Мәдениет

Бас кейіпкер – Роза Бағланова

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін сахналады. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен премьера әйгілі әншінің 100 жылдық мерейтойына арналды. Спектакльдің қоюшы режиссері – аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин. 

[smartslider3 slider=2583]

Роза Бағланованың өмірбаянынан әнші Ташкентте тоқыма фабрикасында жұмыс істеп жүргенде филармония директоры Кари Якупов қайталанбас дауысын естіп, жұмысқа шақыр­ғаны белгілі. Қазақ бұлбұлы осы өнер ошағының құрамында майданда ән салды. Минометтің жарықшағы көзіне тиіп, жарық күні түнекке айналған кездері де болды. Мюзикл көрермендеріне әншінің өміріндегі осы оқиғалар ұсынылды.

Жалпы спектакльде Бағланова өмірінің 1930-1945 жылдардағы кезеңдері ғана қамтылды. Қойы­лымға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сайлау Қамиев пен Айнұр Бермұхамбетова сынды танымал әртістер тартылды. Алғашқысы Розаның әкесі Тәжібайды бейнелесе, екіншісі анасы Ақкүрішті сомдады.

Мюзикл авторлары оқиға желісін негізінен Роза мен туған бауыры Ыдырыстың қарым-қатынасына құрды. Бауырмалдық, бауырға қамқорлық сияқты адамды тебірентетін сезімдер екеуінің қатысуымен өтетін сценаларда көрінеді.

Роза Бағланова бейнесін «Бұлбұл» телехикаясында әншіні сомдаған Зарина Жәкенова мен Ақмарал Аяшова ойнады. Ал Ыдырыс рөлінде Бақыт Атаев көрінді. Жалпы қойылым барысында сахнада 60-тан астам әртіс өнер көрсетті.

Мюзикл музыкасын Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский жазды. Ал сценарий драматургтер Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Айдын Сахаман, Әннәс Бағдат және Есләм Нұртазиннің қаламынан туды. Мюзикл премьерасын Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар тамашалады. Алдағы уақытта «Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін ел өңірлерінде көрсетіп, қалың көпшілікке ұсынбақ.

Бір атап өтерлігі, өткен демалыстарда «Қазақконцерт» ұйымы Көкшетау қаласында Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Қазақ деген халықтың еркесімін» концертін өткізді. Гастрольдік концерттер Петропавл, Павлодар, Қарағанды өңірлерінде жалғасады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button