығасында қалды.

Күш атасын танымас

Ең тартысты өткен спорттың бірі – алыптар айқасы. Онда толағайлар салмағы 100 келі тасты көтеріп, жылдамдықпен бір нүктеден екінші нүктеге жеткізу, сосын салмағы 130 келі болатын бөренені отырып-тұрып көтеру, ауыр найзаны лақтыру және салмағы бір тонна болатын арбаны құмда сүйреу сияқты жарыс түрінен сынға түсті. Жарысқа қатысушыларды көргенде көз алдыңызға кешегі толағайлар мен көлтауысарлар келетіндей. Бәрі де шетінен атан жілікті, бура санды, бұқа мойынды жігіттер. Олардың бойынан нағыз көшпенділердің батыр бейнесі аңғарылады. Ісімен де, күшімен де өзінің мүмкіндігін сынаған пілдей палуандардың арасынан күндей жарқырап алға шыққан да өзіміздің елдің азаматтары болды. Олар найза лақтырудан да, тас көтеруден де қарсыластарын шақ келтірмеді. Құмның үстінен елдер қозғалта алмаған арбаны сүйреп алтын алған Азамат Мақұлбеков қазақтың қара күшін әлемге паш етті. Қазақ палуаны ұлтымыз­дың мықтылығын танытса, қала әкімдігі шетелдіктерге 100 келіден аса бауырсақ таратып, қазақтың қонақжайлығын танытып жатты. Ал 20 өңірдің тігіншілері 400-ден астам құрақ көрпе тігіп, Гиннесстің рекордын жаңартты.

Этноауылды аралап, қазақ­тың ежелгі тұрмыс-салтымен танысқан қалың көрермен бір кезде Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қырғыз күресі алышты тамашалауға беттеді. Аталған күрес ерлер мен әйелдер арасында 6 түрлі салмақ дәрежесі бойынша өтті. Оған әлемнің 35 елінен 12 салмақ категориясында келген 192 спортшының арасынан ең мықтылар анықталып, алтын Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Иран спортшыларының қоржынында кетті. Сонымен қатар бес асық, арқан тартыс, тоғызқұмалақ сияқты ойындар да бір уақытта әртүрлі жерде өтіп жатты.

Көкпарда – қазақ, көкбөріде – қырғыз

Қызықтың көкесі жарыс­тың бесінші күні болды. Онда көкпардан финалдық жарыс болып, түстен бұрын жарыс Ресей мен Түркия құрамасының үшінші орынға таласуымен басталды. Нәтижесінде Ресей спортшылары 8:2 есебімен басым түсіп, жүлдеге ие болды. Ал финалда ең мықты екі команда: Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қырғызстан командасы өзара бақ сынасты. Аттың жалы, түйенің қомында өскен екі ұлттың өкілдері алаңға шыққанда, көрермендер де бірі қызыл жалау, бірі көк жалау көтеріп, айғай-шуға басып, ұрандап, екі жаққа да тең дәрежеде қолдау білдіріп тұрды. Кенет серке сілкілес­кен топтың қызуы одан әрі қыза түсіп, екі аю айқасқандай, екі арлан шайқасқандай күйге бөлеп, жанкүйерлердің делебесін қоздырып, бірінші таймда 3:1 есебімен жеңіліп тұрған қазақтар екінші таймда 4:3 есебімен жеңіп тұрған, соңғы секундтарда қырғыз­дар бір салыммен 4:4 қылып есепті теңестірді. Осы кезде жеңімпазды анықтау үшін көкпаршыларға қосымша 10 минут уақыт берілді. Жігіттің намысы, аттың шабысы сыналатын нағыз шешуші кезең осы кезде басталды. Үйір топтың ішінен ұйтқып соққан борандай көкпарды жұлып алып тақымға басып, күрең қасқа тұлпармен тура тартып келіп, қазақ көкпаршысы Құрбанбек Тұрғанбек алтын салымды салды. Сөйтіп 5:4 есебімен қазақтар қырғыз­дарды қапы қалдырды. Алайда жеңілісті мойындамаған біздің қырғыз бауырларымыз біраз даурығып, арты дауға ұласып барып басылды. Әрине, көкпар сондай болмаса, несі көкпар?! Алаңдағы дау анттасқан екі елдің арасына жік, көңіліне дық түсіре алмасы анық. Осы кезде этноауылда теңге ілуден өткен жарыста Бекнұр Серіков бес белес сайысынан, ал Рахат Қамбаров қос құлаш сайысынан алтын жүлде алып, мерейімізді тасытып жатты. Сондай-ақ құсбегіліктен іріктеу және жартылай финалдық жарыс өтіп, қазақтың аспандағы құстың өзін қолға үйретудегі шеберлігі сынға түсіп жатты.

Дәстүрлі садақ атудан командалық сайыста Қазақстан құрамасы Австралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, біздің садақшылар көшпенділер ойындарын бір алтын, екі күміс, бес қола жүлдемен аяқтаса, татар халқының көне ұлттық белбеу күресі күрәштан ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша өткен жарыстың 90 келі салмақ бойынша алтынын Біржан Шаймерденов жеңіп алды. Сонымен қатар түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарысқа түскен ел спортшылары 3 бірдей күміс жүлдеге ие болды. Олар: Ернұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Айдос Ғалымов (90 келі). Сондай-ақ Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден өткен жарыста Әсел Далиева алтын жүлде, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленіп, қуанышымызды еселей түсті. Бұл кезде теңге ілу мен қыз­қуардан жа­рыстар қызып жатты. Ақырында теңге ілуден алтын жүлде Бақыт Төлтайға бұйырды.

Бабы келген ат алды, бағы жанған құс алды

Жарыстың алтыншы күні ел назары ат бәйгесіне ауды. Бабы мен бағы қатар шап­қан арғымақтардың ішінде қашықтығы 25 шақырымды құрайтын аламан бәйгенің алды боп Алматы облысы Балқаш ауданының аты «Айқабақ» келді. Оған құйысқан тістесіп келген жүйрік – «Жұмыртұяқ». Ал мәре сызығын үшінші болып қырғызстандық «Қара қыз» деген жүйрік кесіп өтті. Топ бәйгеден бірінші болып «Холибой» есімді ат келсе, құнан бәйгеде Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінен 15-тей құнан бақ сынап, 11 шақырымға созылған дүбірлі додада қазақстандық тұлпар «Қамысқұлақ» алдына қара салмады. Ұшқыр бәйгеден 3200 метр жарыс жолына шыққан дөненнен жоғары жастағы (4 жасар және одан жоғары) аттардың арасында жүйріктер анықталып, барлығы 7 сәйгүлік арасында алғашқы үштікті тағы да Қазақстан жүйріктері ұтса, 2400 метрлік аралықта шапқан 5 дөненнің (3 жасқа дейінгі) арасында жарысқа жіберілген желтұяқтардың алғашқы үштігі тағы да Қазақстан жүйріктері болды. Ұшқыр бәйгеден 1600 метрлік тызетпеде мәре сызығын әйгілі Кабирханның иесі Тілек Мұханбетқалиевтің «Шағала» атты жүйрігі бірінші болып кесті. Ит жүгіртіп, құс салған қазақтың жерінде құсбегілік сайысы болмай қалса, ол да бір сын болар еді. 13 қыркүйек күні саятшылар жарысы да қызу түрде өтті. Оған әлемнің әр жерінен 18 бүркіт, 12 сұңқар, 12 қаршыға әкелінген. Арасында елімізден 9 құсбегі бар. Нәтижесінде құсбегіліктен өткен жарыстың «Бүркіт салу» санатындағы жеңімпазына автокөлік кілті табысталды. Осылайша, құсбегіліктен екі күн қатарынан өткен жарыста ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль иеленді.

6 күнге созылған жарыс алты алаштың баласын думанға бөлеп, әлем халықтарына кешегі қолына қылыш алатын көш­пенділердің, бүгін спорттан алтын мен күміс алатын ұрпақтары өскенін бір дәлелдеп, жарысты қорытындылады.

Ел мен елдің бірлігіне, тұтас түркі жұртының, қала берді барлық көшпенді халықтардың басын біріктіріп, тасын өрге домалатуға қызмет ететін бірегей спорт жарысы деуге болады. Әрі осы апта өткен мәдени-спорттық іс-шаралар ата-бабаларымыздың кім бол­ғанын, өзіміздің кім екенімізді айнадан көрсеткендей сезімге бөлеп, ұлтымыздың рухын, рухымыздың кілтін қолымыз­ға бергендей әсерге бөледі. Сондай-ақ сырттан келген әрбір шетелдік қонақ біздің елдің салтымен танысып, қазақтың ұлттық болмысын танып, жеріміз бен пейіліміздің кеңдігін көріп таңдай қағысты. Азияның ғасырдан-ғасырға жалғасып, соғып тұрған алып жүрегі сияқты осынау Ұлы дала төсіндегі қазақы қара шаңырағымыз – Астанамызды көріп, айрықша риза болып қайтты. Ел мен елдің мәдениеті алмаса берсін, Ұлы даламызда бейбітшілік пен тыныштығымыздың тойы жалғаса берсін әманда!

  Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button