Басты ақпаратРуханият

Бас газетті бас қалаға бастап келген

Елорда тарихында 1998 жыл ел астанасы атауының өзгеруімен есте қалды. Осы жылдың 6 мамырындағы Жарлықпен Ақмола Астана болып өзгерді. 1992 жылы 6 шілдеде бұл шаһар Целиноград атауынан құтылып, ежелгі есіммен қайта қауышқан болатын. Сонымен Есіл бойындағы ерке қала елордамыз – Астана. Жаңа атауға ие болған жаңа астананың халық­аралық тұсаукесері де сол жылы жадыраған жазда, 10 маусым күні өтті. Яғни ежелгі ­Ақмола – жаңа Астана әлем жұртшылығы ­алдында жаңа ­статусын белгіледі.

1998 жылдың күзінде аса ­жауапты саяси науқан – Президент сайлауы қарсаңында министр Алтынбек Сәрсенбайұлының бұйрығымен Ержұман Смайыл ел газеті – «Егемен Қазақстанның» тізгінін ұстады. Мен бұл кезде министр тапсырмасымен Астанадағы филиал жұмысын үйлестіру, редакция ғимаратын даярлау мәселесімен бел шеше айналысу үшін жаңа астанаға қоныс аударып жұмыс жүргізіп жатқан болатынмын. Ераға бас редактор міндетіне кіріскен күні мен оның бірінші орынбасары, ал «Астана ақшамы» газетінде басшылық қызмет атқарып жүрген елге белгілі журналист Жанболат Аупбаев бас редактордың орынбасары болып тағайындалды.

Ұзақ жылдар бойы бірінші орынбасар қызметін абыроймен атқарған тәжірибелі маманның бас басылым басшылығына келуін жұртшылық пен журналистік орта «ерен еңбегінің бағаланғаны» деп дұрыс қабылдады. Ерағамды ұстазым дейміз, ол кісі бізді үшінші курста жүргенімізде журфактан шығарма жазғызып таңдап алған еді. Журфакты үздік бітіріп, қызметін оқытушылықтан бастаған Ерағаң ол кезде «Лениншіл жаста» бірінші орынбасар болатын. Сол замандағы Сейдағаң жетекшілік ететін «Лениншіл жас» қасаң да тұйық қоғамға жылылық дарытып, қазақ рухына өлмес нұр себелеп тұрған ұлт үшін аса қымбат басылым еді. Кейін сол өзі таңдаған топтағы он шақты қыз-жігіттен Нұртөре Жүсіп, Бейбіт Сапаралы үшеуміз ғана қалдық. Жазғы демалысты №5 жатақханада газет жамылып түнеп жүріп «Лениншіл жаста» өткізетінбіз. Тіпті бір айдай Нұртөре екеуміз корректор болған жағдайымыз да бар. Ерағаң үнемі тың тақырыптар ұсынып, мақалаларымыз шығып, кейде мақталып жататын. Ераға қанша күш салса да, үш жыл ­бауыр басқан редакцияға жұмысқа тұра алмай Нұртөре екеуміз де өңірлерге кеттік. 1984 жылы журфакты бітірген соң жолдамамен оңтүстік өңірге бардым. 1990 жылы Шерағаның бұйрығымен «СҚ»-ның оңтүстіктегі меншікті тілшісі қызметіне кіріскенімізде, Ерағаң осында бөлім меңгерушісі екен. Сонда алты жылдай елге кетіп хабар үзгенім болмаса, журналистикадағы саналы ғұмырым Ерағаңның жанында өтіпті.

Ерағаңның жүзі сұсты, қатал көрінгенімен, әрбір қызметкерге де, газетке шығатын әр сөйлемге де өте талапшыл болғанымен, жүрегі жұмсақ. Техникалық қызметкерлер Ақмоладан да табылады, көшке қосып қайтеміз деген басшылық тарапынан айтылған ұсынысты қабыл алмай, машинистка-оператор, корректор қыздардың бәрін елордаға бастап келді. Көшіп келген барша қызметкерлермен бірге олар да пәтер алды, іле-шала тұрмысқа шықты, үйлі-баранды болды, өз бақытын жаңа елордадан тапты. Бұған тікелей себепкер болған – Ерағаң. Олар үшін Ерағаң әкесінен де абыройлы. Жылы орыннан, тау бөктерінен кейін құла түздегі ызғарлы Астанаға бауыр баса алмай, көңілі құлазып, жүрегі мұздап орта таба алмай, достан, ағайыннан алыста қалып, сырахана жағалап кеткен журналистерге де кешіріммен қарады, қатаң жазалай берсе олардың тағдыры бұзылар еді. Жалпы ол кісі обал мен сауап дегенге ерекше мән беретін.

Жүрегі жылы Ерағаңның батылдығы, тәуекелшілділігі, бірбеткейлігі, ұлтжандылығы бас редактор кезінде байқалды, үнемі орынбасар болып жүрген соң басшымды арандатпайын деп өзін тұсаулап, шідерлеп келген бе деп ойлаймын. Жазам деген журналистке еркіндік берді, қорғады, бағалады, ай сайынғы «етжеңдіні» орынбасарларына кезекпен шығартып, тақырыптарға өзі араласпайтын, жұмсартпайтын. Ержұман Смайыл тізгінін ұстаған кезде бас басылым – «Егемен Қазақстан» әр сенбі сайын кіші форматпен еркіндеу, өткір ұлт мәселесін қозғап шығып жүрді.

1999-2000 жылдары Ерағаңның жанында жүріп Жанболат Аупбаев екеуміз кезектесе отырып осындай ұлт үшін қажет, келелі, өткір тақырыптарды көтеруге үлес қосқанымды үлкен бір мектеп санаймын. Министр Алтынбек Сәрсенбайұлы тұсында ­Ержұман Смайылдың ерекше еркін, батыл редакторлық қолтаңбасы ғалымдар тарапынан зерттеліп, өзінің әділ бағасын алады деген сенімдемін. Редактор қандай болса, газет сондай. Басылымның бағыт-бағдары, тақырыбы, ұстанымы бас редактордың бітім-болмысын айқын көрсетеді. Оқырманнан, халықтан ештеңе жасыра алмайсың. Ертелі-кеш бағасын береді.

Сонымен ұлы көш Арқаға жол тартқан 1998 жылы біздің министрл­ік алғашқылар қатарында Арқа төсіне қоныс аударып, Бейбітшілік көшесіндегі бұрынғы саяси ағарту үйінің келісті ғимаратын иеленіп үлгерген болатын. Сондықтан да бас газеттің жаңа басшылығының міндеті Алатау баурайына жарты ғасырдан астам бауыр басқан үлкен ұжымды жаңа астанаға – Есіл жағасына көшіру болатын. Бұл өзі редакцияда ғана емес, ел ішінде жылы орнымызды суытып, әсем Алматыны тастап, қақаған суық жел өтіндегі ағашы жоқ жалаңаш шағын шаһарға қоныс аударудың не қажеті бар еді экономикалық дағдарыс кезеңінде деген әңгіме-пікірдің өріс алып тұрған кезеңі еді. «Өлетін бала молаға қарай (Ақмола) жүгіреді» деген қанатты сөз де шыққан осы кезде. Арқаға жол тартқан ұлы көштің идеологиялық кураторының бірі – министр А.Сәрсенбайұлы ұжымымен Ақмолада отырған соң осы сала мекемелері де көшу жоспарын жасай бастады. Алды қозғалды. Жарық көргеніне 80 жыл толған, соның 70 жылын Алатау баурайында өткерген қара шаңырақ ұжымды тау етегінде туған Ержұман Смайыл бастап Сарыарқаға жол тартты. 1999 жылдың 19 ақпанында әріптес­тер мен зиялы қауым өкілдері бас басылым ұжымын ІІ Алматы вокзалында қимай шығарып салды. Қар жоқ, ызғар білінбейді. Ертеңіне, яғни 20 ақпан күні басылымның ардагер қызметкері Шерхан Мұртаза бастаған ұжымды Ақмола вокзалында жұртшылық салтанатты рәсіммен қарсы алды. Арқаның аязы буып тұрған болатын. Халық ақыны Қонысбай Әбілов домбырасымен арнау айтты. Ақпанның аязында кім көсіле қойсын, әкімдік пен зиялы қауым өкілдері қоныс құтты болсын деген тілекті қысқаша қайырды. Жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы апай редакцияның жаңа ғимаратына кіргенде шашу шашты. Бұл екіқабатты ескі ғимаратты Ақмола облысының Целиноград ауданы әкімдігі бас газет ұжымына босатып берді. Содан жөндеу жүргізіп, сырлап-­әрлеп қоныстандық. Ломоносов көшесіндегі №45 үй жаңа, құтты мекенжайымызға айналды. Ескі орталықтағы осы ғимаратқа қол жеткізгенімізге басылым басшысы болған Уәлихан Қалижанұлы зор еңбек сіңіргенін атап айту керек.

«О, қадірлі Астана! Бұл газет сенің табалдырығыңды аттағалы тұрғанда жасы сексенге аяқ басты. Төріңе шығар қадірменді қарияңды! Бәлкім, онымен бірге қойныңа Қыдыр қонған шығар. Құрметте оны» деген еді Ерағамен бірге «Егеменнің» көшін елордаға бастап келген қайран Шераға.

Газет Арқа төсіне орнықты, бауыр басты, тамырын тереңдетті, құлашын кеңге жайды. Кейіннен ескі ғимарат сырылып, орнына 8 қабатты ғимарат пен жапсарласа екі жатақхана салынды. Үлкен ұжым осы ескі барактар қоныс­танған аймақтың өркендеуіне де өзіндік үлес қоса бастады. Кейіннен Ломоносов көшесі «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Осының бәрінде Ерағаңның қолтаңбасы бар.

Өкінішке қарай, ұзақ жылғы орынбасарлық қызметінде Ерағаң көп көзге түскен жоқ, газеттің қара жұмысын нардай өзі көтеріп, үйлестіруші, тіпті макетші, тех. редактор, аудармашы міндеттерін де өзі қосып атқарып іңірге дейін жүретін, бар уақыты мен денсаулығын сарп етті, әрі субординация шеңберінен шығуды да жөн көрмеген сияқты. Қарапайымдылығы ғой, жетпіс жылдығында «Астана ақшамы» сұхбат алғанда, редакторлық кезеңін емес, өзінің басшыларын көтермелеп әңгіме етіпті.

Басшылар дегеннен шығады, қара шаңырақ басылымдағы 27 жыл ғұмырымда мен де талай басшыға орынбасар болып үлгердім. Әрқайсысы өзінше әлем, әрқилы. Алайда Ерағаң олардың ешқайсысына ұқсамайды, өмірлік ұстанымы мен жұмыс стилі өзіне ғана тән, қайталанбас. Ерағаң осынысымен ерекше.

Бас басылымға бір емес, екі рет басшы болған ерекше қарапайым Ерағаң галстук тағып, үлкен кабинеттерді жағалаған, аға сағалаған, хатшы жұмсаған, қысқасы, билік буына елтіп, одан ләззат алған кісі емес. Үнемі біртоға, бірсыдырғы күйінен өзгерген жоқ. Біршама уақыт қызметтен шеттетіліп, қарапайым жұмыста жүргенде де сыр бермеді.

Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Егемен Қазақстанды» бас редактор және президент (басқарма төрағасы) ретінде басқарған жалғыз тұлға Ержұман Смайыл тоқсаныншы жылдардың соңында өзі туып-өскен көркем Алатауды қимай, ызғарлы Сарыарқаға аяғы баспай, көңілі тартпай отырғанда тағдыр оған бас газеттің тізгінін ұстатты, сөйтіп, көшті өзі бастады. Арқа төсіндегі шаһарға бауыр басты. Жақан тәтей екеуі немерелерін осында өсіріп, тәрбиеледі, тіпті, зейнетке шыққан жеті жыл ішінде де әсем Алатауына қайтуға асыққан жоқ еді. Тағдыр оны осыдан бес жыл бұрын бір-ақ күнде өзі туған тау баурайына жайғастырды.

Еркін ҚЫДЫР,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button