Басты ақпарат

Барысқа бажайлап қара

Қазақша жыл есебі бойынша жыл басынаурыз әлі келмесе де, әлемдік уақыттың ағынына ілескен жұрт 1 қаңтарды жыл басы ретінде тойлап та үлгерді. Наурызды ұлттық мейрам, жаңа жылды халықаралық мереке деп танитын жұрт ата-бабасынан қалған «Наурыз күні тал егіп, бұлақтың көзін ашу» сынды неше мың жылдық тарихын ұмытса да, 70 жылда үйренген шырша айналып, отшашу жасайтын мәдениеттерін мәңгі ұмытпайтын секілді. Себебі егеменді ел болғанымызға 30 жыл толса да, тәуелсіздік мерекесінде тілін тістеп, наурызда нарау қимылдайтын жұрт шыршаны көргенде шырайлары ашылып сала беретін әдетінен ешқашқан жаңылмайды. Есесіне жыл сайын Аяз атасын қарсы алуға асығып, албарынды болып жүрген жұртты көресің.

[smartslider3 slider=1697]

Бір қызығы, «Барыс жылы бақ әкелсін» деп бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап жатқандардың арасында «Жаңа жылыңмен» деп жолбарыстың фотосын жіберіп жатқандар да бар. Жаңа жыл күні жолбарыстың бас суретін бас бетіне қойған әлеуметтік желілер де болды. Жолбарыс пен барысты айырмай ма, жоқ әлде «Барысың не, жолбарысың не – бәрі бір емес пе?!» дей ме, кім білісін, әйтеуір арқасына 2022 жыл деп жазылған жолбарыстың фотосы әлеуметтік желіде қаптап кетті.

Барыс пен жолбарыстың екеуі де мысық тұқымдас болғанмен, ол екеуін келсе-келмес ауыстырып қолдану қазақ ұғымында қазірге дейін болған емес. Былайша айтқанда, барыс пен жолбарыстың екеуі екі басқа хайуан. Оңтүстік, Шығыс Азия елдерінде (мәселен, қытайларда) «жолбарыс» дейтін мүшел болса да, қазақта «жолбарыс» деген жыл атымен жоқ. Егер біреу «жылым жолбарыс еді» десе, қазақ ұғымында күлкілі жағдай!

Әлемдегі әр халықта жыл қайыру қағидасы болғанмен, 12 мүшелде ұқсамайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, қытайлар сиыр жылынан кейін келетін жылды 虎年 (жолбарыс) деп атаса, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, моңғол, т. б. сияқты халықтар барыс жылы деп атайды. Оның үстіне, қытайлар мен түркілердің мүшелге таласатын түйіні де осы. Қытайлар «Түркілер мекендеген өңірлерде жолбарыс болмаған, сондықтан 12 мүшел бізден шыққан» деген уәж айтса, ал түркілер «Ол жолбарыс емес, барыс, Қытайдың орта жазығында қайдағы барыс?!» деп керісінше өз мәдениетіне бейімдейді.

Қазақ халқы ежелден барыстың тектілігін, батырлығын пір тұтады. Ежелгі сақ ұғымында да барыс айрықша қасиетті саналған. Осы тұрғыдан алғанда, біздің барыс жылы деп бағамдауымыздың өзі бағзы заманнан келе жатқан рухани жалғастық екені сөзсіз. Енді оны орта жолдан жолбарысқа бұрып жіберсек, кейінгі ұрпақ «Қазақ барысты да, жолбарысты да мүшел жылы деп танитын болды ғой» деуі немесе «Халқымыз барыс пен жолбарысты айыра алмаған ба?» деп кінә тағуы да әбден мүмкін ғой. Екінші тұрғыдан алғанда, барыс ұлтымыздың менталитетіне өте жақын. Өзін «Орталық Азияның барысымыз» деп санайтын Қазақстанның барлық ескерткіш белгілерге барыстың белгісін салатыны да соның бір айғағы.

«Барыс – мысық тұқымдастар класына жататын жыртқыш аң. Дене тұрқы – 125-135 сантиметр, салмағы – 30-40 килограмм шамасында. Түсі көк сұры, теңбіл шұбар, сақина тәрізді дөңгелек қара дақтары бар, жүні ұзын әрі қалың. Басын мәңгі қар басып жататын құз-қияларда жасайды» деп түсіндіреді қазақ ұлттық энциклопедиясы (2-том, 159-бет). Қатысты мәліметтерге қарағанда, қазір жер бетінен барыс тұқымы да жойылуға таяған. Толықсыз санақтарға негізделгенде жасыл шардағы барыстың саны 4000-ға жетпейді-мыс. Оның үстіне, қарлы таудың басында жүретін ерекше сезгір хайуан – барысты кескінге түсіріп, суретке алғандар да санаулы! Сосын да шығар, көп адам барысты біле бермейді. Тіпті, дүниедегі көптеген «Хайуанаттар бақшасында» да «байлаулы» тұрған барыс жоқ. Ал жолбарыс туралы бұл арада арнайы түсінік бермесек те жеткілікті. Өйткені хайуанаттар әлемін экраннан күнде көріп жүрген қазіргі көрермендер арыстан мен жолбарысты жыға таниды.

Барыс демекші, Қазақстанда «қар барысы» деген бір бұралқы атау бар. Бұл атау ауыз екі тілде ғана емес, басылым беттерінде де өріп жүр. Қазақта «қар барысы», «шөл барысы» деген атау жоқ екенін естеріне кіріп шықпайды, «Қар барысы» деп ұра береді. Бұл жөнінде танымал жазушы Мұхтар Мағауин «Бұл – «снежный барс»-тың тікелей аудармасы. Орыстың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүкіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жыртқыш аңның қазақша атауы – «ірбіс». Күні кешеге дейін осылай жазылып келді, тіл білместердің соңғы төрт-бес жылда жеткен табысы» деп жазады. Бұл барыстың екінші атауы екені рас. Бірақ бұл ірбіс емес, ілбіс болуға тиіс. Өйткені көп өңірлерде ілбіс сөзі әлі күнге дейін қолданылады. Орта ғасырларда патшалар мен корольдер «ілбіс тон» кигені тарихтан мәлім. Ілбіс тон қасиет саналған, әулиеліктің, монархтық киелі биліктің белгісі деп қабылданған. Бұл арадағы ілбіс тон деп тұрғаны – дәл осы барыстың терісінен тігілген қымбат киім. Сөздің реті келіп тұрған соң айта кетейік, қазақ барыстың ұрғашысын «таутан» деп атаса, күшігін «алан» деп атаған. «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке», «Алма апаннан аланды, таутан ұрар балаңды» деген тұрақты тіркестер – соның айғағы.

12 мүшелдік жыл қайыру – тамыры тереңде жатқан күрделі категория. «Ол 12 жылды санаулы жануарлар арқылы таңбалап есептеу ғана емес, қайта оған байырғы орта және шығыс азиялықтардың діни наным-сеніме, астрономиялық, математикалық, календарлық мәдениетіне, т. б. жақтарына қатысты қыруар көмескі информация жасырынған» деп жазады Қытай қазақтарынан шыққан белгілі зерттеуші ғалым Ясин Құмарұлы өзінің «Көшпенділер және 12 мүшелдік жыл қайыру» («Жұңго ұлттары журналы», 2009 жыл, №6) деген мақаласында. Демек, көшпенділер мәдениетінің жанды айғағы болған 12 мүшелдік жыл қайыруға әр ұлттың психикалық мінездемесі, таным-нанымдық көзқарасы да сіңірілген. Халқымыздың «Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы болып саналады. Барыс жылы жазы ыстық, аптапты, қысы аязды жыл болады. Жаз айларында күн көп күркірейді. Қыс ерте түсіп, жай шығады. Ел мен ел арасы қырғи қабаққа ұшырап, қақтығыстар болады. Дегенмен жеміс-жидек мол өнім беріп, егін бітік өседі. Бұл жылы ерекше ержүрек батыр сәбилер дүниеге келеді» деп межелеуі де тегін болмаса керек. Тарихтан алып қарағанда, қазақ ұғымында барыс жылы тым жаман жыл болмаған. Дегенмен үлкен өзгерістердің дені осы барыс жылынан бастау алған. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі де барыс жылының соңында болғанын ескерсек, барыс жылын қазақ тәуелсіздігінің басы деп атасақ та артық болмайтын секілді. «Барыс жылы барыңды ек, тым құрыса тарыңды ек» деп түйіндеген халқымыз барыс жылы егін бітік өсіп, астықтың түсімі мол болады деп қарайды. Лайым, барыс жылы даламыз дәнге, қорамыз малға толсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button