Жаңалықтар

«Бас басылым» кітабы жарық көрді

DETAIL_PICTURE__37108995

Тоқсан беске толған ата басылым – «Егемен Қазақстан» туралы «Бас басылым» фотоальбом-кітабы жарық көрді. 

Белгілі қаламгер Әділ Дүйсенбектің 2004 жылы жазған «Қара шаңырақ», атақты журналист Жанболат Әлиханұлы 2009 жылы шығарған «Егемен­қазақ­стандықтар», тағы басқа кітаптардың қатарын толықтырған бұл топтама басылымның 95 жылдық мерейтойына орай шығарылып отыр.
«Жаңа өмірдің соны сүрлеуіне түскен халықтың соқтықпалы-соқпақты, тайғақ кешулі жолының, жетпіс жылдайғы социа­листік дәуірдің, ширек ғасырдайғы тәуелсіздік кезеңінің шежіресі жарқырап жатыр бұл газеттің сарғайған беттерінде. Оның тігін­ділерінен ғасырға жуық уақыттың ішінде сөз алған жүз-жүз мың­даған адамдардың дауысы күңгірлеп естіліп тұрғандай». «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов кітаптың «Ұлы жолдың бір белесі» деп айдарланған алғысөзінде осылай дейді. Расында да, бұл газеттің архивтегі тігінділерінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсіреповтердің жүрегінің соғысы, ниеті мен тілегі, күмбірлеген үні – қолтаңбасы бар. Өзіміз қадір тұ­татын ағаларымыз – тәуелді заманның өзінде тәуелсіздіктің қамын жеп, арман-мақсатының, ұлттық мүдде тұрғысындағы ұстанымының ұшқынын танытып қалып отырған Шерхан Мұртаза, кемелділігі мен тереңдігін паш етіп, оқырман өресін өсіруді мұрат еткен Әбіш Кекілбаев, ұлттың адал ұлдары Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанұлы, Ержұман Смайыл
сынды қаламгерлердің редакторлық бет-бейнесі де осында көрініс тапқан.
1919 жылы «Ұшқын» деген атпен жарық көріп, күні бүгінге дейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деген атаулармен шыққан бұл газеттің тарихы – соңғы 95 жылдағы Қазақстан, қазақ тарихының шежіресі деу­ге болады. Сол себепті, «Бас басылым» кітабының да шежіре кітап аталуы заңды.
Кітапқа газет тарихына қатысты сирек суреттер, қызықты деректер, осы басылымда қызмет етіп, оның өсуіне өз үлесін қосқан қаламгерлердің естеліктері еніпті.
Алмазды жонған сайын жарқырай түсетіні, кемеңгер қарияның жасы ұлғайған сайын сөзі алтынданып, ақылы қазынаға айналатыны секілді, ғасырға жуық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті де қазақ қоғамының құндылықтары қатарына еніпті.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button